Шаңырақ құндылығы – ұлт тәрбиесінің өзегі
Шәкәрім университетінде 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Өзіммен бірге болашаққа: отбасымның асыл мұрасы» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол тәрбие сағаты өтті. Іс-шараға «Мектепке дейінгі білім беру» және «Бастауышта оқыту педагогикасы» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.
Тәрбие сағатының басты мақсаты – жастарға отбасы құндылықтарының маңызын терең сезіндіру, олардың ішкі ресурсын анықтауға көмектесу және болашақ өмірінде қажет болатын рухани-адамгершілік қасиеттерді түсіндіру. Сонымен қатар қатысушылардың өз жан дүниесіне үңіліп, отбасынан алған тәрбиесі мен өмірлік ұстанымдарын саралауына мүмкіндік жасау көзделді.
Іс-шара барысында арт-терапия және метафоралық ассоциативті карталар (МАК) әдістері қолданылды. Бұл тәсілдер студенттердің ішкі сезімдерін ашуға, сана түкпірінде сақталып қалған ойлары мен эмоцияларын сыртқа шығаруға ықпал етті. Әсіресе бала күннен бері жүректе сақталған өкпе-реніштерді жеңілдетуге, жан дүниені тазартуға бағытталған жаттығулар қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. МАК карталар арқылы жастар өміріндегі жағымды естеліктерді еске түсіріп, отбасының жылуы мен мейірімін қайта сезінуге мүмкіндік алды.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – «Шаңырақ» бейнесін салу тапсырмасы болды. Бұл арқылы қатысушылар қазақ халқының отбасыға деген құрметін, ұлттық тәрбиенің мәнін және шаңырақтың қасиетті ұғым екенін тереңірек түсінді. Студенттер өз туындылары арқылы болашақ отбасына деген көзқарасын бейнелеп, ұлттық құндылықтарды қастерлеудің маңызын ұғынды.
– Осындай шаралар арқылы жастар өз отбасының рухани құндылықтарын бағалауды үйренеді. Арт-терапия адамның ішкі әлемін ашуға көмектессе, МАК карталар жақсы естеліктерді қайта жаңғыртып, болашаққа сеніммен қарауға ықпал етеді. Біздің мақсатымыз – жастардың өз тамырынан ажырамай, қазақы тәрбие мен отбасы құндылықтарын болашақ өмірінде де сақтай білуіне бағыт беру,- дейді Психологиялық қолдау қызметінің басшысы Қымбат Нұрмұхамбетова.
Тағылымды іс-шара студенттерге ерекше әсер қалдырып, отбасының адам өміріндегі орны мен маңызын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді. Себебі отбасы – тұлғаның қалыптасуына негіз болатын алғашқы мектеп, ал ұлттық құндылықтарды сақтайтын ең қасиетті орта.