Мазмұнға өту
Жаңалықтар 16.10.2026 32

Жасанды интеллект дәуіріндегі құқық, этика және академиялық адалдық

Жасанды интеллект дәуіріндегі құқық, этика және академиялық адалдық

Шәкәрім университетінің магистранттарына «Жасанды интеллект дәуіріндегі конституциялық құқықтар, этика және академиялық адалдық» тақырыбында сараптамалық панель өтті. Іс-шара магистранттардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және ғылыми-зерттеу қызметіндегі академиялық адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталды.

Панель барысында цифрлық дәуірдегі адам құқықтарын қорғау, авторлық құқықты сақтау, жеке деректердің құпиялылығы, ғылыми жұмыстардың шынайылығы және жасанды интеллектіні қолданудың этикалық шектері талқыланды.

Цифрландыру жөніндегі проректор Бейімбет Дәрібаев университетте жүзеге асырылып жатқан AI-Sana бағдарламасының мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол жасанды интеллект агенттерін білім беру және ғылыми-зерттеу үдерістерінде көмекші құрал ретінде тиімді пайдалану жолдарын таныстырды.

Бүгінде университет студенттерінің қатысуымен 12 жасанды интеллект агенті әзірленіп, жұмыс істеп тұр. Бұл бастамалар білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға, күнделікті міндеттерді оңтайландыруға және жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЖИ құралдарын қолдану кезінде олардың мүмкіндіктері мен шектеулерін ескеріп, алынған ақпараттың дұрыстығын тексеру маңызды.

Коммуникациялық орталықтың басшысы Мұхтар Әбдікәкімов биылғы Цифрландыру жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, университетте жасанды интеллектіні қолданудың ішкі ережелері мен негізгі талаптарын түсіндірді. Атап айтқанда, ЖИ құралдарын пайдалану мүмкіндіктері, оларды қолдануға қойылатын шектеулер және цифрлық ортадағы жауапкершілік мәселелері сөз болды.

Спикер білім беру мен ғылыми қызметте жаңа технологияларды енгізу олардың тиімділігін арттырумен қатар, академиялық адалдық талаптарын сақтауды да қажет ететінін атап өтті.

Сараптамалық панельде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану мен өзгенің еңбегін иемденудің ара-жігін ажырату мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өзге автордың мәтінін немесе идеясын дереккөзін көрсетпей, жеке жұмысы ретінде ұсыну академиялық адалдық қағидаттарына қайшы келеді. Сондықтан магистранттар ғылыми жұмыс дайындау кезінде пайдаланылған дереккөздерге сілтеме жасап, жасанды интеллект көмегімен алынған материалдарды сыни тұрғыдан тексеріп, зерттеу нәтижелерінің шынайылығына жауап беруі қажет.

Жеке мәліметтерді өңдеу кезінде де сақтық таныту маңызды. Атап айтқанда, үшінші тұлғалардың дербес деректерін, қызметтік немесе құпия ақпаратты тиісті құқықтық негізсіз ашық жасанды интеллект жүйелеріне енгізу ақпараттық қауіпсіздік пен құпиялылыққа қатер төндіруі мүмкін.

Қазақстан Республикасының Конституциясында жеке өмірге қол сұғылмау және дербес деректерді, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына кепілдік берілген. Бұл талаптар жасанды интеллектіні қолдану кезінде де маңызды.

Сараптамалық панель жасанды интеллектіні меңгерумен қатар, оны этикалық әрі құқықтық талаптарды сақтай отырып пайдаланудың маңызын көрсетті. Өйткені технология қаншалықты дамыса да, сапалы білім мен сенімді ғылымның негізі – академиялық адалдық, сыни ойлау және адам жауапкершілігі.

 

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру