Жаңалықтар 31.08.2026 109

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің жаңа оқу жылының басталуына орай үндеуі

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің жаңа оқу жылының басталуына орай үндеуі

Құрметті бірінші курс студенттері, Шәкәрім университетінің студенттері,

Шәкәрім жоғары колледжі және Shakarim High School білім алушылары!

Құрметті ата-аналар, оқытушылар, ғалымдар, қызметкерлер!

Ертең, 1 қыркүйекте, жаңа оқу жылы басталады. Біреу үшін мектеп есігі алғаш рет ашылады, енді бірі колледж табалдырығын алғаш аттайды, бірінші курс студенттері студенттік өмірін бастайды, ал жоғары курс студенттері университеттегі жылдардың қаншалықты тез өтетінін түсініп, аудиторияларға қайта оралады.

1 қыркүйек – жаңа оқу жылының басталуымен бірге, әрқайсымызға өміріміздің жаңа парағын ашуға мүмкіндік беретін күн. Бұл күн бәрімізге ортақ болғанымен, оның әр адам үшін мәні мен мағынасы әртүрлі. Біреу үшін – жаңа білімнің бастауы, енді біреу үшін – жаңа ортаға қадам, ал тағы бірі үшін – өз жолын айқындайтын маңызды кезең.

Бүгін оқу жылын қандай кезеңде бастап отырғанымызға назар аударып, айналамызда және өз бойымызда болып жатқан өзгерістерге қандай жауап бере алатынымызды ой елегінен өткізудің маңызы зор.

Соңғы жылдары Қазақстан елеулі өзгерістерді бастан өткерді. Еліміз болашақ дамуының негізгі бағыттарын айқындап, мемлекеттік институттарын жаңартып, жаңа кезеңге нық қадам басты. Бұл үдерістің білім беру саласына да тікелей қатысы бар. Себебі кез келген өзгерістің шынайы нәтижесі оны жүзеге асыратын, жалғастыратын және жаңа деңгейге көтеретін адамдарға байланысты.

Ал бүгінгі студент – сол өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, болашақтың тікелей авторы. Сондықтан жаңа оқу жылы тек жаңа білім алудың ғана емес, жаңа уақытқа бейімделіп, өз мүмкіндігіңді танып, елдің ертеңіне үлес қосуға дайындалудың бастауына айналуы тиіс.

28 тамызда бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қадам басқан жаңа кезең туралы айтты. Әлем күрделеніп, болжап білу қиындай түсуде, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып, экономика мен еңбек нарығы өзгеріп жатыр. Осындай жағдайда, Мемлекет басшысы атап өткендей, экономикасы мен ғылымын нығайтып, ең бастысы, адами әлеуетін дамыта алған елдер жаңа жағдайға бейімделе алады.

Біз, білім саласының қызметкерлері үшін, мәселенің осылай қойылуы айрықша маңызды.

Құрылтайдың алғашқы сессиясында Президент тағы бір маңызды ойды атап өтті: Қазақстан біртіндеп ғылымға, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге сүйенетін даму жолына көшіп келеді. Сонымен бірге білімге, денсаулық сақтауға, мәдениет пен спортқа баса мән беріліп, қабілетті әрі еңбекқор адамдар үшін қажетті жағдай жасалатын болады. Демек, мектепке, колледжге және университетке қойылатын талап та жоғарылай түседі. Біз жастарға қазіргі әлемдегі бәсекеге төтеп бере алатын білім беруге, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге, өз бетінше ойлауға, кітап оқуға, зерттеуге, өз елінің тарихы мен мәдениетін түсінуге, еңбекті бағалауға және тәртіпті болуға үйретуіміз керек.

Президенттің қоғам шынайы өмірге сүйеніп, ілгерілеуге ұмтылуы, ғылымды дамытуы және іскерлікті бағалауы қажет деген ойы маған ерекше жақын. Университет үшін бұл – тікелей жұмыс бағдары.

Жауапкершілік үлкен шешімдерден немесе маңызды сәттерден ғана басталмайды. Ол білім ордасының табалдырығын аттаған алғашқы қадамнан-ақ қалыптасады. Қалай білім алатыныңыздан, өз сөзіңіз бен ісіңізге қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыныңыздан, өзгенің пікірін тыңдап, құрметтей білуіңізден және қабылдаған шешіміңіздің салмағын сезіне алуыңыздан көрінеді.

Бұл жауапкершіліктің мәнін Абай елінде жүрген әрбір жас айрықша сезіне алады. Өйткені бүгінде Абай облысы жаңару мен даму жолындағы маңызды кезеңді бастан өткеріп отыр. Өңірде жаңа жобалар қолға алынып, қалалық және әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, экономикалық әлеует артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл өзгерістерді облыс тұрғындары күнделікті өмірден көріп, сезініп келеді. Абай облысының әкімі Берік Уәли бастаған өңірлік команда жүзеге асырып отырған жүйелі жұмыстар аймақтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып, өзгерістерге тың серпін беруде.

Алайда өңірді инфрақұрылым өздігінен өзгертпейді. Өңірді өзгертетін – адамдар.

Білімді мұғалімсіз, инженерсіз, агрономсыз, ветеринарсыз, бағдарламашысыз, зерттеушісіз, кәсіпкерсіз бірде-бір жаңа кәсіпорын, мектеп, зертхана, шаруашылық немесе технологиялық жоба дами алмайды. Осындай кезеңде білім алып жатқан жастардың да жауапкершілігі арта түседі. Себебі бүгінгі студенттің білімі мен ұстанымы – ертеңгі өңірдің, тұтас елдің дамуына қосылатын үлестің негізі.

Сондықтан университет пен өңірдің дамуын бір-бірінен бөле қарауға болмайды. Шәкәрім университеті осы қағидатты басшылыққа алып, білім мен ғылымды өңірдің нақты сұраныстарымен ұштастыра отырып, жаңа даму кезеңіне қадам басуда. Бізде біртұтас білім беру ортасы қалыптасқан: Shakarim High School – Shakarim Higher College – Shakarim University.

Бала бізге мектеп оқушысы болып келіп, кейін кәсіп игеріп, жоғары білім алып, магистратура мен докторантурада оқуын жалғастырып, зерттеулермен айналысып, өзінің әзірлемелері мен жобаларын жасай алады.

Университеттің жаңғыруы жаңа инфрақұрылыммен немесе білім беру бағдарламаларымен шектелмейді. Біз сіздерге мүмкіндіктері әлдеқайда кең әлемді ашқымыз келеді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шәкәрім университетінің халықаралық байланыс географиясы кеңейе түсті. Оқу жылы басталар алдында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Мёрдок университетімен (Murdoch University - Аустралия) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясындағы нақты жұмыстарды жүзеге асыру мәселелері Абай облысының әкімі Берік Уәлимен талқыланды. Қазанда өткен ICESCO–FIWU халықаралық ректорлар форумының қорытындысы бойынша Пәкістанның Лахор университеті (The University of Lahore) және Бахрия университетімен (Bahria University), Мәскеу психоанализ институтымен бірлескен жұмысты бастаймыз. Жаңа келісімдердің негізгі бағыттары – жасанды интеллект, инженерлік және цифрлық технологиялар, когнитивтік ғылымдар, бірлескен зерттеулер мен білім беру бағдарламалары. Сіздер үшін бұл – оқу барысында халықаралық жобаларға қатысуға, шетелдік зерттеу топтарымен жұмыс істеуге, жаңа технологияларды меңгеруге және бір білім беру бағдарламасының аясынан әлдеқайда кең кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік.

Университетке Аустралия, Қытай, Еуропа және басқа да халықаралық серіктестер не үшін қажет?

Сіздер әлемнің ірі білім орталықтарындағы студенттерге қолжетімді білімге, технологияларға және академиялық мүмкіндіктерге осы жерден қол жеткізе алуларыңыз үшін. Халықаралық білім алу үшін туған өңірден біржола кетудің қажеті жоқ. Әлемдік білім, зерттеу мектептері мен технологиялар осында, бізге, біздің жерімізге келуі керек.

Шәкәрім университетіндегі бүгінгі өзгерістердің мәні де осында.

Құрметті бірінші курс студенттері!

Бүгінгі Шәкәрім университеті – мүмкіндіктер географиясы кеңейген, міндеттерінің ауқымы артқан университет. Біз халықаралық рейтингтердегі орнымызды нығайтып, өзіміздің ғылыми және технологиялық шешімдерімізді дамытып, заманауи зертханалар құрып, шетелдік университеттермен әріптестік аясын кеңейтіп келеміз. Студенттеріміз цифрлық өнімдерді өздері әзірлейді: университет жастарының командасы жасаған AІ-SANA жүйесі жасанды интеллектінің академиялық адалдық пен университет үдерістерінің ашықтығына қалай қызмет ете алатынын көрсететін мысалдардың біріне айналды.

Біздің міндетіміз – бүгін бізге білім алуға келген әрбір жастың заманауи әлемдік университеттің мүмкіндіктеріне қол жеткізуіне және алған білімін өз елінің, Абай облысының дамуына жұмсауына жағдай жасау.

Университетті төрт жыл бойы сабаққа қатысып, емтихан тапсырып, соңында диплом алатын мекеме деп қабылдамаңыздар. Университет – өзіңізді іздейтін, ойыңызды қалыптастыратын, қабілетіңізді сынайтын үлкен мүмкіндік алаңы. Сондықтан зерттеуге ұмтылыңыздар, ғылымға қызығыңыздар, жаңа тілдер үйреніңіздер.

Жасанды интеллектіні игеріңіздер, халықаралық бағдарламалар мен академиялық жобаларға қатысыңыздар. Өз идеяларыңызды іске асырып, жаңа кәсіпкерлік жобалар бастауға талпыныңыздар. Дәлелдеріңіз болса, оқытушыларыңызбен пікір таластырудан қорықпаңыздар – жақсы пікірталас жақсы ойдың бастауына айналады.

Кітапханада көбірек уақыт өткізіңіздер, оқу бағдарламасында көрсетілгенмен ғана шектелмей, одан да көп ізденіңіздер. Өз мамандығыңыздың шекарасынан асып, басқа салалардың өкілдерімен танысыңыздар, түрлі ортадан жаңа адамдармен араласыңыздар. Өйткені университеттегі ең құнды дүниенің бірі – тек алған біліміңіз емес, қалыптастырған ойлау жүйеңіз, тапқан ортаңыз және өзіңіз ашқан жаңа мүмкіндіктер..

Президент Құрылтайдың алғашқы сессиясында ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайту, кітап оқу, тарихи сана, еңбек және өзін-өзі тәртіпке келтіру мәселелеріне арнайы тоқталды. Меніңше, студент үшін мұның мәні анық. Жасанды интеллект орасан мүмкіндік береді, алайда күрделі мәтінді оқи білу, өз бетінше ойлау, сұрақ қоя білу, деректерді салыстыру және өзіндік ұстаным қалыптастыру қабілетінің құндылығы арта түседі.

Қателесуден қорықпаңыздар. Университет – өмірде қателіктің білім алу жолының бір бөлігіне айналуына мүмкіндік беретін санаулы ортаның бірі.

Құрметті мектеп оқушылары мен колледж білім алушылары!

Үлкен ғылым, халықаралық жобалар, заманауи зертханалар мен университеттік өмір сіздер үшін мектепті немесе колледжді бітіргеннен кейін ғана басталады деп ойламаңыздар. Біз осында, қастарыңдамыз және барлығымыз Shakarim-нің біртұтас білім беру жүйесімен сабақтаспыз.

Біз – біртұтас жүйеміз. Осы мүмкіндіктер кеңістігінде әрқайсыңыз біліміңіз бен мүмкіндігіңізді біртіндеп кеңейтіп, алға қарай қозғала аласыздар.

Бүгіннің өзінде университеттің тыныс-тіршілігін көріп, ғалымдары және оқытушыларымен танысып, жобаларға қатысып, зерттеулерге, технологияларға, жасанды интеллектіге, кәсіпкерлікке қызығушылық таныта аласыздар. Ал ертең осында біліміңізді жалғастырып, жаңа кәсіби бағыт таңдап, зерттеу тобының құрамына кіріп, халықаралық бағдарламаға қатысу мүмкіндігіңіз мол.

Президент Құрылтайдың алғашқы сессиясында көтерген тағы бір мәселеге – балалар мен жасөспірімдердің цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне назар аударғым келеді.

Технологиялар орасан мүмкіндіктер береді, ал оларды саналы түрде пайдалана білу білімнің маңызды бөлігіне айналып отыр. Мемлекет орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөнінде шешімдер қабылдап, сонымен қатар әлеуметтік желілердегі балалар қауіпсіздігіне назарды күшейтуде. Мектеп, колледж, университет және отбасы үшін бұл – ортақ міндет: жас адамға технологияларды оның мүмкіндігін кеңейтетіндей, уақытын межелей біліп, тәуелділікке ұшырамайтындай саналы қолдануды үйрету.

Біреу келіп: «Енді сен дайынсың» дейтін сәтті күтпеңіздер. Мамандыққа, ғылымға, өз болашағыңызға қызығушылық жасқа да, дипломға да байланысты емес. Ол адамның өзіне «Менің нені үйренгім келеді? Мен не жасай аламын? Менің орным қайда?» деп сұрақ қойған сәтінен басталады.

Сондықтан бүгінгі оқу бағдарламасының аясында қалмай, сұраңыз, зерттеңіз, болашақ мамандығыңыз туралы көзқарасыңызды өзгертуден қорықпаңыз. Тіл үйреніңіз, технологияларды меңгеріңіз, студенттермен және ғалымдармен араласыңыз, Shakarim-нің үлкен білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.

Сіздердің маңызды артықшылықтарыңыз бар – университет қастарыңызда! Оның мүмкіндіктерін бүгіннен пайдаланып, өз болашақтарыңызды ертеңге қалдырмаңыздар.

Құрметті оқытушылар, ғалым-зерттеушілер!

Технология қаншалықты дамыса да, университеттің жүрегі – сіздер.

Жасанды интеллект ақпаратты санаулы секундта таба алады. Алайда ол адамды ойлауға, күмәндануға, шынайы білімді білімге ұқсас жасанды дүниеден ажыратуға, өз шешімдері үшін жауапкершілікті сезінуге үйрете алатын Ұстаздың орнын баса алмайды.

Бүгінде мұның маңызы он немесе жиырма жыл бұрынғыдан да арта түсті. Сонымен бірге бізге қойылатын талаптар да өзгеруде.

Президент жаңа буын өкілдері – кәсіби, белсенді, еңбекқор, нақты өзгерістерге қол жеткізе алатын адамдар туралы айтты. Университет үшін бұл талап студенттермен ғана шектелмейді. Ол оқытушыларға, зерттеушілерге және басшыларға да қатысты.

Біз өзіміз де жылдамырақ үйреніп, жаңа технологиялармен жұмыс істеп, бағдарламалардың мазмұнын қайта қарап, зерттеулерді экономикамен ұштастырып, халықаралық байланыстарды дамытып, дарынды жас білім алуға, жұмыс істеуге және ғылыммен айналысуға ұмтылатын орта қалыптастыруымыз керек.

Құрылтайда айтылған тағы бір маңызды ой – Мемлекет басшысының ұлттық сана және өз тарихымызға деген көзқарас туралы айтқаны. Кемел ұлт өз өткенін біледі әрі құрметтейді, одан сабақ алып, болашаққа сенімді қадам басады.

Абай жері үшін бұл сөздердің мәні ерекше.

Біз жаңа оқу жылын Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толған тарихи күннен бірнеше күн өткен соң бастап отырмыз. Біз бұл тарихтың бағасын білеміз. Оны зерттеп, сақтау – біздің міндетіміз. Сонымен бірге қазіргі Семей мен Абай облысын әлем сапалы білімімен, ғылымымен, технологияларымен, мәдениетімен, жаңа кәсіпорындарымен және осы жерде болашақ жасап жатқан адамдарымен тануы үшін жұмыс істеуіміз керек.

Алдымызда күрделі де қызықты оқу жылы тұр!

Жаңа жобалар, жаңа халықаралық әріптестіктер, зерттеулер мен технологиялық шешімдер болады. Қиындықтар да кездеседі. Кей жерде қателесуіміз мүмкін, кейбір шешімдерді жұмыс барысында өзгертуге тура келеді.

Мен мінсіз университет болады деп уәде бермеймін. Бірақ біз өзгеруді, бір-бірімізді тыңдауды, мәселелерді мойындауды, шешім іздеуді және алға жылжуды үйрендік.

Егер осы оқу жылында әрқайсымыз кәсіби деңгейімізді одан әрі арттыруға, ең алдымен өзімізге талапшыл болуға және жанымыздағы адамға мұқият қарауға ұмтылсақ, университетіміз нығая түседі. Онымен бірге өңіріміз де, еліміз де дами береді.

Жаңа оқу жылы құтты болсын, қадірлі достар!

28 тамызда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең алдымен біліммен қарулану, ғылымға сүйену және әлемдік прогреспен қатар жүру үшін еңбек ету қажеттігін айтты. Меніңше, бүгін жаңа оқу жылын бастайтын жастарға бұдан артық бағыт-бағдар табу қиын.

Сондықтан мектеп оқушылары мен студенттерімізге білімге деген шынайы құштарлық, оқытушылар мен ғалымдарға мықты шәкірттер мен жаңа зерттеулер, ата-аналарға балаларының болашағына деген сенім тілеймін.

Жаңа оқу жылы жаңа мүмкіндіктер ашып, жаңа білім беріп, Қазақстанның ғылымына, біліміне, экономикасы мен қоғамдық өміріне кәсіби мамандардың жаңа буынын әкелсін.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру