Мазмұнға өту
Жаңалықтар 18.09.2026 105

«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады

«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады

Бүгін Шәкәрім университетінде өңір жастарының технологиялық әлеуетін арттыруға және инновациялық бастамаларын өркендетуге арналған «Shakarim Elevate Hub» студенттік бизнес-инкубаторы ашылды. Жаңа цифрлық кеңістік студенттік стартаптарды дамытуға және университеттің жеке IT-өнімдерін жасақтауға бағытталған. Жаңа орталық жас әзірлеушілер, UI/UX-дизайнерлер, деректер сарапшылары мен стартап-идея авторларын кросс-функционалды командаларға біріктіріп, инновациялық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасы жасанды интеллект бөлімінің басшысы Бақытбек Орынбаев, «Semey Hub» өңірлік IT-орталығының директоры Әнет Тұрсынжан және «Tomorrow School Semey» өкілі Мақсат Джетенбаев қатысты.

Университеттегі жастар кәсіпкерлігі, цифрлық трансформация және стартап экожүйенің маңызы туралы сөз сөйлеген ректор Думан Рымғалиұлы:

- Құрметті әріптестер, білім алушылар! Бүгін біз Шәкәрім университетінің цифрлық экожүйесінде жаңа инновациялық алаң - «Shakarim Elevate Hub» студенттік бизнес-инкубаторын ресми түрде іске қосып отырмыз. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен құттықтаймын! Қазіргі университет – теориялық біліммен ғана шектелмей, нақты өнімдер мен стартаптар дүниеге келетін креативті орта болуы тиіс. «Shakarim Elevate Hub» алаңы осы мақсатта құрылды,- деді Думан Рымғалиұлы. Сонымен қатар ректор жастарды қателесуден қорықпай, батыл ізденуге шақырып, әрбір студенттің идеясын қолдауға дайын екенін жеткізді. Ол жаңа орталықтан халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мықты жобалар қанат қағатынына сенім білдіріп, қатысушы серіктестерге қолдау көрсеткені үшін зор алғысын білдірді.

Дәстүрлі салтанатты қызыл лента қиюдың орнына орталық сенсорлық интерактивті панельдегі «Digital Launch» батырмасын басу арқылы заманауи цифрлық форматта ресми түрде іске қосылды.

-«Shakarim Elevate Hub» – біздің студенттер мен жас ғалымдар үшін тәжірибелік трамплин. Мұнда жастар жеке стартаптарын нарыққа шығаруға толық менторлық қолдау алады. Сонымен қатар біз университетіміздің цифрлық сервистерін сырттан сатып алмай, осында білім алып жатқан студенттік командалардың күшімен әзірлейміз. Бұл – білім беру, нақты тәжірибе және университеттік экожүйенің нағыз синергиясы,- дейді цифрландыру жөніндегі проректор Бейімбет Дәрібаев.

Қонақтарға сөз кезегі ұсынылғанда жасанды интеллект бөлімінің басшысы Бақытбек Орынбаев Семей қаласын «ақылды» қалаға айналдыру бағытында жастардың тың идеялары мен инновациялық бастамаларына үлкен үміт артатынын атап өтті. Ол жастарды туған қаласының дамуына өз үлесін қосуға шақырып, жаңа жобаларына сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында орталықтың алғашқы резиденттері әзірлеген жобалар 2 минуттық «Speed Pitch» форматында таныстырылды.

Шараның ерекше инновациялық бөлігі — «Digital Wish Cloud» интерактиві болды: жиналған басшылық пен қонақтар QR-код арқылы университетке қажетті цифрлық шешімдер мен ізгі тілектерін нақты уақытта үлкен экранда «сөздер бұлты» етіп біріктірді. Салтанатты жиынның соңында кросс-функционалды студенттік топтар өздерінің 1-ші практикалық жұмыс спринтіне кірісті.

«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады
«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады
«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады
«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады
«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады
«Shakarim Elevate Hub» студенттік стартаптарды дамытуға жол ашады

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру