Жаңалықтар 30.04.2026 84

Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет

Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет

Шәкәрім университетінде экологиялық жауапкершілік пен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды республикалық эко-сағат өтті. «Суды үнемде – болашақты сақта» тақырыбымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шара еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында ұйымдастырылдырды. Су ресурстарын сақтау мәселесін кеңінен талқылауға арналған басқосуда су саласының мамандары, мемлекеттік орган өкілдері мен университет ұжымы бас қосып, еліміздегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу және жастардың экологиялық санасын арттыру бағытындағы өзекті мәселелерді көтерді.

Атап айтсақ, маңызды іс-шараға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын реттеу, пайдалану комитетінің су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Ертіс бассейндік Су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы, Абай облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сержан Есенаманов т.б. қатысты.

Іс-шараның үйлестірушісі Шәкәрім университеті Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева алдымен қонақтарды таныстырып, бүгінгі басқосудың мақсаты – су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сананы арттыру және суды үнемдеудің маңыздылығын кеңінен насихаттау екенін атап өтті.

Алғашқы сөз кезегін алған университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов оқу орнындағы қоршаған ортаны қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, биылғы жылы талапкерлер үшін 6В05202 – «Су ресурстары және трансшекаралық қауіпсіздік» білім беру бағдарламасының ашылатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде гидроресурстар қауіпсіздігі, суды тиімді пайдалану мен қорғаудың заманауи әдістерін меңгерген маман даярлауға үлкен мүмкіндік екені анық.

«Су — бұл тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар елдің орнықты дамуы мен қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе. Мемлекет басшысы атап өткендей, су ресурстарын тиімді әрі ұқыпты пайдалану еліміздің орнықты дамуының негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан су ресурстары шектеулі мемлекеттер қатарына жатады, сондықтан суды үнемдеу – мемлекет, экономика және әрбір азамат үшін ортақ жауапкершілік»- деді Серікжан Бекетаев. Оның сөзіне сүйенсек, қазір ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Өнеркәсіп саласында да суды тиімді пайдалану мәселесіне көңіл бөлінуде. Жаңа Су кодексінде кәсіпорындарда айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Аталған талапты іске асыру 7 жылға есептелген. -«Бұл 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді»- дейді ол. Сонымен қатар, «Қазгидрогеология» деректері негізінде 711 әлеуетті су көзі анықталса, архивтік материалдар негізінде 2 700-ден астам бұлақтың картасы жасалған.

Ертіс Бассейндік Су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы «Су – тіршіліктің негізі, оны сақтау – ортақ міндет» тақырыбындағы баяндамасында өңірдегі су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол облыста ауыл шаруашылығы саласына су үнемдеу технологияларын енгізу, су көздерін тиімді басқару, айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелерін дамыту мәселелерінің маңызын атап өтті.

Жиын барысында сөз сөйлеген өзге де қатысушылар су ресурстарын сақтау мәселесі әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналуы қажет деген ойларын ортаға салды. «Суды үнемде – болашақты сақта» республикалық эко-сағаты аясындағы бұл кездесу студенттердің экологиялық сауатын арттырып, табиғат байлығына жауапкершілікпен қараудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында аталған бастамаға белсенді қатысып, экологиялық мәдениетті насихаттауға үлес қосқан Шәкәрім университетінің оқытушылары мен білім алушылары Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет
Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет
Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет
Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет
Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет
Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет
Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет
Су ресурстарын сақтау – ортақ міндет

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру