Мазмұнға өту
Жаңалықтар 11.09.2026 42

Ғылым шекарасын кеңейткен халықаралық ынтымақтастық

Ғылым шекарасын кеңейткен халықаралық ынтымақтастық

Шәкәрім университетінде ғылымның заманауи бағыттары, халықаралық зерттеу байланыстары және инновациялық тағам технологиялары талқыланған мазмұнды ғылыми кездесу өтті. Университетте Түркиянің Ығдыр университетінің тағамтану және нутрициология профессоры, доктор Дюрид Альвазир (Duried Alwazeer) «Зерттеу, ынтымақтастық және инновация жолы» тақырыбында дәріс оқыды.

Кездесуге профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысып, тағам өндірісіндегі жаңа технологиялар, молекулалық сутекті қолдану мүмкіндіктері жөнінде тың ақпарат алды.

Ғылымды жаңа технологиялармен ұштастырған зерттеу бағыты

Профессор Дюрид Альвазир – Ығдыр университетіндегі Инновациялық тағам технологияларын әзірлеу, қолдану және зерттеу орталығының басшысы, сондай-ақ «H2Team» халықаралық ғылыми-зерттеу тобының негізін қалаушы әрі жетекшісі.

Ғалым басқаратын халықаралық зерттеу тобы молекулалық сутекті (H₂) әртүрлі ғылыми және қолданбалы міндеттерді шешудің жаңа құралы ретінде қарастырады. Бұл бағыттың ерекшелігі – тек технологияны жетілдірумен шектелмей, оның тағам өндірісінен бастап ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қоршаған орта мәселелеріне дейінгі ықтимал қолдану аясын зерттеуінде.

Профессордың ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттарының бірі – тағам өндірісінде молекулалық сутекті пайдалану. Зерттеулерде H₂ өнімдердің сапасын сақтауға, тотығу процестерін басқаруға және технологиялық үдерістердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін фактор ретінде қарастырылады.

Ғалым әзірлеген тағы бір инновациялық бағыт – қалпына келтіруші атмосферада кептіру технологиясы (RAD). Бұл әдіс кептіру барысында өнімнің тағамдық құндылығы мен қасиеттерін барынша сақтауға бағытталған.

Сонымен қатар құрамында сутегі бар суды экстракция үдерістерінде пайдалану, өсімдік шикізатынан фенолдық қосылыстар мен антиоксиданттарды тиімді бөліп алу, сондай-ақ қалпына келтіруші атмосферада қаптау (RAP) технологиялары зерттелуде. Соңғысы синтетикалық консерванттарды қолданбай-ақ тағам өнімдерінің сақтау мерзімін ұзартудың перспективалы тәсілдерінің бірі ретінде қарастырылады.

Агроөнеркәсіп қалдықтары – зерттеудің жаңа ресурсы

Қазіргі таңда әлемдік тағам индустриясы алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – өндіріс барысында пайда болатын қалдықтарды азайту және оларды қайтадан экономикалық айналымға енгізу.

Осы тұрғыдан алғанда, профессор Дюрид Альвазирдің зерттеу бағыты Шәкәрім университетінің ғылыми ізденістерімен сабақтас. Екі университет ғалымдарының бірлескен еңбектерінде агроөнеркәсіп өндірісі қалдықтарын құны жоғары биоөнімдерге айналдыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл бағыт ғылыми әдебиетте «валоризация» ұғымымен сипатталады. Яғни қалдық ретінде қарастырылған шикізаттың құрамындағы пайдалы биологиялық белсенді заттарды бөліп алып, оларды тағам, фармацевтика, косметика немесе басқа да салаларда қолдануға болатын жаңа өнімдерге айналдыру.

Бұл зерттеулердің өзектілігі – бір жағынан агроөнеркәсіптік қалдықтардың көлемін азайтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан олардың құрамындағы құнды биологиялық компоненттерді қайта пайдалануға жол ашуында.

Халықаралық ғылыми желі

Халықаралық ынтымақтастықтың маңызды көрсеткіші – бірлескен ғылыми жарияланымдардың болуы. Ығдыр университеті мен Шәкәрім университеті ғалымдарының әріптестігі аясында сегіз ғылыми жарияланым дайындалған.

Олардың басым бөлігінде жүзім қалдықтарын тиімді пайдалану мәселесі қарастырылған. Бес зерттеу осы бағытқа арналса, қалған еңбектер тағамтану, өсімдік шикізатынан, соның ішінде жалбыздан пайдалы қосылыстарды экстракциялау және биомассаны валоризациялау мәселелерін қамтиды.

Осылайша халықаралық ынтымақтастық тек ғылыми пікір алмасу деңгейінде қалып қоймай, бірлескен зерттеулер мен жарияланымдарға ұласқан жүйелі ғылыми серіктестікке айналып келеді.

Профессор Дюрид Альвазир жетекшілік ететін H2Team қызметінің тағы бір ерекшелігі – оның халықаралық сипатында. Ғылыми әріптестік Түркия, Франция, Қазақстан, АҚШ, Қытай, Канада, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттердің зерттеушілерін қамтиды.

Молекулалық сутекті зерттеу бағыты да бір ғана ғылым саласымен шектелмейді. Оның аясында тағамтану ғылымы мен технологиясы, нутрициология, ауыл шаруашылығы, биотехнология, ветеринария, медицина, биохимия, фармакология және спорт медицинасы сияқты бағыттар тоғысады. Бір ғылыми мәселені әртүрлі саланың мамандары бірлесе зерттеген жағдайда оның технологиялық және практикалық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік туады.

Қос университет арасындағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын ұлттық ғылыми бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Бұл халықаралық ғылыми серіктестіктің нақты институционалдық негізі қалыптасқанын көрсетеді.

Ғылыми ізденістердің жаңа көкжиегі

Бүгінде Ығдыр университеті мен Шәкәрім университетінің ынтымақтастығы орнығып, бір тараптың молекулалық сутек пен инновациялық тағам технологияларындағы тәжірибесі екінші тараптың тағам инженериясы мен биомассаны тиімді пайдалану бағыттарымен ұштасып, жаңа ғылыми ізденістерге жол ашуда.

Шәкәрім университеті үшін мұндай ынтымақтастық халықаралық ғылыми кеңістікке кірігудің ғана емес, өңірдегі агроөнеркәсіп пен тағам өндірісінің өзекті мәселелерін ғылым арқылы шешудің мүмкіндігі.

Қазіргі ғылым зертханамен шектелмейді. Оның нәтижесі жаңа технологияға, өндірістік шешімге және қоғамға қажетті нақты өнімге айналуы тиіс.

Шәкәрім университетінде өткен бұл дәріс ғылыми идеялармен бөлісудің ғана емес, жаңа бірлескен жобаларға, халықаралық зерттеулерге және инновациялық шешімдерге бастайтын маңызды басқосу болды.

Ғылым шекарасын кеңейткен халықаралық ынтымақтастық
Ғылым шекарасын кеңейткен халықаралық ынтымақтастық
Ғылым шекарасын кеңейткен халықаралық ынтымақтастық
Ғылым шекарасын кеңейткен халықаралық ынтымақтастық

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру