Жаңалықтар 13.08.2026 42

Агроөнеркәсіп кешенін білімді мамандар дамытады

Агроөнеркәсіп кешенін білімді мамандар дамытады

Қазақстанның ауыл шаруашылығы жаңа кезеңге аяқ басып келеді. Бұған елдегі агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны ғана емес, халықаралық сарапшылардың Қазақстанның аграрлық әлеуетіне аударған назары да дәлел.

Кеше ғана шетелдік The World Financial Review басылымы Қазақстанның аграрлық секторындағы өзгерістерге арнайы материал арнап, елдің ауыл шаруашылығы шикізатын өндіретін мемлекеттен толыққанды агроазық-түлік хабына айналу бағытын атап өтті.

Бұл – назар аударарлық тенденция. Өйткені Қазақстан ұзақ уақыт бойы ең алдымен астық, соның ішінде бидай экспорттаушы ел ретінде танылып келді. Енді аграрлық саясаттың мазмұны кеңейіп, өндірілген өнімді терең өңдеу, дайын тауар шығару, тиімді логистика құру және сыртқы нарыққа бәсекеге қабілетті өнім ұсыну міндеті алдыңғы қатарға шықты.

Басылым келтірген деректер де осы өзгерістің ауқымын аңғартады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 18,2 млрд доллардан асып, шамамен 6 пайызға өскен. Ел диқандары 25,9 млн тонна астық, оның ішінде 19,3 млн тонна бидай жинаған. Сонымен бірге аграрлық өндірістің құрылымы да біртіндеп өзгеріп келеді: бидай алқаптары қысқарып, майлы дақылдар, жүгері және өзге де дақылдардың үлесі артуда.

Алайда бүгінгі міндет – тек мол өнім алу емес. Ең бастысы – сол өнімнің ел ішінде барынша терең өңделіп, қосылған құны жоғары тауарға айналуы. Яғни қазақ даласының байлығы енді тек астық қоймасымен өлшенбеуі керек. Оның шынайы әлеуеті – шикізатты өндіру, оны өңдеу, жаңа технология енгізу, дайын өнім шығару және әлемдік нарыққа ұсыну сияқты тұтас тізбекті қалыптастыруда.

Мұндай ауқымды міндет, ең алдымен, білікті маманды қажет етеді. Аграрлық сектордың жаңғыруы техника мен инвестицияға ғана емес, заманауи білімге, ғылымға және жаңа буын мамандарына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шәкәрім университетінің ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандар даярлауының маңызы арта түседі.

Университетте аграрлық саланың түрлі буынын қамтитын білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Атап айтқанда, «Агрономия», «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы», «Ветеринария», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Тамақ инженериясы» бағыттары бойынша білім алып жатқан жастар болашақта ауыл шаруашылығы өндірісінің, мал шаруашылығының, ветеринариялық қызметтің және азық-түлік өңдеу өнеркәсібінің дамуына үлес қоса алады.

Ал биыл алғаш рет ашылып отырған «Су ресурстары және трансшекаралық қауіпсіздік» білім беру бағдарламасы да уақыт талабынан туындаған маңызды бағыттардың бірі. Су ресурстарының тиімді пайдаланылуы мен қауіпсіздігі – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін аса маңызды фактор.

Бүгінгі агросекторға тек егістікке шығып, өнім өндіретін маман ғана емес, жаңа технологияны меңгерген агроном, өнім сапасын бақылайтын технолог, мал шаруашылығын заманауи әдістермен дамытатын маман, ветеринар, су ресурстарын тиімді басқаратын сарапшы қажет.

Сондықтан Қазақстанның аграрлық секторындағы бүгінгі өзгерісті білім мен ғылымнан бөле-жара қарау мүмкін емес.

The World Financial Review басылымының Қазақстанды болашақтағы Еуразияның агроазық-түлік хабы ретінде бағалауы – елдің ауыл шаруашылығындағы әлеуетке сырт көздің берген бағасы ғана емес, бұл алдымыздағы мүмкіндіктердің ауқымын көрсететін көрсеткіш деп білуіміз керек.

Қазақ даласының кеңдігі – табиғи артықшылық. Ал сол кеңістіктен мол өнім алып, оны сапалы өңдеп, әлемдік нарыққа шығаратын қуатты агроөнеркәсіп қалыптастыру – білімді, технологияны және білікті кадрды қажет ететін үлкен міндет.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру