Елдік мұрат пен тәуелсіздік тағылымы
25 қазан – Республика күніне орай Шәкәрім университетінде «Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, тағылымы және болашағы» тақырыбында танымдық дәріс өтті. Іс-шараның мақсаты – ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасу тарихын зерделеу, Республика күнінің тарихи мәнін түсіндіру және жастардың ел тарихына деген құрметін арттыру.
Дәрісті Шәкәрім университетінің ғылыми қызметкері, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Нәзигүл Ғазизова жүргізді. Кездесу барысында Қазақстанның егемендікке қол жеткізу жолы, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңдері, ел дамуының негізгі белестері мен болашаққа бағытталған басымдықтары кеңінен сөз болды.
Дәрісте 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдануының тарихи маңызына ерекше назар аударылды. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан маңызды қадамдардың бірі болды. Сондықтан Республика күні – елдің егемендікке ұмтылысын, ұлттық мемлекеттілік идеясын және тәуелсіздікке бастар тарихи жолды айқындайтын айрықша мереке.
Сонымен қатар, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарына шолу жасалды. 1991–1995 жылдар аралығы мемлекеттіліктің негіздері қаланып, елдің саяси-құқықтық жүйесі қалыптасқан маңызды кезең ретінде қарастырылды. Осы жылдары ұлттық рәміздеріміз бекітіліп, мемлекеттік институттар қалыптасты, тәуелсіз елдің даму бағыты айқындала бастады.
Елдің бейбітшілігі мен ұлттық бірлігін сақтау, мемлекеттік шекараны бекіту және халықаралық қауымдастықта Қазақстанның дербес мемлекет ретіндегі орнын нығайту тәуелсіздіктің маңызды жетістіктері ретінде атап өтілді.
Сондай-ақ, Қазақстанның ядролық арсеналдан бас тартуы, халықаралық беделінің артуы, жаңа астананың қалыптасуы және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы қадамдарына тоқталды.
Дәрістің маңызды бөлігі Қазақстанның келешектегі даму бағыттарына арналды. Бүгінде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру адами капиталды дамытуға, сапалы білім мен ғылымға, цифрландыруға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тікелей байланысты.
Осы орайда жас ғалымдар мен білікті мамандарды қолдау, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және жасыл энергетиканы дамыту болашақтың басым міндеттері ретінде аталды. Бұл бағыттар, әсіресе, білім алып жүрген жастар үшін маңызды. Өйткені елдің ертеңгі жетістігі бүгінгі ұрпақтың біліміне, ізденісіне және азаматтық жауапкершілігіне байланысты.
Дәріс соңында Республика күнінің тарихи мәні елдің егемендігі мен бірлігін бағалаумен, тәуелсіздіктің қадірін түсінумен сабақтас екені атап өтілді.