Shakarim University ректоры Думан Орынбековтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған үндеуі
Құрметті оқытушылар, қызметкерлер, студенттер, Shakarim University-дің болашақ талапкерлері, Shakarim College және Shakarim High School білім алушылары, қадірлі ата-аналар!
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні.
Әр адамның жүрегінде өмір бойы бірге жасайтын ұғымдар болады: отбасы, туған үй, Отан.
«Отан неден басталады?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап береді. Біреу үшін ол – туған жердің топырағы, енді бірі үшін – ата-ананың мейірімі, алғашқы ұстаздың тәлімі. Кей адам балалық шағындағы даланың жұпар иісін еске алса, енді біреу туған өлкесінде естіген ана тілінің алғашқы үнін жүрегінде сақтайды.
Ал Абай жерінде өмір сүріп, еңбек етіп жүрген біз үшін бұл ұғымның салмағы ерекше. Өйткені дәл осы қасиетті өлкеде ұлттың рухани биігі қалыптасты. Мұнда Абай білім мен еңбекті, адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін ұлықтады. Шәкәрім ар-ождан мен әділеттіліктің мәнін терең зерделеді. Осы өңірден елдің ертеңін біліммен, мемлекеттілікпен және азаматтық жауапкершілікпен байланыстырған Алаш зиялылары шықты.
Сондықтан біз үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Мемлекеттік Әнұраны – жай ғана ресми белгілер емес.
Олар – ұрпақтар сабақтастығының, тарихи жадымыздың, тәуелсіз таңдауымыздың және ұлттық тұтастығымыздың айқын көрінісі.
Мемлекеттік рәміздер – өз тарихын, тілін, мәдениетін сақтап, болашағын дербес айқындай алған мемлекеттің рухани тірегі.
Міне, осы сәтте туған жерге деген сүйіспеншілік нақты мәнге ие болады. Сол кезде Ту, Елтаңба және Әнұранның терең мағынасы ашылады.
Көк Туымыз мектептер мен университеттердің, ғылыми зертханалар мен спорт алаңдарының, мемлекеттік мекемелер мен әскери бөлімдердің маңдайында желбірейді. Ол бізге бір елдің, бір тағдырдың иесі екенімізді еске салады.
Елтаңба – мемлекеттің тарихын рәміз тілімен сөйлететін бейне. Онда шаңырақтың тұтастығы, ұрпақ сабақтастығы, бірлік пен ортақ болашаққа деген сенім көрініс тапқан.
Ал Әнұран – халық рухының үні. Ол жеңіс пен жетістік сәтінде де, сындарлы кезеңдерде де шырқалады. Ол бізге ортақ мұрат пен ұлттық мақтаныштың күшін сезіндіреді.
Әр жолы «Қазақстан» деген сөздің артында миллиондаған тағдыр, сан ұрпақтың еңбегі және келешек алдындағы жауапкершілік тұрғанын еске салады.
Бүгінде әлем күрделі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Қауіпсіздік ұғымы өзгеруде, жаңа сын-қатерлер туындауда, білім мен технология, адами капитал үшін бәсеке күшейіп келеді. Осындай кезеңде мемлекеттік рәміздердің маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені мемлекет – өздігінен өмір сүретін құрылым емес. Мемлекетті адамдар жасайды.
Өз еңбегімен.
Өз білімімен.
Өз таңдауы және өз жауапкершілігі арқылы.
Ұстаз үшін рәміздерге құрмет – тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру.
Ғалым үшін – ғылым арқылы ел дамуына үлес қосу.
Студент үшін – мемлекетіне қажет білікті маман болуға ұмтылу.
Ата-ана үшін – бала жүрегіне туған жерге деген сүйіспеншілік пен ел тарихына деген құрмет дарыту.
Бүгін мен ең алдымен жастарға: ертең студент атанатын талапкерлерге, биыл оқуын аяқтайтын түлектерге, өмір жолын енді бастап келе жатқан жас буынға үн қатқым келеді.
Естеріңізде болсын: мемлекеттік рәміздердің қадірі олардың артында нақты іс пен адал еңбек тұрған кезде ғана артады.
Отанға деген сүйіспеншілік – күнделікті еңбекте. Адамға деген құрметте. Өз мамандығына деген адалдықта. Өз еліне деген жауапкершілікте.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қуаты – халықтың бірлігінде, азаматтардың жауапкершілігінде және ортақ болашақ үшін еңбек ету қабілетінде екенін бірнеше мәрте атап өтті.
Сондықтан мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – ең алдымен өз еліңді, оның заңын, тарихын және халқын құрметтеу.
Біздің көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін.
Бірақ біздің Отанымыз – бір.
Біздің Туымыз – бір.
Біздің Елтаңбамыз – бір.
Біздің Әнұранымыз – бір.
Демек, Қазақстанның болашағы алдындағы жауапкершілігіміз де ортақ.
Абай жері қашанда ой мен білімге, ел алдындағы адал қызметке айрықша мән берген мекен. Бүгін сол жауапкершілік бізге – оқытушыларға, ғалымдарға, студенттерге және ата-аналарға жүктеліп отыр.
Өз тарихымызға, мемлекеттік рәміздерімізге және мемлекетімізге деген құрметіміз келешек ұрпақ көретін Қазақстанның келбетін айқындайды.
Мемлекеттік рәміздер күні әрқайсымызға еліміз алдындағы жауапкершілікті тағы бір мәрте сезінуге мүмкіндік берсін.
Өйткені мемлекеттік рәміздер – біздің ортақ үйіміздің белгісі.
Алдыңғы буын аманат еткен азаттықтың нышаны.
Білімімізбен, еңбегімізбен және адал қызметімізбен нығайтуға тиіс Тәуелсіздігіміздің тұғыры.
Баршаңызға бейбіт өмір, береке, сенім, жасампаз қуат және Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы толайым табыс тілеймін.
Құрметпен, Думан Орынбеков