Жүректі тербейтін жыр, сахнадағы сезім
Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай Шәкәрім университетінің «Қарагөз» студент-жастар театры көрерменге ерекше сый ұсынды.
Университеттің «Қарагөз» студент-жастар театры әртістерінің «Дариға жүрек» поэмасының желісімен сахналаған поэтикалық қойылымы көрермен жүрегінен орын алды. Бұл – жай ғана спектакль емес, адам жанының ең терең қатпарларын қозғаған, әрбір көрерменді ішкі толғанысқа жетелеген рухани кеш болды.
Қойылым барысында соғыс пен бейбіт өмірдің қарама-қайшылығы, махаббат пен сағыныштың шынайы сезімі, үміт пен мұңның астасқан әлемі сахна тілінде шебер жеткізілді. Ақынның жүрекжарды жырлары актерлердің әсерлі ойынымен үйлесіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кештің режиссері – мәдениет саласының үздігі, сахна шебері Еркебұлан Нұғыманов. Оның режиссерлік шешімі мен актерлердің кәсіби шеберлігі қойылымның мазмұнын тереңдете түсіп, көрермен ықыласына бөленді.
Бұл қойылым – поэзияны тек тыңдап қана қоймай, оны жүрекпен сезінуге мүмкіндік берген тағылымы мол өнер кеші ретінде есте қалды.