Жаңалықтар 23.04.2026 101

Кітап мерекесі қорытындыланды

Кітап мерекесі қорытындыланды

Шәкәрім университетінде «Ұлттық кітап күніне» арналған онкүндік өз мәресіне жетті. Университеттің Бас ғимаратында өткен «Кітап – рухани қазына» атты іс-шара мазмұнды кезеңді түйіндеді.

Кітапханашы Арай Қазғасымның ұйымдастыруымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетті кеңінен насихаттау және жастардың рухани дамуына қолдау көрсету.

Іс-шарада кітаптың адам өміріндегі маңызы, оның рухани байлық көзі ретіндегі рөлі кеңінен айтылды. Кітап – ұлттың асыл мұрасы болса, сол қазынаны сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуші – кітапханашы екені ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, қатысушылар университет кітапханасының ресми сайтымен танысып, кітап қоры, мерзімді басылымдар мен қолжетімді ресурстар туралы ақпарат алды, кітап көрмесіне көз жүгіртті. Студенттерге қызықты викториналық сұрақтар қойылып, танымдық ойын түрінде ұйымдастырылған бөлім жастардың қызығушылығын арттырды.

Онкүндікті түйіндеген іс-шарада «Қасым» кітап баспасы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. «Бүгін біз үшін ерекше күн. «Қасым» кітап баспасының ұжымы Шәкәрім шаңырағына арнайы келіп, рухани әлеммен қайта қауышқандай күй кештік. Бұл – жай ғана кездесу емес, жүрекке жол тапқан, ойға тереңдік сыйлаған сәт болды. Кітап – үнсіз сөйлейтін ұстаз, ұлттың жаны, рухтың шырағы. Осындай Ұлттық кітап күнінде Шәкәрімнің ізі қалған киелі мекенде болу – біз үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Жақсы кітап жанды байытады, ал оны бөлісу – жүректерді жақындатады. Оқырман көбейе берсін, кітапқа деген махаббат ешқашан сөнбесін!»- дейді «Қасым» кітап баспасының Абай облысы бойынша өкілі Сымбат Тұрғалиева.

Жалпы, онкүндік ішінде кітапханашылар тарапынан өткізілген мазмұнды іс-шаралардың әрқайсысы да жастарды кітап оқуға баулу, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру және оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Кітап мерекесі қорытындыланды
Кітап мерекесі қорытындыланды
Кітап мерекесі қорытындыланды
Кітап мерекесі қорытындыланды
Кітап мерекесі қорытындыланды

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру