Белгілі суретшілер Семейде шығармашылық пленэрге қатысты
Мамыр айының 29-30 жұлдызында Шәкәрім университеті мен Абай өңірлік Дизайнерлер одағының бірлескен бастамасымен елімізге және шетелдерге танымал суретшілер – Кәміл Муллашев, Төлеуғазы Байғалиев, Гүлмарал Тәттібай және Наталья Лигайдың қатысуымен «Шоқан ізімен» атты шығармашылық пленэр ұйымдастырылған болатын. Семинар барысында қазақстандық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдері өздерінің шығармашылық жолы, кәсіби тәжірибесі және өнердегі ізденістері туралы ой бөлісті.
Алғашқы күні өткізілген семинар жөнінде «Қазақ бейнелеу өнерінің тағылымынасихатталды» деген мақаламызда жазған болатынбыз.
Пленэрдің екінші күні тарихи және табиғи нысандарды бейнелеуге арналды. Пленэр қаланың тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі әрі Шоқан Уәлихановтың өмірімен байланысты киелі орындардың бірі – Тінібай мешітінде басталды.
Қонақтар алдымен мешітте құран бағыштап, кейін оның сәулеттік келбетін кенеп бетіне түсірді. Пленэр жұмыстарына Шәкәрім университетінің «Өнер» кафедрасының оқытушылары мен студенттері де белсенді қатысты. Суретшілер мешіт сәулетін қоршаған табиғат көріністерімен үйлестіре отырып, майлы бояу техникасында әсерлі туындылар жазды. Мешітке келушілер суретшілер мен студенттердің шығармашылық жұмыстарына қызығушылық танытып, жоғары бағаларын берді.
Пленэр барысында әр суретшінің табиғатты қабылдау ерекшелігі мен шығармашылық қолтаңбасының бірегейлігі айқын байқалды. Студенттер тәжірибелі суретшілердің жұмыс барысын бақылап, кескіндеме өнерінің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар кафедра оқытушысы, елімізге танымал суретші Талғат Татиев өзінің шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, пленэрлік жұмыс орындады. Ал Рахат Берікбол Кәміл Муллашевтың графикалық портретін салып, өз шеберлігін көрсетті.
Түстен кейін пленэр қатысушылары Семей өңірінің көрікті орындарының бірі – қарағайлы орманға барып, табиғат аясындағы шығармашылық жұмыстарын жалғастырды. Қылқан жапырақты орманның көркем панорамалық көріністері суретшілерге ерекше шабыт сыйлады. Пленэрге қатысушылар белгілі суретшілер мен өнертанушылардың шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби кеңес алды. Табиғат аясында өткен бұл шығармашылық жұмыс студенттердің кәсіби шеберлігін арттырып, бейнелеу өнерінің майталмандарымен бірге жұмыс істеу арқылы тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді.