Жаңалықтар 22.04.2026 55

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды

Шәкәрім университетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс: құқықтық реттеу мен озық тәжірибелер» тақырыбында мазмұнды әрі өзекті оқыту семинары өтті. Бұл іс-шара бүгінгі қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру бағытында ұйымдастырылды.

Семинарды «Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, республикалық бизнес-тренерлер ассоциациясының мүшесі Жанар Қабидуллақызы жүргізіп, алғашқы сөз кезегін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шариповқа ұсынды.

Өз сөзінде Руслан Шарипов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы бастамаларына тоқталып, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес – елдің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, заң үстемдігін орнықтырып, Әділетті Қазақстан құру үшін ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу қажет. Осы бағытта мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктелген.

Сондай-ақ, спикер 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының биыл аяқталатынын атап өтіп, жаңа кезеңге арналған басымдықтарды айқындауда қоғам пікірінің маңызы зор екенін жеткізді. Қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырып, ұсыныс-тілектерін білдіруге үндеді.

Абай облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Жемагулов өңірдегі идеологиялық және жемқорлықтың алдын алу жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек құқықтық шаралармен шектелмей, қоғамдық сана мен құндылықтар жүйесіне әсер етуі тиіс.

Ал Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Марат Сейілханов қазіргі заманның жаңа қауіптеріне ерекше назар аударды. Ол қылмыскерлердің жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, кибералаяқтық схемаларды жетілдіріп жатқанын атап өтті. Дропперлік жүйелер, дипфейк технологиялары арқылы алдау, қаржы мен деректерді ұрлау – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Ол қылмыстық әрекеттердің автоматтандырылуы құқық қорғау саласына жаңа талаптар жүктеп отырғанын жеткізді.

Іс-шара барысында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Айгерім Айтмолдина, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымының кандидаты Гүлмира Байркенова және Абай облысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Алуа Сабалақова сыбайлас жемқорлықпен күрес пен оның алдын алу мәселелерін терең талдап, тиімді шараларды енгізу арқылы қоғамдағы сенімді арттыруға және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсыныстарды ұсынды.

Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тәсілдерін жаңғырту, ағартушылық жұмыстарды күшейту және жүйелі оқыту тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл бағыттар қоғам санасын өзгертуге және адалдық қағидаттарын нығайтуға негіз болмақ.

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе, білім беру ұйымдарының бұл бағыттағы рөлі айрықша. Өйткені дәл осы ортада болашақ мамандардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігі қалыптасады.

Шәкәрім университетінде өткен бұл семинар – адалдық қағидаттарын дәріптеуге, заманауи сын-қатерлерге қарсы тұруға және тиімді шешімдер іздеуге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі.

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары қарастырылды

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру