Мазмұнға өту
Жаңалықтар 04.09.2026 85

Білім беру мен әлеуметтік қолдауды ұштастырған ынтымақтастық

Білім беру мен әлеуметтік қолдауды ұштастырған ынтымақтастық

Шәкәрім университеті мен Абай облысы Семей қаласының №3 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Екіжақты кездесуге Шәкәрім университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Динара Оспанова, стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов, Құзыреттілікті дамыту және мансап орталығының басшысы Ләззат Габдуллина, сондай-ақ №3 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Дариға Абайқызы қатысты.

Бұл серіктестік білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыруына, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруіне және әртүрлі әлеуметтік бастамаларға араласуына жол ашуды көздейді. Сонымен қатар білім алушылар үшін практикалық тәжірибе жинақтап, әлеуметтік жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін жаңа бағыттарды қалыптастыруға негіз болады.

Меморандумның негізгі мақсаты – тараптар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және әлеуметтік бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

Ынтымақтастық аясында білім алушылардың кәсіби және әлеуметтік құзыреттерін дамытуға, практикалық тәжірибе алуына, аға буын өкілдерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және қоғам үшін маңызды әлеуметтік бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға басымдық беріледі.

Серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі – білім беру, ағартушылық және әлеуметтік қызмет салаларындағы өзара жұмысты дамыту. Бұл бағытта Шәкәрім университетінің «Күміс университет» жобасының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылмақ.

Бүгінде «Күміс университет» аға буын өкілдеріне жаңа білім игеріп, заманауи дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып келеді. Жоба аясында қазақ, ағылшын және түрік тілдері бойынша тілдік курстар, цифрлық сауаттылық сабақтары, психологиялық денсаулыққа арналған семинарлар ұйымдастырылады.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы білім беру бағдарламаларын мазмұндық тұрғыдан кеңейтіп, аға буын өкілдерінің күнделікті өміріне қажетті практикалық дағдыларды қамтитын жаңа курстар мен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Аталған меморандум – білім беру мен әлеуметтік қызмет көрсету салаларындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Екі ұйымның өзара тәжірибе алмасуы мен бірлескен жобалары қоғамның әр буынына жаңа мүмкіндік ұсынып, білімнің өмір бойы жалғасатын құндылық екенін айқындай түседі.

Алдағы уақытта бұл ынтымақтастықтың аясын кеңейтіп, әлеуметтік маңызы бар жаңа бастамаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Білім беру мен әлеуметтік қолдауды ұштастырған ынтымақтастық
Білім беру мен әлеуметтік қолдауды ұштастырған ынтымақтастық
Білім беру мен әлеуметтік қолдауды ұштастырған ынтымақтастық
Білім беру мен әлеуметтік қолдауды ұштастырған ынтымақтастық

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру