Жаңалықтар 13.08.2026 51

Жас ғалымның жаңа белесі: Шәкәрім университетінің докторанты «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленді

Жас ғалымның жаңа белесі: Шәкәрім университетінің докторанты «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленді

Халықаралық жастар күні қарсаңында облыс көлемінде білімге, ғылымға және жаңа идеяларға ұмтылған жастарға қолдау көрсету дәстүрі жалғасын тапты. Облыс әкімі Берік Уәли жас буын өкілдеріне «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын салтанатты түрде табыстады. Жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған кездесуге грант иегерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және өңірдің белсенді жастары қатысты.

Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Абай облысында жеті бағыт бойынша берілді. Байқауға барлығы 74 өтінім түскен. Биылғы конкурстың ерекшелігі – жастардың ғылыми ізденістерін қолдауға мүмкіндік беретін «Ғылым» және «Экология» бағыттарының алғаш рет енгізілуі.

Грант иегерлерінің қатарында Шәкәрім университетінің «Техникалық физика» білім беру бағдарламасының екінші курс докторанты Айым Леонидова да бар.

Жас зерттеуші байқауға жылу энергетикасы саласындағы өзекті мәселелердің бірін шешуге бағытталған ғылыми жобасын ұсынған. Оның жобасы «Абай облысындағы ЖЭО батареялық циклон элементтерінің ресурсын арттыру үшін электрдоғалы бүрку әдісімен жағылатын тозуға және коррозияға төзімді жұқа қабатты қорғаныш жабындарды әзірлеу және зерттеу» деп аталады.

Жоба атауының өзі оның ғылыми бағыты мен практикалық маңызын аңғартады. Қарапайым тілмен айтқанда, зерттеу жылу электр орталықтарындағы күл ұстағыш қондырғылардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуға бағытталған.

Жалпы жылу энергетикасы нысандарында күлі көп көмірдің жағылуы өндірістік жабдықтардың тозуын жеделдетеді. Әсіресе, батареялық циклондардың ішкі элементтері эрозиялық, коррозиялық және абразивтік әсерге ұшырайды. Мұндай тозу уақыт өте келе жабдықтың жұмыс тиімділігіне әсер етіп, оны жөндеуге немесе ауыстыруға қосымша шығынды қажет етеді.

Айым Бауыржанқызының зерттеуінде осы мәселені материалтану және заманауи технологиялар арқылы шешудің жолы қарастырылады. Ғалым пайдаланылған батареялық циклоннан алынған үлгілердің микроқұрылымын, коррозия мен эрозияның тереңдігін зерттеп, материалдың қандай жағдайда және қаншалықты тозатынын анықтайды.

Зерттеудің негізгі жаңалығының бірі – қорғаныш жабындысын өте жұқа қабат түрінде қалыптастыру. Электрдоғалы бүрку технологиясы арқылы қалыңдығы шамамен 150–300 микрометр болатын тозуға төзімді жабын жасау көзделген. Бұл жерде жұқа қабаттың маңызы зор. Өйткені циклонның ішкі арналарына тым қалың жабын жағу газ ағынының аэродинамикасын өзгертіп, қондырғының қалыпты жұмысына кері әсер етуі мүмкін екен.

Сондықтан жас ғалымның зерттеуі бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның артында нақты өндірістік мәселені шешуге бағытталған күрделі ғылыми міндет тұр.

Жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше маңызды кезең қарастырылған.

«Жобаның бірнеше міндеті бар. Біріншіден, жеткізілген пайдаланылған батареялық циклон секциясынан зертханалық үлгілер алып, бұзылу сипатына кешенді талдау жүргізу қажет. Екіншіден, Болат 3-пен адгезиялық үйлесімділігін ескере отырып, қолданылатын сымдардың құрамын негіздеу маңызды. Үшіншіден, қалыңдығы 150–300 микрометр болатын жұқа жабындарды алу үшін электрдоғалы бүрку параметрлерін оңтайландыру көзделеді. Төртіншіден, алынған жабындардың микрокаттылығын, адгезиялық беріктігін және абразивтік төзімділігін зертханалық жағдайда сынақтан өткіземіз»,- дейді Айым Бауыржанқызы.

Жас ғалымның айтуынша, зерттеудің түпкі мақсаты – жылу энергетикасы нысандарындағы жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартып қана қоймай, өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін технологиялық шешім ұсыну.

Бұл тұрғыдан алғанда, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – жас зерттеушінің жеке жетістігі ғана емес, ғылыми идеяның тәжірибеге жол ашуына берілген маңызды мүмкіндік. Әсіресе биыл байқау аясында «Ғылым» бағытының алғаш рет енгізілуі өңірдегі жас ғалымдардың ізденісіне жаңа серпін беріп отыр.

Шәкәрім университетінде білім алып, ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген Айым Леонидованың жетістігі – университет жастарының ғылымға деген қызығушылығы артып келе жатқанының бір көрінісі. Бүгінде жас зерттеушілер үшін ғылыми ізденіс тек академиялық ортада қалмай, өңір экономикасы мен өндірісінің нақты мәселелерін шешуге бағытталуы маңызды.

Айымның жобасы да осы үрдістің бір мысалы. Ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті энергетика саласына қажетті технологиялық шешім ұсынуға бағытталған зерттеу жас ғалымның кәсіби ізденісінің әлеуетін көрсетеді.

Шәкәрім университеті Айым Бауыржанқызын «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атануымен құттықтайды! Жас зерттеушіге ғылыми ізденісінде табыс, тың жаңалықтар мен толағай жетістіктер тілейміз. Ғылым жолындағы әрбір жаңа қадам өңірдің дамуына, өндірістің жаңғыруына және елдің технологиялық әлеуетінің артуына қызмет етсін!

Жас ғалымның жаңа белесі: Шәкәрім университетінің докторанты «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленді
Жас ғалымның жаңа белесі: Шәкәрім университетінің докторанты «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленді
Жас ғалымның жаңа белесі: Шәкәрім университетінің докторанты «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленді

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру