InspireEdu workshop: мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің кәсіби өсуіне жаңа серпін
Шәкәрім университетінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие беру саласындағы педагог кадрлардың кәсіби және көшбасшылық әлеуетін арттыруға бағытталған "InspireEdu: Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының кәсіби өсу траекториясы және көшбасшылық мүмкіндіктері" облыстық интерактивті воркшобы өтті.
Аталған іс-шара университеттің миссиясымен үндесе отырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, кәсіби тұрғыда бәсекеге қабілетті, кемел тұлғаны қалыптастыру идеясына негізделді. Workshop мектепке дейінгі білім беру саласы педагогтерінің білім берудегі көшбасшылық құзыреттерін дамытуға, кәсіби өсу деңгейін айқындауға және мансаптық дамудың жаңа мүмкіндіктерін таныстыруға бағытталды.
InspireEdu іс-шарасының мақсаты – қатысушыларды Шәкәрім университетінің магистратура бағдарламаларымен жан-жақты таныстыру, сондай-ақ, педагогтердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға ықпал ету.
Іс-шара барысында білім беру саласындағы көшбасшылық құзыреттерді қалыптастыру жолдары, магистратурада оқу арқылы педагогтің кәсіби және мансаптық өсуіне жол ашатын мүмкіндіктер кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, қатысушыларға магистратураға қабылдау ережелері, талаптары мен құжат тапсыру тәртібі бойынша толық әрі нақты ақпарат ұсынылды. Мектепке дейінгі ұйым педагогтері Инклюзивті білім беруді дамыту ресурстық орталығының қызметімен танысып, орталықтың педагогтерге көрсететін әдістемелік және практикалық қолдауы жөнінде мағлұмат алды.
Workshop жұмысы педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Бибігүл Оспанованың алғы сөзімен басталды. Ол өз сөзінде университеттің педагог кадрларды даярлаудағы стратегиялық басымдықтарына тоқталып, InspireEdu алаңының кәсіби педагогикалық қауымдастық үшін маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараның мазмұндық бөлігі екі бағыт бойынша ұйымдастырылды.
«Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие» диалог алаңын педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Раукен Мухметова жүргізіп, мектепке дейінгі білім берудегі өзекті мәселелер мен кәсіби өсу, магистратураның тәжірибелік мүмкіндіктері талқыланды.
Ал «Білім берудегі көшбасшылық» сүйемелдеу шеберханасын психология ғылымдарының кандидаты, профессор Шолпан Сатиева жүргізіп, педагогтың көшбасшылық рөлі мен басқарушылық ойлау жүйесі қарастырылды.
Іс-шарада педагогика және психология кафедрасының аға оқытушылары Гүлнар Жакпарова, Маржан Ноғайбаева, Арай Әлімбаева қатысушыларға арналған «Педагог-лидер: кәсіби өсу траекториясы» тақырыбында пікір алмасу сессиясын өткізді. Сессия барысында педагог тұлғасының көшбасшылық бейнесі, кәсіби даму жолдары, заманауи білім беру кеңістігіндегі педагогтің рөлі мен жауапкершілігі талқыланды.
InspireEdu облыстық интерактивті воркшобы мектепке дейінгі білім беру саласы педагогтері үшін тәжірибе алмасуға, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға және үздіксіз дамуға шабыт беретін маңызды алаң болды.