Мазмұнға өту
Жаңалықтар 12.11.2026 35

Мемлекеттік қызметке бастар алғашқы қадам

Мемлекеттік қызметке бастар алғашқы қадам

Шәкәрім университетінде биыл оқу орнын тәмамдайтын түлектерге арналған «Elge Qyzmet»: жауапкершілік пен мүмкіндік» тақырыбында кездесу өтті.

Жастарды мемлекеттік қызметке орналасу тәртібімен, саладағы кадрлық мүмкіндіктермен және кәсіби өсу жолдарымен таныстыруды мақсат еткен іс-шараны университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов ашты. Ол кездесудің түлектер үшін маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен білікті жас мамандардың ел дамуына қосар үлесін атап өтті.

Кездесуде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов мемлекеттік қызмет саласындағы кадрлық саясат пен жастарға арналған мүмкіндіктер туралы баяндады. «Университет түлектері еңбек нарығындағы сұранысқа ие болашақ кадрлық әлеует ретінде қарастырылады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметті дамытудың тұжырымдамасы аясында жас мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы бітіруші жастар арасынан мемлекеттік қызметке қызығушылық танытатын үміткерлерді іріктеп, болашақ кадрлар пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді»- деді Руслан Шамелұлы.

Сонымен қатар, ауылдық жерлерде еңбек етуге ниетті жастарға арналған бірқатар мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен әлеуметтік ынталандыру тетіктері қарастырылған. Олар жас мамандардың кәсіби жолын ауылдық жерде бастап, тұрақты жұмысқа орналасуына және әлеуметтік тұрғыдан орнығуына жағдай жасайды. Ал мемлекеттік басқару саласында кәсіби білімін жетілдіріп, білікті маман ретінде қалыптасуды көздейтін жастарға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алу мүмкіндігі бар. Академия мемлекеттік қызмет жүйесіне қажетті кадрларды даярлауға бағытталған.

Кездесу барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Әсемгүл Серікова жастарға арналған «Түлек» бағдарламасы мен «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының бағыттары мен талаптарын түсіндірді. Аталған бастамалардың жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартудағы маңызына тоқталып, қатысушыларға осы мүмкіндіктерді пайдалану жолдарын таныстырды.

Ал мемлекеттік қызмет ардагері, облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Мәдениет Ахметова мемлекеттік қызметтің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы ой бөлісті. Ол мемлекеттік қызметтің кәсіби және тұлғалық дамуға, ұйымдастырушылық қабілетті шыңдауға ықпал ететінін айтып, білім алушыларды ел игілігі жолында еңбек етуге шақырды.

Жастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен тұрғын үй мәселесіне де назар аударылды. Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Мәдина Шарбақбаева «Абай жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының негізгі талаптары мен қатысу шарттары жөнінде ақпарат берді.

Мұндай мүмкіндіктер мен қолдау шаралары жастардың кәсіби жолын айқындап, мемлекеттік қызмет саласында өз орнын табуына жол ашады. Қазіргі уақытта Шәкәрім университетінің 20-дан астам түлегі мемлекеттік қызметтің түрлі саласында еңбек етіп жүр. Солардың бірі – бүгінгі кездесуде мемлекеттік қызметке келу жолы, алғашқы еңбек тәжірибесі жайлы әңгімелеген Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы, Шәкәрім университетінің түлегі Ақнұр Рахметоллаева. Бұл – университетте қалыптасқан кәсіби даярлықтың және түлектердің өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлесінің көрінісі.

Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Динара Оспанова осы оқу жылында 111 білім беру бағдарламасы бойынша екі мыңға жуық білім алушының оқу ордасының қабырғасынан қанат қағатынын, олардың 600-ден астамының GPA көрсеткіші 3,33 екенін атап өтті. Ол бүгінгі кездесу бітіруші жастар үшін мемлекеттік қызметтің қыр-сырын танып, болашақ кәсіби бағытын айқындауға берілген жақсы мүмкіндік деп түйіндеді.

Кездесу барысында жастар мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, жас мамандарға арналған бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат алды.

Мемлекеттік қызметке бастар алғашқы қадам
Мемлекеттік қызметке бастар алғашқы қадам
Мемлекеттік қызметке бастар алғашқы қадам
Мемлекеттік қызметке бастар алғашқы қадам
Мемлекеттік қызметке бастар алғашқы қадам

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру