Шәкәрім университеті және Мёрдок университеті: халықаралық келісімнен Абай облысының дамуына бағытталған әріптестікке дейін
17 тамызда Астана қаласында, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінде Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті (Murdoch University (Аустралия) ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Рәсімге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Мёрдок университеті делегациясының Қазақстанға ресми сапарының басты нәтижесі — құжатқа қол қою болды. Бұл оқиға екі университет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап берді. Кейінгі келіссөздер барысында тараптар қол жеткізген келісімдердің мәні кәдімгі университеттер арасындағы әріптестіктен әлдеқайда ауқымды екені айқындалды.
Бірлескен жұмыстың өзегінде – Абай облысы, оның кадрлық, ғылыми және технологиялық қажеттіліктері, сондай-ақ өңірдің нақты міндеттерін шешу үшін халықаралық құзыреттерді тарту мүмкіндігі тұр.
18 тамызда Семей қаласында Абай облысының әкімі Берік Уәли Мёрдок университеті делегациясымен кездесті. Кездесуге Мёрдок университеті жаһандық байланыстар жөніндегі проректорының орынбасары Саймон Джон МакКирди, Тамақ өнеркәсібін перспективалық дамыту институтының проректоры Питер Мостин Дэвис, Мёрдок университеті Дубай кампусының атқарушы директоры әрі стратегиялық әріптестік жөніндегі директоры Мохамед Абдулхалек Мохамед Ба, сондай-ақ Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қатысты.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Абай облысында Мёрдок университеті филиалын ашу мәселесі болды. Сонымен қатар тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты кеңейту, білім беру және қос дипломды бағдарламаларды әзірлеу, мамандар даярлау, озық әзірлемелерді өндіріске енгізу мүмкіндіктерін талқылады.
Осылайша, Астанада қол қойылған Меморандум келіссөздердің келесі кезеңінде-ақ нақты міндеттерді шешу арнасына өтті.
Абай облысының серіктестіктегі ерекше рөлі
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын таңдау өңір экономикасының ерекшеліктерімен тікелей байланысты.
Абай облысы тарихи тұрғыдан ірі аграрлық өңір болып саналады. Мұнда мал шаруашылығы, ветеринариялық қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру, өнімді терең өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие.
Мёрдок университеті құзыреттерінің практикалық маңызы дәл осы тұста айқын көрінеді. Оқу орны Аустралиядағы ветеринариялық медицина, жануарлар денсаулығы және мал шаруашылығы салаларындағы мықты университеттердің бірі ретінде танылған. Мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулер Ветеринариялық медицина мектебінің және жануарлардың денсаулығы мен өнімділігі саласында жұмыс істейтін зерттеу орталықтарының базасында жүргізіледі. Практикалық даярлық барысында студенттер университеттің жұмыс істеп тұрған фермаларында ауыл шаруашылығы жануарларымен және ветеринариялық клиникаларда тікелей жұмыс істейді.
Мёрдок университетінің ветеринариялық бағдарламалары халықаралық деңгейде мойындалған және Аустралия, Ұлыбритания мен АҚШ-тың бейінді ұйымдарының аккредитациясына ие.
Университеттің ғылыми зерттеулері жануарлардың денсаулығы мен жай-күйін, биологиялық қауіпсіздікті, малдың репродуктивтік тиімділігін, ет сапасын, паразиттермен күрестің тұрақты тәсілдерін және микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселелерін қамтиды.
Сондықтан мәселе екі университеттің білім беру бағдарламаларының жай ғана сәйкес келуінде емес. Аустралиялық әріптестің ғылыми құзыреттері Абай облысының агроөнеркәсіптік кешені алдында тұрған бүгінгі міндеттермен сәйкес келеді.
Алдағы ынтымақтастықты дәл осы үйлесімділікте – мамандар даярлау мен бірлескен зерттеулерден бастап, технологиялар трансферіне және ғылыми әзірлемелерді тікелей өндіріске енгізуге дейін дамыту көзделіп отыр.
Филиал – өңір дамуының жаңа мүмкіндігі
Облыс әкімімен өткен кездесуде Шәкәрім университеті базасында Мёрдок университеті филиалын ашу бастамасына ерекше назар аударылды. Өңір басшысы Берік Уәли бастаманы қолдайтынын білдіріп, облыс әкімдігі филиалдың жеке ғимаратын салу үшін Smart City ауданынан жер телімін беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.
Өңір басшысының айтуынша, аустралиялық университетпен ынтымақтастық облыстың экономикалық міндеттерімен тікелей байланыста қарастырылады.
– Абай облысы тарихи тұрғыдан аграрлық өңір, оның ішінде мал шаруашылығына маманданған. Абай облысымен әріптестік және достық қарым-қатынастарды дамытуға қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Білім мен ғылымды дамыту, озық технологияларды енгізу және осы мақсатта халықаралық ынтымақтастықты нығайту – өңіріміз үшін негізгі бағыттардың бірі. Осыған байланысты әлемдік деңгейдегі жоғары ғылыми әлеуеті мен халықаралық тәжірибесі бар Мёрдок университетімен әріптестікке ерекше мән береміз,- деді ол.
Өңір басшысы ықтимал филиал ашудың практикалық маңызына да тоқталды:
– Біз Мёрдок университетімен ынтымақтастықты білім, ғылым және өндірісті біріктіретін стратегиялық маңызды мүмкіндік ретінде қарастырамыз. Осы мақсатта облыс әкімдігі Шәкәрім университеті базасында Мёрдок университеті филиалын ашу бастамасын толық қолдайды. Бұл халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және озық технологияларды өндіріске енгізуге кең мүмкіндік ашады.
Мұндай ынтымақтастық моделінің өзектілігін өңірде жүзеге асырылып жатқан жаңа өндірістік жобалар да күшейте түседі.
Жаңасемей ауданында жылына 11 400 тонна ет және терең өңделген ет өнімдерін өндіруге қауқарлы ірі ет өңдеу комбинатының құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорын заманауи аустралиялық технологиялармен жабдықталады.
Осылайша, өндірісті дамыту, мамандар даярлау және саланы ғылыми қолдау арасында тікелей байланыс қалыптасады. Жаңа кәсіпорынға технологиялар мен жабдықтар ғана емес, білікті кадрлар, заманауи ветеринариялық құзыреттер, өнім сапасы мен қауіпсіздігі, мал шаруашылығы және қайта өңдеу салаларындағы зерттеулер де қажет.
Берік Уәли де осы мәселеге назар аударды:
– Мұндай жобаларды табысты іске асыру үшін заманауи технологиялармен қатар білікті мамандар, сапалы ғылыми зерттеулер және халықаралық тәжірибеге негізделген білім қажет.
Халықаралық әріптестіктен – нақты жобаларға
Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті арасындағы Меморандум студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын, бірлескен ғылыми зерттеулерді, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, сондай-ақ жас зерттеушілердің ғылыми тағылымдамаларын ұйымдастыруды көздейді.
Жеке бағыттардың бірі «Болашақ» халықаралық стипендиясымен байланысты. Шәкәрім университеті зерттеушілерінің Мёрдок университетінде ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі бұған дейін тараптар мен ««Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында бірлесіп пысықталған.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ветеринариялық медицина, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және тағам технологиялары айқындалды.
Екі университет арасындағы келіссөздер 2026 жылдың ақпан айында басталды. Алғашқы жұмыс кездесуінде тараптар өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындап, Меморандум әзірлеу туралы уағдаласты. Сәуір айында келіссөздер жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми тағылымдамаларын ұйымдастыруды қоса алғанда, нақты тетіктерді пысықтау кезеңіне өтті.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінде құжатқа қол қойылуы бұл жұмысты жаңа деңгейге шығарды.
Әріптестіктің жоғары білімді интернационалдандыру, Қазақстанға мықты шетелдік университеттерді тарту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және жаңа экономика үшін кадрлар даярлау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында дамып отырғаны да айрықша мәнге ие.
Сонымен бірге Абай облысында халықаралық ынтымақтастық нақты аумақтық және экономикалық мазмұнға ие болатын модель қалыптасуда.
Бұл өз кезегінде: өңір қажеттіліктерін айқындайды, университет сол міндеттердің айналасына білім мен ғылымды шоғырландырады, халықаралық әріптес құзыреттер мен технологияларды әкеледі, ал өндіріс оларды практикада қолданатын алаңға айналады.
Мёрдок университеті делегациясының сапары дәл осы себепті Астанадағы келіссөздермен шектелген жоқ.
Семейде аустралиялық әріптестер Шәкәрім университетінің ғылыми-зерттеу және инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Сапардың өңірлік бағдарламасы облыстың өндірістік мүмкіндіктерімен танысуды да қамтиды. Мұндай тәсіл шетелдік әріптеске университетті ғана емес, тұтас өңірді, оның экономикасын және Мёрдок университеті құзыреттері қажет болуы мүмкін нақты міндеттерді көруге мүмкіндік береді.
Екі университеттің әлеуеті
Murdoch University – Аустралияның мемлекеттік зерттеу университеті, QS World University Rankings 2027 рейтингінде 422-орында. Оның мықты ғылыми және білім беру бағыттарының қатарында ветеринариялық медицина, ауыл шаруашылығы, жануарлар денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі және тағам технологиялары бар.
Шәкәрім университеті, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы, ветеринария, тағам технологиялары, инженерия және өңірдің технологиялық дамуына қатысты білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарын дамытып келеді.
THE Sustainability Impact Ratings 2026 рейтингінде Shakarim University БҰҰ-ның 17 Тұрақты даму мақсатының 15-і бойынша ұсынылған. ТДМ 2 – «Аштықты жою» бағыты бойынша университет әлемдік 201–300 тобына, ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» бағыты бойынша 301–400 тобына кіреді.
Екі университеттің ғылыми құзыреттерінің Абай облысының экономикалық мамандануымен сәйкес келуі әріптестікті жоғары білімді классикалық интернационалдандыру шеңберінен әлдеқайда кең тұрғыда қарастыруға мүмкіндік береді.
Мёрдок университеті филиалының перспективасы да өздігінен ғана маңызды емес. Оның әлеуетті құндылығы халықаралық білім беру және ғылыми құзыреттерді облыстың экономикалық жүйесіне кіріктіру мүмкіндігімен айқындалады: өңірге қажетті мамандарды даярлау, өндіріспен бірлесіп зерттеулер жүргізу, технологиялар трансферін қамтамасыз ету және жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру.
Алдағы жұмыстың бағытын айқындаған екі күн
Мёрдок университеті делегациясымен екі күндік жұмыстың қорытындысын шығарған Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков жалпы уағдаластықтардан ынтымақтастықтың нақты моделін қалыптастыруға көшу басты нәтиже болғанын атап өтті.
– Осы екі күннің қорытындысын айтар болсам, мен үшін ең бастысы – біз енді екі университеттің ынтымақтастығы туралы ғана айтып отырған жоқпыз. Кеше Астанада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен өз ниетімізді Меморандуммен бекіттік. Бүгін Семейде Абай облысының әкімі Берік Уәлимен бірге жұмыстың практикалық жағын талқыладық: өңірге қандай бағдарламалар қажет, қандай зерттеулерді бірлесіп жүргізе аламыз, Мёрдок университеті құзыреттерін өндірісте қай бағыттарда қолдануға болады және аустралиялық университеттің облыстағы қызметі қандай болуы тиіс. Осы мәселелерді нақты талқылауға көштік,- деді Думан Орынбеков.
Ректордың айтуынша, жобаның мемлекеттік және өңірлік деңгейде қолдау табуы ерекше маңызға ие.
– Біз үшін облыс басшылығының ұстанымы маңызды. Шәкәрім университеті базасында Мёрдок университеті филиалын ашу бастамасының қолдау табуы және Smart City аумағынан жер телімін беру мүмкіндігін қарастыруға дайындық – мәселенің енді жекелеген университеттік жоба шеңберінен шыққанын білдіреді. Біз мемлекет, өңір, университеттер және нақты сектор мүдделері экономиканың нақты міндеттері төңірегінде тоғысатын ұзақ мерзімді жүйе құру мүмкіндігін көріп отырмыз.
Думан Орынбеков екі күндік келіссөздер осындай өзара іс-қимылдың ортақ мүдделі салаларын да айқындауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Мұнда мүмкіндіктер мен қажеттіліктер үйлесім тауып отыр. Абай облысы мал шаруашылығын және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытып келеді. Өңірде аустралиялық технологияларды пайдалана отырып, ірі ет өңдеу кешені салынып жатыр. Мёрдок университеті ветеринария, жануарлар денсаулығы, мал шаруашылығы, тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі салаларында елеулі құзыреттерге ие. Shakarim University-дің ғылыми базасы, мамандары және өңірді терең білу тәжірибесі бар. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді дұрыс біріктіріп, нақты нәтижеге қол жеткізу: жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу, халықаралық деңгейдегі мамандар даярлау, бірлескен зерттеулер жүргізу және тікелей өңірде жұмыс істейтін технологияларды енгізу.
Келесі кезеңде қол жеткізілген уағдаластықтар нақты іс-қимыл жоспарына көшіріледі.
– Меморандумға қол қоюмен жұмыс аяқталған жоқ – ол енді басталды. Ендігі міндет – білім беру бағдарламалары мен зерттеу жобаларын айқындау, академиялық ұтқырлық пен ғылыми тағылымдамалардың тетіктерін белгілеу, филиал мәселесін нақты пысықтау. Біз үшін басты көрсеткіш – қол қойылған құжаттардың саны емес, студенттеріміз, ғалымдарымыз, кәсіпорындарымыз және өңір алатын нақты нәтиже. Осы нәтиже арқылы әріптестігіміздің тиімділігін бағалайтын боламыз,- деп түйіндеді Shakarim University ректоры.
Екі күндік келіссөздер дәстүрлі университетаралық ынтымақтастықтан әлдеқайда ауқымды жобаның негізгі бағыттарын айқындады. Астанада әріптестіктің институционалдық негізі бекітілсе, Семейде оның өңірлік және экономикалық логикасы нақтыланды.
Келесі кезең – уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру: білім беру бағдарламаларын әзірлеу, зерттеулерді іске қосу, мамандар даярлау, технологиялар трансферін қамтамасыз ету және Murdoch University-дің Абай облысындағы жұмыс моделін нақтылау.
Қол қойылған құжаттан өңірде нақты жұмыс істейтін жүйеге көшу – Шәкәрім университеті және Мёрдок университеті арасында басталған әріптестіктің басты нәтижесіне айналуға тиіс.