Жаңалықтар 04.08.2026 67

«Қазақстанда жасалған»: ұлттық сапа брендінің жаңа кезеңі

«Қазақстанда жасалған»:   ұлттық сапа брендінің жаңа кезеңі

Қазақстан Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов «Қазақстанда жасалған» белгісін толыққанды ұлттық сапа брендіне айналдыру міндетін қойды. Ендігі мақсат – бұл таңбаның тек өнімнің шыққан елін ғана емес, оның жоғары сапасын, қауіпсіздігін және өндірушінің жауапкершілігін білдіретін сенім нышанына айналуы.

Осыған байланысты Үкімет отандық өнімдерді қолдау мен ілгерілетуге бағытталған кешенді бағдарламаны әзірлейді. Бағдарлама қазақстандық тауарлардың ішкі нарықтағы үлесін арттыруды, ұлттық сауда маркаларын дамытуды, өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруды және қазақстандық брендтердің беделін қорғауды көздейді.

Мемлекет басымдық беріп отырған маңызды бағыттардың бірі – қазақстандық өндірушілер үшін әділ әрі тең бәсекелестік ортасын қалыптастыру. Сауда желілерінде отандық өнімдердің қолжетімділігін кеңейту, өндірісті қолдау, өңдеу өнеркәсібін дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Үкіметтің ұстанымы бойынша, қазақстандық өнімді тұтыну – тек сапалы тауарды таңдау ғана емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын құруға, салық түсімдерін арттыруға, ішкі өндірісті дамытуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге қосылған үлес.

Сонымен қатар қазақстандық брендтердің беделін негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сын әрдайым нақты деректерге сүйеніп, әділ әрі дәлелді болуы тиіс. Бұл адал бәсекелестікті қамтамасыз етіп, тұтынушылардың сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Үкімет қазақстандық дайын өнімдердің халықаралық нарықтағы үлесін арттыруды стратегиялық міндет ретінде айқындап отыр. Ол үшін өндірушілерге сертификаттау, логистика, экспорттық ілгерілету және шетелдік сауда алаңдарына шығу бағытында жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Экономикалық патриотизм – отандық өнімді соқыр қолдау емес, сапалы әрі бәсекеге қабілетті ұлттық өндірісті құрметтеу және дамыту. «Қазақстанда жасалған» бренді тұтынушылар үшін сапа мен сенімнің, ал еліміз үшін тұрақты экономикалық өсудің маңызды символына айналуы тиіс.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру