АР27508635 «Қазақстандағы сиыр етін өндірудің бәсекеге қабілеттілігін талдау: АҚШ-та қолданылатын тәсілдермен бірге еттің сапасы, қауіпсіздік стандарттары және қаңқа параметрлерін салыстыру»
Жоба жетекшісі
Болкенов Бакытжан Тургазыевич, «Шәкәрім университеті» КеАҚ, Ph.D., Science Professor
Өзектілігі
Сиыр етін өндіру ғылым мен технологияның қарқынды дамуының арқасында бәсекеге қабілетті болуда. Қазақстан кең жері мен бай ресурстарының арқасында сиыр етін өндіруде Бразилиямен салыстыруға келетін әлемдік көшбасшы болуға әлеуеті бар. Елдегі сиыр етін өндіру 2030 жылға қарай 50%-ға өседі деген болжау, экспортқа мүмкіндік ашады. Сондықтан жобаның мақсаты – Қазақстандағы сиыр етін өндірудің бәсекеге қабілеттілігін бағалау, сиыр ұшасының сипаттамаларын, ет сапасын, сақтау мерзімін және қауіпсіздігін әлемдегі ең үздік және танымал ет өндірісінің жүйелерінің бірі саналатын АҚШ өнімдерімен салыстыру. Зерттеу нәтижелері үкіметке, жергілікті өндірушілерге және шетелдік инвесторларға ет өндірісі саласында ғылыми деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Әдебиеттерді шолу көрсеткендей, осы уақытқа дейін Қазақстанда өндірілетін сиыр етінің сапасы мен қауіпсіздігін халықаралық нарықта жоғары бәсекеге қабілеттілігі бар қандай да бір басқа елдердің өнімдерімен салыстыратын зерттеулер жүргізілмеген. Ұшаның салмағы, майдың таралуы және еттің шығымдылығы сияқты сипаттамаларды бағалау арқылы біз өндірістік жүйелердің салыстырмалы артықшылықтарын терең түсініп, анықтаймыз. Тұтынушы тұрғысынан еттің сапасы, сақтау мерзімі және қауіпсіздігі негізгі аспектілер болып табылады. Жоба нәтижелері Қазақстандағы сиыр етін өндіру жүйелерінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға және қазақстандық сиыр етінің халықаралық стандарттарға және тұтынушылардың күтуіне сай келетін-келмейтінін бағалауға көмектеседі. Зерттеу пән аралық әдістерді пайдалана отырып жүргізіледі, ал қазақстандық зерттеушілер АҚШ-тың әріптестерімен ынтымақтаса жұмыс істейді, бұл деректерді жинау, тәжірибе жасау және талдау саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Мақсаты
Бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан мен АҚШ-тың сиыр еті ұшаларының сипаттамаларын, сондай-ақ еттің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеп, салыстыру арқылы Қазақстанның ет өнеркәсібін қолдауға қажетті деректерді қалыптастыру. Зерттеу нәтижелері үкіметке, жергілікті өндірушілерге және әлеуетті инвесторларға сиыр етін өндіру бойынша саналы шешімдер қабылдауға көмектесетін ғылыми негізделген ақпарат ұсынады.
Күтілетін нәтиже
Web of Science базасының Science Citation Index Expanded индекстелетін және (немесе) Scopus базасында CiteScore бойынша 50-тан (елу) кем емес процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымдарда жобаның ғылыми бағыты бойынша кемінде 2 (екі) мақала және (немесе) шолу жарияланады;
ҒЖБССҚК ұсынған басылымдар тізбесінің 1-ші Тізіміне немесе 2-ші Тізіміне кіретін отандық немесе шетелдік ғылыми басылымда кемінде 2 (екі) мақала немесе шолу жарияланады.
Қол жеткізілген нәтиже
- Сойылған малдың массасы (HCW); бүйрек, жамбас және жүрек майының пайызы (KPH); 12-13 қабырғалар деңгейіндегі ұзын бұлшықет ауданы (REA); ұзын арқа бұлшықетінің май қалыңдығы (LD), мәрмәрлігі мен қалыңдығы өлшеніп, есептелді. Ангус тұқымы бойынша өлшеулер Алматы қаласындағы ЖШС "КазМясо" ("Best Meat") және Қазақтың ақбас тұқымы бойынша өлшеулер Астана қаласы маңындағы ЖШС "Алтын Таға"-да жүргізілді. Нәтижелер бойынша зерттелген малдардың басым бөлігінде ұша массасы 200–260 кг аралығында болды, бұл қазіргі бордақылау ұзақтығының және рациондағы энергияның шектеулі деңгейінің ерекшелігін көрсетеді. KPH көрсеткіші екі тұқымда да төмен деңгейде қалып (2–3%), малдардың «lean» фенотипке жататынын айғақтайды.
REA көрсеткіштері 7.5–11.0 in² диапазонында болып, Аңғус тұқымында бұлшықет ауданының жоғарырақ болуы байқалды. Бұл Angus тұқымының генетикалық тұрғыдан жақсы бұлшықеттенуімен сәйкеседі, ал Қазақтың ақбас тұқымында REA шамалы төмен мәндер көрсетіп, оның морфологиялық ерекшеліктерін көрсетеді. Май қалыңдығы (LD) екі тұқымда да төмен болып, 0.20–0.35 дюйм аралығында анықталды. Бұл майдың жеткілікті жиналмағанын және рационның энергия тығыздығының жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Мәрмәрлік деңгейінің бағасы бойынша да екі тұқым USDA Select деңгейінде қалып отыр. Негізгі бөлігі Slight санатына сәйкес келіп, тек салмағы жоғары малдарда ғана Small деңгейіне жақындайтын үлгілер байқалды. Бұл қазіргі бордақылау жүйесінде мәрмәрлікті қалыптастыру үшін жеткілікті энергия мен ұзақ бордақылау мерзімі қажет екенін дәлелдейді. Yield Grade көрсеткіштері 2–3 аралығында болып, ұшалардың майлылығы төмен, бірақ бұлшықеттенуі жақсы екенін көрсетті. Бұл жоғары шығым беретін, экономикалық тиімді ұша типінің қалыптасқанын білдіреді.
Жалпы алғанда, алынған нәтижелер Аңғус және Қазақтың ақбас тұқымдарының ұша сапасының негізгі элементтерін айқындап, олардың өнімділік айырмашылықтарын дәл көрсетті. Екі деректер жиынтығының салыстырмалы талдауы регрессиялық моделдердің нақты өлшеулермен жақсы үйлесетінін көрсетті. Бұл алдағы кезеңдерде рационды оңтайландыру, бордақылау ұзақтығын арттыру және мәрмәрлікті жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
-- АҚШ-тағы сиыр еті бойынша алдын ала деректер бұрыннан болғандықтан, осы зерттеу кезеңінде барлық жұмыс толықтай қазақстандық ірі қара мал үлгілерімен жүргізілді. Зерттеу барысында сою алаңдарында ірі қара малдан мойын лимфа түйіндері мен басқа да стерильді тіндерден сынамалар алынып, олардан бактериалды патогендер бөлініп алынды. Үлгілер асептикалық талаптарға сәйкес жиналып, зертханаға суық тізбекпен жеткізіліп, бактериологиялық талдау жүргізілді.
Алынған сынамалардың нәтижелері бойынша зерттелген малдардың мойын лимфа түйіндерінің шамамен 87%-ында Escherichia coli анықталды. Бұл көрсеткіш зерттелген шаруашылықта санитариялық-гигиеналық тәуекелдің жоғары екенін айқын көрсетеді. E. coli — шартты-патогенді микрофлора өкілі болып табылады және оның лимфа түйіндерінде табылуы бактерияның жануар ағзасына әртүрлі жолдармен (асқорыту жүйесі, тері зақымдануы, жарақаттар, қабыну ошақтары арқылы) түсіп, иммундық сүзгі қызметін атқаратын лимфа түйіндерінде шоғырланатынын білдіреді. Мұндай жағдайда сою процесі кезінде бактерияның етке тасымалдану қаупі күшейіп, ет өнімдерінің микробиологиялық қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді.
Бөлініп алынған E. coli изоляттарында антимикробтық төзімділікті бағалау мақсатында антибиотикке сезімталдық талдауы жүргізілді. Зерттеу CLSI стандарты бойынша диск-диффузиялық әдіспен орындалды. Талдау нәтижелері бойынша келесі антибиотикалық топтар ең жоғары тиімділік көрсетті:
• Фторхинолондар: ципрофлоксацин, энрофлоксацин (100% сезімталдық);
• Үшінші буын цефалоспориндері: цефтриаксон, цефотаксим (100% сезімталдық);
• Аминогликозидтер: канамицин, гентамицин, амикацин (88–91% сезімталдық);
• Карбапенем: имипенем (94% сезімталдық).
Орташа тиімділік көрсеткен топтар: тетрациклиндер мен пенициллиндер тобының кейбір препараттары.
