Жаңалықтар 23.04.2026 45

Құмар ойын – құрдымға бастар жол

Құмар ойын – құрдымға бастар жол

Шәкәрім университетінің Психологиялық қолдау қызметінің ұйымдастыруымен «Жастар арасындағы лудомания: себептері, салдары және психологиялық-әлеуметтік әсері» тақырыбында маңызды іс-шара өтті.

Жастар арасында лудомания мәселесі туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру, тәуелді мінез-құлықтың пайда болу себептері мен оның салдарын түсіндіру, қаржылық және мінез-құлықтық тәуекелдерге жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздеген іс-шарада, сонымен қатар, қауіптің алдын алу мен психологиялық көмек көрсетудің тиімді тәсілдері де кеңінен талқыланды.

Талдау мен ашық пікір алмасуға бағытталған кездесуде сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Луч» оңалту орталығының басшысы Анна Лихоманова «Жастар арасындағы лудоманияның себептері мен факторлары» тақырыбында баяндама жасап, құмар ойындарға тәуелділіктің психологиялық, әлеуметтік және экономикалық алғышарттарына жан-жақты тоқталды. Ол жастардың тәуекелге бейімділігі, эмоциялық тұрақсыздық, әлеуметтік орта әсері секілді факторлардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Ал аталған орталықтың психологы Бекназар Акимжанов «Тәуелді мінез-құлықпен жұмыс істеудегі тәжірибе және практикалық кейстер» жайлы айтып, нақты мысалдар арқылы тәуелділікпен күресудің тиімді әдістерін ұсынды. Ол психологиялық қолдау көрсету, мотивацияны арттыру және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының маңыздылығына ерекше назар аударды.

Іс-шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, жастар арасында лудоманияның алдын алу жолдары, оның ішінде ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды күшейту, отбасылық тәрбие мен психологиялық қолдаудың рөлін арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесу соңында университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов іс-шараны қорытындылап, көтерілген мәселелердің өзектілігіне тоқталды. Ол жастардың психологиялық саулығын сақтау – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, спикерлерге алғыс білдірді. Сондай-ақ, белсенді қатысушылар мен қонақтарға Алғыс хаттар табысталды.

Құмар ойын – құрдымға бастар жол
Құмар ойын – құрдымға бастар жол

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру