Шәкәрім университетінің әлемдік рейтингтегі көрсеткіші артты
Шәкәрім университеті тұрақты даму бағытындағы халықаралық UI GreenMetric World University Rankings 2026 рейтингінде нәтижесін жақсартты. Биыл университет әлемнің 110 елінен қатысқан 2016 жоғары оқу орнының арасында 526-орынға ие болып, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында 6-орынға орналасты.
Университеттің әлемдік рейтингтегі көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғарылады. 2025 жылы Шәкәрім университеті жаһанның жоғары оқу орындары арасында 538-ші орын алып, 6722,5 балл жинаған болатын. Ал 2026 жылғы қорытынды бойынша университет 6885 балл жинап, 12 сатыға көтерілді. Осылайша, жалпы нәтиже 162,5 балға артты.
Бұл өсім рейтингке қатысушылар санының айтарлықтай ұлғайған жағдайында орын алып отыр. 2025 жылы UI GreenMetric рейтингіне 105 елден 1745 университет қатысса, биыл қатысушылар саны 2016 университетке, ал елдер саны 110-ға жетті. Яғни бір жыл ішінде рейтингке қатысқан жоғары оқу орындарының қатары 271 университетке немесе 15,5 пайызға артқан.
Қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы көрсеткішке келсек, Шәкәрім университеті биыл 6-орынды иеленді. Өткен жылы университет ұлттық рейтингте 5-орында болған. Дегенмен бұл өзгеріс университеттің әлемдік көрсеткішінің төмендегенін білдірмейді. Керісінше, Шәкәрім университеті халықаралық деңгейдегі орнын жақсартып, қорытынды балын арттырды. Қазақстандық рейтингтегі позицияның өзгеруі жекелеген отандық университеттердің нәтижелерін жоғары қарқынмен жақсартуымен байланысты.
Биылғы рейтинг нәтижелерін бағалауда әдістемелік өзгерістерді де ескерген жөн. 2026 жылы UI GreenMetric рейтингінің құрылымына бірқатар өзгеріс енгізіліп, көрсеткіштер жүйесі жаңартылды және GD атты қосымша санат енгізілді. Осыған байланысты жекелеген санаттар бойынша 2025 және 2026 жылдардағы абсолюттік балдарды тікелей салыстыру әдістемелік тұрғыдан толық сәйкес келе бермейді. Сондықтан университеттің жалпы динамикасын бағалауда қорытынды балл мен әлемдік рейтингтегі орны негізгі көрсеткіш ретінде қарастырылады.
UI GreenMetric World University Rankings жоғары оқу орындарының тұрақты даму саласындағы қызметін кешенді бағалайтын халықаралық рейтингтердің бірі. Рейтинг университеттердің экологиялық инфрақұрылымы, энергия және климаттың өзгеруі, қалдықтарды басқару, суды пайдалану, көлік жүйесі, білім беру және зерттеу бағыттары секілді көрсеткіштерін қамтиды.
Шәкәрім университетінің 2026 жылғы нәтижесі университеттің тұрақты даму бағытындағы жұмысының халықаралық деңгейде ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді. Қатысушылар санының артуы мен бәсекелестіктің күшеюі жағдайында әлемдік рейтингтегі 12 сатылық өсім университеттің осы бағыттағы әлеуетін одан әрі дамытуға жаңа міндеттер жүктейді.
Алдағы кезеңде университет тұрақты даму көрсеткіштерін жүйелі түрде жетілдіруге, экологиялық бастамаларды кеңейтуге және рейтингтің жекелеген бағыттары бойынша нәтижелілікті арттыруға басымдық береді.