Кітап – руханият көпірі: Шәкәрім университетіндегі челлендж-эстафета
Шәкәрім университетінде Ұлттық кітап күніне арналған мәдени іс-шара өтті. Бас ғимарат кітапханасында ұйымдастырылған кітап алмасу және кітап сыйлау акциясы аясында челлендж-эстафета өткізіліп, оқырман қауымға рухани серпін сыйлады.
Іс-шараға Shakarim High School оқушылары белсенді қатысып, өздерінің сүйікті кітаптарын кітапханаға сыйға тартып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын көрсетті. Бұл игі бастама оқырман мәдениетін қалыптастыруға және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Акцияның жалғасы ретінде кітапхана ұжымы челлендж-эстафетаны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кітапханасына жолдап, ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы энциклопедиясын сыйға тартты.
Аталған бастама кітап сыйлау дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, жоғары оқу орындары арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайтуға ықпал етті. Кітап – тек ақпарат көзі емес, ол – адамның ішкі әлемін байытып, көзқарасын кеңейтетін рухани азық.Ғабит Мүсіреповтің "Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті" дегеніндей, ұрпақтар арасындағы алтын көпір екені бүгін тағы бір мәрте дәлелденді.
Бұл іс-шара оқырман қауымды біріктіріп, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған тағылымы мол мәдени жоба ретінде өз мәнін айқындады.
Бұл іс-шара оқу мәдениетін одан әрі дамытуға және білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайтуға негіз болды десек те болады. Эстафетаны бір университеттен екіншісіне беру идеясы кітаптың ғасырлар даналығын бір оқырманнан екіншісіне қалай жеткізетіні сияқты, білім және рухани құндылықтармен алмасу процесінің де үздіксіздігін білдіреді.