Цифрлық өндіріс технологияларын меңгеруге арналған зертхана ашылды
Шәкәрім университетінің Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебінің Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасында Цифрлық инженерия зертханасы ашылды.
Зертхана заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған, атап айтқанда 3D-сканер, 3D-принтер және виртуалды зертханалық бағдарламалармен және инженерлік модельдеу мен жобалау жұмыстарын орындауға арналған КОМПАС-3D және SolidWorks бағдарламаларының лицензиялық нұсқалары қамтамасыз етілген.
Ашылу салтанатында университет ректоры Думан Орынбеков жаңа зертхананың маңыздылығына тоқталды.
-Зертхананы заманауи құрылғылармен жабдықтау – маңызды қадам. Алайда одан да маңыздысы – осы кеңістікті білікті мамандармен, білімге құштар студенттермен, яғни адами капиталмен толықтыру. Осындай зертханалар студенттердің инженерлік құзыреттіліктерін дамытуға, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және жаңа технологияларды игеруге үлкен мүмкіндік береді. Бастаған істеріңіз жемісті болып, бұл зертхана болашақ инженерлердің кәсіби қалыптасуына өз үлесін қосады деп сенемін,- деді ол.
Аталған зертхана негізінен «Машина жасаудағы цифрлық технологиялар» білім беру бағдарламасының студенттері мен «Машина жасау» білім беру бағдарламасының магистранттарының оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Мұнда білім алушылар заманауи цифрлық өндіріс технологияларын меңгеріп, бөлшектерді 3D-сканерлеу, цифрлық модельдерін жасау, аддитивті технологиялар арқылы прототиптерін дайындау және олардың құрылымдық ерекшеліктерін талдау жұмыстарын орындайды.
Сонымен қатар, зертханада виртуалды зертханалық кешендер арқылы өндірістік процестерді модельдеу, инженерлік есептеулер жүргізу және заманауи CAD/CAM/CAE жүйелерімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру көзделген. Бұл білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға және болашақта цифрлық өндіріс саласында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Раил Советбаев:
-Бұл зертхананы ашудағы мақсатымыз – студенттер мен магистранттардың цифрлық құзыреттілігін арттыру. Мұнда 3D-сканерлер, 3D-принтерлер және виртуалды зертханалық кешендер бар. Мұндай виртуалды зертханалар студенттердің өндірістік процестерді қауіпсіз ортада меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл жабдықтардың барлығы білім алушыларға қолайлы жағдай жасап, олардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған,- дейді.
Цифрлық инженерия зертханасының ашылуы – университеттің ғылыми білім беру инфрақұрылымын дамытуға және машина жасау саласындағы цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған маңызды қадам.