Шәкәрім музейі: қайта оралған есім, жаңғырып жатқан мұра
Шәкәрім университетінде Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылық мұрасына тұтас арналған музей кеңістігін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қазір мұнда құрылыс жүріп жатыр: ескі конструкциялар алынып, қабырғалар ашылып, жаңа инженерлік коммуникациялар тартылуда. Сырт көзге бұл – кез келген жөндеу жұмысына тән үйреншікті көрініс. Алайда осы құрылыс шаңы мен қозғалыстың ар жағында университет кеңістігін жаңартудан әлдеқайда ауқымды мақсат тұр. Бұл – ұлы ойшылдың өмірі мен мұрасын жаңа қырынан танытатын, тарих пен заманауи технологияны тоғыстыратын жаңа музей қалыптастыру жобасы.
Болашақ музей дәстүрлі жәдігерлер қойылған экспозициялық зал ғана емес, ғылыми-танымдық әрі мәдени кеңістік ретінде жасақталады. Мұнда цифрлық экспозициялар мен мультимедиялық залдар, архив құжаттары мен қолжазбалар, сирек фотосуреттер мен ғылыми зерттеулер өзара сабақтасып, Шәкәрім әлемін тұтас танытуға қызмет етеді.
Келуші мұнда Шәкәрім өмірінің әр кезеңіне үңіліп қана қоймай, оның тағдырымен сабақтас тарихи орындарды виртуалды кеңістікте аралап, шығармалары мен қолжазбаларына назар аударып, ойшылдың дүниетанымы қалыптасқан тарихи-әлеуметтік ортаны тереңірек тани алады. Яғни музейдің мақсаты – Шәкәрім туралы дайын ақпаратты ұсыну ғана емес, келушіні ойшылдың рухани әлеміне жетелейтін таным кеңістігін қалыптастыру.
Екі жыл бұрын Университет тарихы музейінде Шәкәрім музейі ашылған еді. Жаңа жоба – сол бастаманың заңды жалғасы. Бірақ уақыт өте келе музейдің ауқымы мен тұжырымдамасын қайта қарауға түрткі болған маңызды мәселе алға шықты: егер университет 1993 жылдан бері Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленіп келе жатса, ұлы тұлғаның мұрасын жеке бір экспозиция көлемінде ғана таныту жеткілікті ме?
Әсіресе Абай, Шәкәрім және Алаш рухы тоғысқан осынау қасиетті жерде бұл сұрақтың мәні бөлек.
Сондықтан музей кеңістігін тұтастай Шәкәрім мұрасына арнау туралы шешім қабылданды. Бұған дейін университет тарихына қатысты 1934 жылдан бастау алатын көптеген материалдар, оқу ордасын әр жылдары басқарған тұлғалардың фотосуреттері мен архив құжаттары жинақталып, цифрландырылды. Бұл жұмыс университет тарихының маңызды деректер қорын сақтауға мүмкіндік берсе, музей тұжырымдамасын қайта қарау Шәкәрім тұлғасына басты назар аударуға жол ашты.
Ал қазіргі музей Шәкәрімді қандай қырынан көрсетуі керек?
Бұл сұрақтың жауабы бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Ақын. Философ. Тарихшы. Аудармашы. Композитор. Абайдың шәкірті әрі інісі.
Бірақ осы атаулардың әрқайсысының ар жағында тұтас бір рухани әлем, мол ғылыми-шығармашылық мұра және күрделі тағдыр жатыр.
Шәкәрім дәуірлер тоғысында өмір сүрді. Ол түбегейлі қоғамдық өзгерістердің, төңкерістердің, мемлекеттік құрылымның ауысуы мен ХХ ғасыр басындағы қасіретті оқиғалардың куәсі болды. Оның интеллектуалдық дүниетанымы Абайдың тікелей айналасында қалыптасты, ал кейінгі өмірі Алаш қозғалысы қалыптасқан, ұлттық сана өзгерген, қазақ зиялылары халықтың болашағына қатысты сауалдарға жауап іздеген кезеңмен тұспа-тұс келді.
Сондықтан Шәкәрім мұрасын тек әдебиет тарихының шеңберінде қарастыру оның тұлғасының ауқымын тарылтып жіберер еді.
Оның шығармаларында философия мен дін, тарих пен адамгершілік, ар-ұждан мен жауапкершілік, адамның ішкі болмысы мен қоғам алдындағы парызы секілді мәңгілік мәселелер сабақтасып жатыр. Қазақ халқының тарихы мен дүниетанымы, адамның рухани кемелденуі мен ар тазалығы туралы ойлары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Зерттеушілер оның мұрасына тереңірек бойлаған сайын, зерделеуді, дереккөздерді салыстыруды және өмірбаянының жекелеген беттерін нақтылауды қажет ететін жаңа бағыттар ашыла түседі. Демек, Шәкәрім мұрасы – бір рет танып, біржола түйін жасап қоятын жабық тақырып емес. Ол – уақыт өткен сайын жаңа қырынан ашыла түсетін шексіз әлем.
Есімін елге қайтаруға кеткен 57 жыл
Шәкәрімнің халқына қайта оралу тарихының өзі музей экспозициясының ең маңызды бөлімдерінің біріне айналуға лайық.
1931 жылы қаза тапқаннан кейін ойшылдың есімін халқына толық қайтару үшін 57 жыл қажет болды. Бұл – бір адамның ғұмырына татитын уақыт.
Осы жылдар ішінде Шәкәрім есімін ақтап, оның мұрасын елге қайтаруға бірнеше мәрте талпыныс жасалды. «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген Жабайхан Әбділдиннің «С правом на правду» атты мақаласында (https://kazpravda.kz/n/zhabayhan-abdildin-s-pravom-na-pravdu/) осы үдерістің күрделі жолына қатысты маңызды дерек келтіріледі. Автордың мәліметінше, Шәкәрім есімін ақтап, халыққа қайта оралтуға сегізден астам талпыныс жасалған.
Алайда бұл талпыныстардың нәтижелі болуы үшін бірнеше онжылдық қажет болды. Ақыры 1988 жылы Шәкәрімнің есімі халқына қайта оралды.
Бұл – жай ғана бір есімді ақтау емес еді. Бұл – тарихи әділеттің қалпына келуі, ұлттық жадының жаңғыруы, тұтас бір рухани мұраның қайта тірілуі болатын.
Осы бір санның ар жағында бірнеше буынның тағдыры жатыр.
Шәкәрімді халқына қайтару жолында табандылықпен күрескен тұлғалардың бірі Қайым Мұхамедханов болды. Ғалымның Абай мұрасы мен оның ақындық ортасын зерттеуге арналған еңбегі буржуазиялық ұлтшылдықтың көрінісі ретінде бағаланды. «Абайдың әдеби мектебі» диссертациясын қорғағаннан кейін Қайым Мұхамедханов тұтқындалып, 1951 жылы контрреволюциялық қызмет жасады деген айыппен 25 жылға сотталды. Бостандыққа шыққаннан кейін де ол студенттерге Шәкәрім шығармашылығы туралы дәріс оқуды жалғастырып, оны ақтау жөнінде өтініштер жолдады.
1958 жылы тарихи әділеттілік қалпына келетіндей үміт пайда болды. Шәкәрімнің контрреволюциялық көтеріліске қатысқаны дәлелденбеген деп танылып, іс тоқтатылды. Ұлы Ахат әкесінің қолжазбаларына қол жеткізді. 1959 жылдың басында «Қазақ әдебиеті» газеті Шәкәрімнің өлеңдері мен фотосуретін жариялады.
Алайда толыққанды ақталу жүзеге аспады. Жарияланым идеологиялық органдардың қарсылығын туғызып, ойшылдың мұрасы қайтадан іс жүзінде жабық күйде қалды.
1960 жылдары оның өмірі мен шығармашылығын зерттейтін комиссиялар құрылды. Мамандар Шәкәрімді халқына қайтару қажет деген қорытындыға келді, алайда қабылданған шешімдер жалғасын таппады. Ахат Шәкәрімұлы мен Қайым Мұхамедханов шығармаларын жарыққа шығаруға ықпал етуін сұрап, тіпті КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевке де жүгінді. Бірақ бұл әрекет те нәтиже бермеді.
Бұл тарихтың ерекше бір парағы 1961 жылмен байланысты. Ахат әкесі атылғаннан кейін оның сүйегі тасталған құдықтан мүрдесін алып шықты. Сол жылдың 8 тамызында Шәкәрім Абайдың жанына қайта жерленді.
Ол ата-бабасы жатқан топыраққа оралды. Ал есімінің еліне оралуын тағы отыз жылға жуық күтуге тура келді.
1987 жылы Қайым Мұхамедханов одақтық басылымдар мен КСРО Жазушылар одағына қайта жүгінді. Бір жылдан кейін ақтау мәселесін қарастырған үкіметтік комиссияны көрнекті қазақстандық философ, академик Жабайхан Әбділдин басқарды.
Жабайхан Әбділдиннің естеліктерінен байқалғандай, ойшыл тұлғасының төңірегіндегі қатаң идеологиялық тартыс әлі де жалғасып, бұрынғы айыптаулар қайта айтылды. Комиссия төрағасына ғалымдардың тұжырымдарын республикалық органдар басшыларының алдында қорғауға тура келді. Тек 1988 жылы ғана ондаған жылға созылған күрес Шәкәрім есімінің толық ақталуымен аяқталды.
Тарихи әділеттіліктің орнауы келесі кезеңнің басталуына жол ашты: ендігі міндет ойшылдың мұрасын қоғамға қайтарып, оны барынша толық қалпына келтіру еді.
Ақтаудан зерттеуге дейін
Кейінгі онжылдықтарда орасан зор ғылыми жұмыс атқарылды. Шәкәрім шығармалары жарық көре бастады, оның мұрасы мектеп пен университет бағдарламаларына енді, монографиялар, диссертациялар мен зерттеулер жазылды. Оның есімі көшелерге, мекемелерге, университетке берілді.
Алайда арада өткен 57 жыл өз ізін қалдырмай қоймады.
Тарихи тұлға ондаған жылдар бойы ғылыми және қоғамдық кеңістіктен шеттетілген кезде оның мұрасын зерттеудегі табиғи сабақтастық үзіледі. Замандастары өмірден өтеді, құжаттар әртүрлі архивтерге тарап кетеді, естеліктердің бірнеше нұсқасы пайда болады. Бір деректер кең тараса, енді біреулері көпшілікке белгісіз күйде қалады. Кейінгі кезеңдегі пайымдар кейде қалыптасқан факт ретінде қабылдана бастайды, ал түпнұсқа деректерге жүгіну олардың бірқатарын нақтылауды талап етеді.
Сондықтан қазіргі шәкәрімтанудың алдында ойшылдың интеллектуалдық өмірбаянын барынша толық қалпына келтіру міндеті тұр.
Қандай деректер құжаттармен расталады, ал қайсысы кейінгі естеліктерге негізделген? Оның қоғамдық қызметінің қандай беттері әлі де зерттеуді қажет етеді? Шәкәрімнің араласқан ортасы, сол кезеңдегі саяси оқиғаларға көзқарасы туралы не білеміз? Оның дүниетанымы қалай қалыптасты және қалай өзгерді? Тарихи және философиялық еңбектерінің негізінде қандай дереккөздер жатты?
Бұл сұрақтарға жауап беру архивтермен, қолжазбалармен, түпнұсқа деректермен жүйелі жұмыс істеуді, бұрыннан белгілі мәліметтерді жаңадан табылған материалдармен салыстырып зерттеуді талап етеді.
Шәкәрім университетінің болашақ музейі осы зерттеу жұмыстарымен тікелей сабақтастықта құрылып жатыр. Университет ғалымдары басқа ғылыми ұйымдардағы әріптестерімен бірлесіп ойшылдың мұрасын зерттеп, материалдарды жүйелеп, шығармашылық мұрасын цифрландырып, жаңа экспозицияның ғылыми негізін қалыптастыруда.
Осы тұрғыдан алғанда музейдің міндеті бір кезде қалыптасқан Шәкәрім бейнесін сол қалпында бекітіп қою емес, оны өз дәуірінің тарихи контексінде көрсету, келушіге дереккөздерге, құжаттарға және қазіргі зерттеулердің нәтижелеріне жүгінуге мүмкіндік беру болмақ.
Бұл жерде музейдің болуы бекер емес. Семей мен Абай облысы Қазақстанның интеллектуалдық картасында бірегей орын алады. Ұлттық ой-сананың дамуына ықпал еткен тұлғалардың тағдыры мұнда ортақ тарихи кеңістікте тоғысты.
Бұл өлкеде көрнекті ойшылдардың, ағартушылардың және ұлттық қозғалыс қайраткерлерінің тұтас бір шоғыры қалыптасты. Олардың тағдырын, идеялары мен мұрасын бір-бірінен бөлек тарихи құбылыс ретінде қарастыру мүмкін емес.
Шәкәрім Абайдың рухани ортасында өсті. Қазақ зиялыларының келесі буыны Алаш дәуіріне қадам басты. Олардың арасында интеллектуалдық, адами және тарихи сабақтастық болды. Осы жерде кейін жалпыұлттық сипат алған мәселелер талқыланды: халықтың білімі, мәдени дербестік, мемлекетке көзқарас, қоғамның адамгершілік негіздері, өзгеріп жатқан әлемдегі қазақ даласының орны.
Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысын құру туралы шешім қабылдағанда осы өлкенің ерекше тарихи және рухани маңызын атап көрсетті. Өңірге дербес мәртебесінің қайтарылуы Абай, Шәкәрім және Алаш жерінің орасан зор интеллектуалдық мұрасына қайта бет бұрудың да көрінісіне айналды. Бұл мұра ұлттық сананың маңызды бөлігі болып қала береді.
Семей осы интеллектуалдық қозғалыстың ірі орталықтарының біріне айналды.
Сондықтан музей бір адамның өміріндегі даталарды ретімен баяндаумен шектелмей, әлдеқайда кең тарихи контекст ұсына алады. Шәкәрім тағдыры арқылы тұтас дәуірді, Абай мұрасының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық ізденістермен, Алаш қозғалысымен және одан кейінгі саяси қуғын-сүргін қасіретімен байланысын көруге болады.
Музейдің жеке мемориалдық кешенде емес, жұмыс істеп тұрған университеттің ішінде құрылып жатқаны да принципті мәнге ие.
Университет 1993 жылдан бері Шәкәрім есімімен аталады.
Содан бері университеттің өзі өзгерді, студенттер мен оқытушылардың жаңа буыны қалыптасты, жаңа ғылыми бағыттар, халықаралық жобалар мен цифрлық технологиялар пайда болды.
Университеттің ойшыл есімімен аталуы оқу орнына ерекше ғылыми және мәдени жауапкершілік жүктейді. Оқу ордасы қазіргі шәкәрімтанудың маңызды орталықтарының біріне айналып келеді: дереккөздерді жинап, жүйелейді, цифрлық архивтер қалыптастырады, ғылыми зерттеулерді қолдайды, түрлі сала ғалымдарын біріктіреді, студенттер мен жас зерттеушілерді осы жұмысқа тартады, Шәкәрім мұрасын халықаралық академиялық қауымдастыққа танытады.
Осы жүйеде музей тек мемориалдық қана емес, зерттеу және білім беру қызметін де атқарады.
Тарихшы архив деректеріне, филолог мәтіндер мен қолжазбаларға, философ Шәкәрімнің дүниетанымдық жүйесіне жүгіне алады. Цифрлық технологиялар құжаттарды географиямен, қолжазбаларды олардың мәтіндік нұсқаларымен, фотосуреттерді тарихи контекспен, шығармаларды жазылған кезеңіндегі оқиғалармен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Мұндай тұжырымдамадағы мультимедиалық мүмкіндіктер келушіге дәстүрлі музей стенді сыйғыза алмайтын әлдеқайда ауқымды ақпаратты ұсынудың тәсіліне айналады.
Университет үшін музей аудитория мен зерттеу зертханасының табиғи жалғасы болмақ.
Нүкте емес, үтір қойған музей
Әзірге болашақ музей кеңістігін тану қиын. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алда құрылыс пен безендіру жұмыстары бар. Университет осы кезеңді Абай облысындағы «Өзгерістер картасының» кезекті шығарылымында көрсетті.
Біраз уақыттан кейін мұнда жаңа залдар, цифрлық экспозициялар, архив құжаттары мен қолжазбалар орналасады. Алайда болашақ музейдің құндылығы ең алдымен оның қандай жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беретінімен айқындалмақ.
Шәкәрімнің қайта оралу тарихы тарихи ақиқатқа жетудің қаншалықты күрделі болғанын көрсетті. 57 жылға созылған күрестің артында Қайым Мұхамедханов, Ахат Шәкәрімұлы, Жабайхан Әбділдин бастаған бірнеше буын зиялыларының табандылығы мен азаматтық ұстанымы жатыр.
Енді зерттеушілердің жаңа буыны алдында басқа міндет тұр: әлі зерттелмеген дүниелерді зерделеу, даулы мәліметтерді түпнұсқа деректер арқылы тексеру, архив құжаттары мен естеліктерді салыстыру, құжаттарды цифрландыру, жаңа материалдарды ғылыми айналымға енгізу және Шәкәрімді ақын, философ, тарихшы, аудармашы, қоғамдық ойшыл әрі өз дәуірінің тұлғасы ретінде бүкіл болмысымен ашу.
Shakarim University-дегі жаңа музей осы жұмыстың тұрақты орталықтарының біріне айналуға тиіс. Қазақ даласының ұлы философтары, ойшылдары мен ағартушылары шыққан осы жерде, отыз жылдан астам уақыт бойы Шәкәрім есімін иеленіп келе жатқан университетте оның мұрасы жаңа зерттеулер, ғылыми жаңалықтар және тарихи ақиқатты келесі ұрпаққа жеткізу арқылы лайықты жалғасын табады.
Шәкәрім есімін халқына қайтару үшін елу жеті жыл қажет болды. Ендігі міндет – оның мұрасын барынша толық ашу. Сондықтан бүгін университетте Шәкәрімге арналған жаңа музей кеңістігін қалыптастыру – тек ғимаратты жаңарту немесе экспозицияны заманауи технологиямен толықтыру емес. Бұл – тарихи жадыны жаңғырту. Бұл – ұлы ойшылдың мұрасын жаңа буынға жаңа тілмен таныту. Бұл – Абайдан басталған рухани сабақтастықты Шәкәрімнің терең ойларымен сабақтастыра отырып, қазақ руханиятының тұтас арнасын көрсету. Ал музейдің жаңа залы осы мақсатқа қызмет етпек.