Шәкәрім университеті – халықаралық экологиялық саммит көрмесінде
Астана төрінде өтіп жатқан өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылған RES 2026 EXPO халықаралық көрмесі – жасыл технологиялар мен тұрақты даму идеяларын тоғыстырған алаңға айналды. Бұл – тек инновациялар көрмесі ғана емес, адамзаттың болашағына деген жауапкершілікті сезінген ғылым мен өндірістің бірлігі.
Ауқымды іс-шараға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шәкәрім университеті де белсенді қатысуда. Университеттің ғылыми әлеуеті мен зерттеу бағыттары халықаралық деңгейде таныстырылып, отандық ғылымның мүмкіндіктері кеңінен насихатталуда.
Көрме жұмысына университет атынан проректор Жанар Қалибекқызы, «Өндірістік және өңдеу салалары» даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы Алмагуль Нургазезова, ғылыми кадрларды даярлау және аттестациялау орталығының жетекшісі Самат Касымов, Shakarim Lab ғылыми орталығының директоры Алексей Кливенко және докторант Бибі Анарбекқызы қатысуда.
Шәкәрім университетінің көрмедегі басты ерекшелігі – ұсынылған жобалардың тек теориялық емес, нақты өндірістік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталуында. Соның бірі – биогаз бен тыңайтқыштарды үздіксіз өндіруге арналған автоматтандырылған биореакторлар желісін әзірлеу жобасы. Бұл бастама ауыл шаруашылығында қалдықсыз технологияларды енгізуге жол ашады.
Сонымен қатар жел мен күн энергиясын тиімді үйлестіретін, автоматтандырылған басқару жүйесі бар қондырғы жобасы да ерекше назар аудартады. Мұндай шешімдер шалғай ауылдық аймақтарды тұрақты электр және сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Азық-түлік қауіпсіздігі мен экологиялық таза өнім өндіру де университет ғалымдарының назарынан тыс қалмаған. Қайталама сүт шикізатын пайдалана отырып құрт өндіру технологиясы, биологиялық белсенді қоспалармен байытылған сүт өнімдерінің қауіпсіздігін бағалау бағытындағы зерттеулер – соның айғағы.
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері де ұсынылған жобалар қатарында. Металлургия өндірісінің қалдықтары мен мұнай өнеркәсібінің жанама өнімдерін қайта өңдеуге арналған инновациялық технологиялар экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған.
Ал «ФитоLife» табиғи дәруменді шай жобасы – ғылым мен табиғаттың үйлесімділігін көрсететін тың өнім. Бұл жоба салауатты өмір салтын ұстанатын тұтынушылар үшін ғана емес, отандық өсімдік шикізатын тиімді пайдаланудың да жарқын үлгісі.
Сондай-ақ, лигноцеллюлозалық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнімдер өндіруге бағытталған кешенді биотехнологиялық шешімдер де көрмеге келушілердің қызығушылығын тудыруда.
Шәкәрім университеті үшін RES 2026 EXPO көрмесіне қатысу тек жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, жаңа серіктестіктер тауып, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға жол ашады.