Еріктілік – елге қызмет етудің ең ізгі жолы
Шәкәрім университеті қабырғасында «Көшбасшылар: Патриот болу – парызымыз!» тақырыбындағы үздік еріктілер топтарының облыстық форумы өтті. Ауқымды шара Shakarim University мен Абай облысы білім басқармасының дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асты. Форумға университет студенттері мен Абай облысындағы мектептердің еріктілер ұйымдарының белсенді өкілдері қатысып, ортақ идея мен игі бастамалар төңірегінде ой бөлісті.
Форумды «Дарын» орталығының директоры Жадыра Ныязбекова ашып, бұл басқосу – өңірдегі ең белсенді, бастамашыл жастардың басын қосқан маңызды алаң екенін атап өтті. «Біздің мақсатымыз – сіздердің жобаларыңыз арқылы қоғамға үлес қосып жүрген еріктілердің еңбегімен танысу. Еріктілік – тек көмек көрсету емес, ол – Отанға қызмет ету, елге жанашырлық таныту»,- деді ол. Сонымен қатар, биылғы жылдың «Еріктілер жылы» болып жариялануына орай жастардың бастамаларына қолдау білдіру, олардың қатарын арттыру маңызды екенін жеткізді.
Shakarim University Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева тоқсан жылдық тарихы бар университет шаңырағында жас еріктілерді көргеніне қуанышты екенін айтып, еріктіліктің мәні мейірім мен жанашырлықта екенін ерекше атап өтті. «Ерікті – өз еркімен, ақысыз негізде қоғамға пайдасын тигізетін жан. Мейірімді адам ғана шынайы қамқор бола алады. Өңірімізде сіздердей көркем мінезді жастардың өсіп келе жатқаны қуантады»,- деді ол.
Форум аясында Shakarim University Студенттік парламенті спикері Ахмет Есенбек «Шәкәрім университетінің еріктілер қозғалысы: тәжірибе және нәтиже» тақырыбында баяндама жасап, оқу ордасындағы еріктілер ұйымының жүзеге асырған жобалары мен нақты нәтижелерін таныстырды. Университет жастарының әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық бағытындағы бастамалары олардың белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетті.
Ал Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназияның 11 сынып оқушысы Еділ Төкен «Тұлғалық даму – қоғамды дамыту» тақырыбында сөз сөйлеп, еріктілік қызметтің жастардың өзін-өзі жетілдіруіне, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның ойынша, қоғамды өзгерту – әр адамның өзінен басталады.
Форум – тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, елдік рухты нығайтқан тағылымды кездесу болды. Патриот болу – сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет. Ал еріктілік – сол қасиеттің жарқын көрінісі.