Толық резистенттілік байқалған антибиотиктер:
• Бензилпенициллин (100% резистент),
• Тилозин (≈85% резистент).
Бұл нәтижелер шаруашылықтарда кең қолданылатын ескі антибиотиктерге төзімділік қалыптасқанын, ал жаңа буын препараттарының әлі де тиімді екенін көрсетеді.
- Еттің сақтау мерзімін бағалау бойынша зерттеу кезеңі жоспарға сәйкес жүргізілді. Еттің жетілуі кезеңі аяқталғаннан кейін әр жануардан алынған бел стейктері ПВХ-пленкасына жеке оралып, бөлшек сауда жағдайын модельдеу мақсатында 4°C (3–6°C) температурада 6 күн бойы витринада сақталуда. Сақтау мерзімі бойы еттің түс өзгерісі, бактериялық жүктеме, рН және липидтердің тотығуы жүйелі түрде бақылауға алынды.
Еттің түсі (L, a, b*)** әр 12 сағат сайын спектрофотометр (HunterLab MiniScan XE) арқылы өлшеніп, майлы және майсыз беттердің үш нүктесі бойынша орташа мәндер есептелуде. Гипотезада көрсетілгендей, бордақылау жүйелері ұқсас болғандықтан, Қазақстан және АҚШ топтары арасында түс көрсеткіштерінде айтарлықтай айырмашылық байқалады деп күтілмейді. Алғашқы алынған деректер бұл болжамды қолдайды — L*, a* және b* өзгерістерінің динамикасы екі топта да біркелкі сипатқа ие.
Бактериялық жүктеме сақтау мерзімінің 0, 3 анықталып және 6 - күндерінде анықталуда. Бұл үшін әр стейктен 50 г ет алынып, буферленген пептонды суда гомогенизацияланып, Аэробтық мезофильдік және психоторопты анықтау үшін тиісті агарларға себінді жасалады. Алғашқы нәтижелер Қазақстандық үлгілерде бактериялар саны сәл жоғары болуы мүмкін деген гипотезаны қолдайды, бұл ветеринариялық және санитариялық талаптардың айырмашылығына байланысты болуы мүмкін. Нақты тәтижелер R программасы көмегімен статистикалық зерттеулер жасаған соң белгілі болады.
Ғылыми топ
Тастемирова Шынар Абдуалықызы
Ветеринария ғылымдарының магистрі, Ветеринария кафедрасының 1 курс докторанты
Құдайберген Еркежан Бақытбергенқызы
Оқытушы, Ветеринария ғылымдарының магистрі
Иманбаева Балғын Фархатовна
Ветеринария ғылымдарының магистрі
Сабырова Ақбота Қабылқызы
ShakarimLab смж маманы,
Ветеринария ғылымдарының магистрі
Жексембаева Гүлжан Еркінқызы
Ветеринария ғылымдарының магистрі, Ветеринария кафедрасының 1 курс докторанты
Нурмолдин Мерхат Есенбайулы
Бас маман, «Қазақстан Республикасы Ауыл Шаруашылығы Министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің Абай облысының аумақтық инспекциясы» РММ
Ахметов Айдос Құдасұлы
SaparLine ЖШС, директор
Пайдалы сілтемелер
Жоба туралы
Сол кездегі жобалар
AP25796649 «Екіншілік сүт шикізатын қолдану арқылы құрт өндірісінің инновациялық технологияларын әзірлеу»
Жакупбекова Шугыла Кадыровна, «Шәкәрім университеті» КеАҚ, п...
AP25796807 «Жайық популяциясы киіктерінің гельминтоздары және тәлімбақ жағдайында ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды әзірлеу»
Қожаева Айгерім Романқызы, «Шәкәрім университеті» КеАҚ, Shak...
AP25796077 «Қазақ эмиграциялық баспасөзінің интеллектуалды дискурсты қалыптастырудағы рөлі»
Ұшқын Сәйдірахманұлы, «Шәкәрім университеті» КеАҚ ғылыми қыз...
AP25794135 «Таза биогаз өндірісінің тиімділігін болжайтын математикалық моделін және аналитикалық жүйесін құрастыру».
Шакерхан Қапан Оралғазыұлы, «Шәкәрім университеті» КеАҚ, Физ...
АР26197931 «Ауыл шаруашылығы объектілерін үздіксіз электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған басқаруы бар жел-күн қондырғысын әзірлеу және зерттеу».
Абильмажинов Ермек Толегенович («Шәкәрім университеті» КеАҚ,...
Байланыс
Ғылыми бөлім:
+7 (7222) 31-31-75
science@shakarim.kz