«Менің сүйікті кейіпкерім»
Шәкәрім университетінің №4 оқу ғимаратындағы кітапханада кітапханашылардың ұйымдастыруымен «Ұлттық кітап күніне» орай өткен онкүндік аясында кітапханалық квест форматындағы «Менің сүйікті кейіпкерім» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға Бизнес және коммуникация жоғары мектебінің ФЖ-2501 және ЖУ-2501 тобының студенттері белсене қатысып, өздерінің сүйікті әдеби кейіпкерлерін таныстырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби кейіпкерлер арқылы тағылымды тәрбие беру және білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Квест барысында студенттер түрлі тапсырмаларды орындап, кейіпкерлердің бейнесін ашу арқылы өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Мұндай танымдық шаралар жастардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Сонымен қатар, қатысушылар өзара пікір алмасып, кітап әлемінің тереңдігі мен тәрбиелік мәнін жан-жақты түсінуге мүмкіндік алды. Осындай мазмұнды іс-шаралар студенттердің рухани дамуына оң әсер етіп, кітаптың қоғамдағы маңызын дәріптеуге үлкен үлес қосады.