Түлектер жолын түйістірген турнир
Жер бетіне шуағын молынан төккен көктем күні еңкейіп, жұмыс уақыты аяқталған шақта, Шәкәрім университетінің қабырғасында әр жылдардың түлектері бас қосты. Бұл жай ғана кездесу емес еді. Бұл – уақытты артқа шегерген, өткеннің естеліктерін қайта жандандырған, түлектерді қайта табыстырған сәт болатын.
Университет қабырғасынан әр жылдары түлеп ұшқан түлектер осы кеште бір алаңға жиналды. Оларды шақырған ресми хат та, міндеттейтін себеп те болған жоқ. Бірақ бәрін жетелеген бір күш – естен кетпес студенттік шақ, ұстаздары және сүйікті оқу ордасы.
Алғашында бұл жай ғана жүздесу сияқты көрінген. Алайда кештің мәні мен маңызы тереңдеп, университетпен байланыс диплом алған соң да үзілмейтіні, керісінше, уақыт өткен сайын жаңа мағынаға ие болатыны анық сезілді.
Волейбол добы зал ішінде еркін қалықтап, әр соққы, әр пас өткен күндердің үнін жеткізгендей болды. Әр команда – бір кезеңнің, бір дәуірдің айнасы іспетті.
Алаңға шыққан командалар да әртүрлі тағдырларды біріктірді:
- Shakarim Smash
- Жаратылыстану және физика ғылымдары
- Ветеринария және ауыл шаруашылығы
- Shakarim Unity
- Ақсуат волейболистері
Бұл командаларда университетпен кеше ғана қоштасқан жастар да, ондаған жыл бұрын түлеп ұшқан аға буын да қатар ойнады. Олардың әрқайсысы өмірдің әр саласында өз жолын тапқан: бірі – ұстаз, бірі – инженер, енді бірі – аграрлық саланың маманы. Бірақ осы кеште олардың ешқайсысының атағы мен қызметі маңызды емес-ті. Барлығы үшін ортақ бір ғана мәртебе: олар – Шәкәрім университетінің түлегі.
Ойын қыза түсті. Әр ұпай тек жеңіс үшін емес, өткен шаққа деген құрмет үшін қосылғандай. Түлектер бір-біріне тек бәсекелес деп қарамай, шынайы қуаныш, достық пен бірлік сезімі қатар өрілді.
Сонымен, тұңғыш рет өткізіліп отырған турнир қорытындысы да шықты.
- Бірінші орын – Shakarim Smash
- Екінші орын – Shakarim Unity
- Үшінші орын – Ветеринария және ауыл шаруашылығы командасы
Ал жеке номинациялар ойынның отын қыздырып, көркін кіргізген жандарға табысталды.
Бұл кештің шынайы құндылығы жеңімпаз болуда емес, оның мәні – студенттік жылдардың қызығын бірге кешкен жандардың қайта табысуында, қарым-қатынастың жаңғыруында.
Іс-шараның басы-қасында жүрген – Shakarim Alumni қауымдастығы. Бұл жай ғана кездесу емес, орта қалыптастырған ойын болды. Формалдылықтан ада, шынайы байланысқа негізделген орта.
Қауымдастық ұйымдастырған бұл іс-шара әр жылдардың түлектерін біріктірді, көптен бері кездеспеген жандарды қайта қауыштырды.
Мұндай кездесулердің мәні терең. Дәл осындай сәттерде сенім қалыптасады, қолдау пайда болады, университет айналасында берік орта түзіледі.
Бұл кеш тағы бір қарапайым ақиқатты дәлелдеді: университет қолға диплом алумен аяқталмайды. Ол – әр түлекпен бірге өмір сүреді, әр жүректе сақталады.
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!
Барлық қатысушыларға алғысымыз шексіз!