Мазмұнға өту
Жаңалықтар 11.09.2026 49

Кітап оқу марафонына бірге қатысайық!

Кітап оқу марафонына бірге қатысайық!

Шәкәрім университетінде білім алушылар мен Shakarim High School оқушыларына «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында қатысушыларға марафонның мақсаты мен талаптары таныстырылып, жобаға тіркелу және қатысу тәртібі бойынша нақты бағыт-бағдар берілді.

Іс-шарада марафон аясында оқуға ұсынылған кітаптардан арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар назарына мазмұны мен тәрбиелік мәні жоғары шығармалар ұсынылды. Кітап көрмесі оқырмандарға кітаптар тізімімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, жастардың сыни және аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға және кітапты білім мен рухани дамудың маңызды көзі ретінде дәріптеуге бағытталған.

Республикалық марафонның кітап оқу кезеңі 15 қыркүйекте басталады. Алты айға жалғасатын жоба барысында әр қатысушы 15 кітап оқуы тиіс. Оқу тізіміне әртүрлі жас ерекшелігіне лайық, мазмұндық әрі тәрбиелік мәні жоғары шығармалар енгізілген.

Марафонның басты мақсаты – белгілі бір уақыт аралығында кітап санын көбейту ғана емес, кітап оқуды күнделікті өмірдің үйреншікті дағдысына айналдыру. Кітаппен тұрақты қарым-қатынас жасау адамның дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін шыңдап, жаңа идеяларға жол ашады.

Іс-шара барысында университет кітапханашысы Арай Қазғасым бірінші курс студенттеріне кітапхана қызметін тиімді пайдалану жолдарын да таныстырды. Студенттер кітапханаға тіркелу тәртібімен танысып, электрондық кітапхана мен электрондық каталогта қажетті әдебиеттерді іздеу және пайдалану тәсілдерін үйренді.

Кітапқа қызығушылықты арттыру – бір күндік науқан емес, тұрақты әдет қалыптастырудан басталады. Ал «Кітап оқитын ұлт» марафоны – сол әдетті қалыптастыруға жасалған жақсы мүмкіндік.

Кітап оқиық, ойымызды дамытайық, білімімізді байытайық!

Кітап оқу марафонына бірге қатысайық!
Кітап оқу марафонына бірге қатысайық!
Кітап оқу марафонына бірге қатысайық!

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру