Мазмұнға өту
Жаңалықтар 16.09.2026 63

Университет пен ботаникалық бақ әріптестігі жалғасуда

Университет пен ботаникалық бақ әріптестігі жалғасуда

Бүгін Шәкәрім университетіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағының бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты Ақжүніс Иманбаеваның жолы түсті. Ғалымның қатысуымен университеттің бас ғимараты ауласына шырша көшеттері отырғызылды.

Бұл сапар – университет пен Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағы арасындағы екі жылға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқан ғылыми-тәжірибелік әріптестіктің кезекті нәтижесі.

Ынтымақтастықтың алғашқы нақты қадамдарының бірі 2025 жылдың сәуір айында жасалған болатын. Сол кезде Ақжүніс Алтайқызы Маңғышлақ ботаникалық бағынан арнайы әкелген өсімдік көшеттерін университет аумағына отырғызған еді. Олардың қатарында биік айлант, үштікенді қарамала (гледичия трехколючковая), қызғылт-сары маклюра, Семенов және Гиннала үйеңкілері, соғды шағаны (ясень согдийский), шығыс биотасы, кәдімгі емен және қара тұт ағашы болды.

Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағы бұған дейін өңірде кездеспеген өсімдік түрлерін жерсіндіру бағытында мол тәжірибе жинақтаған. Бүгінде бақта өсімдіктердің 1500-ден астам түрі жерсіндірілген.

Шәкәрім университетінің аумағында сирек өсімдіктерді өсіруге арналған тәжірибелік алаң қалыптастыру ректор Думан Орынбековтің бастамасы болатын. Бұл бастама университет аумағын көгалдандырумен ғана шектелмейді. Ол – табиғи ортаға бейімделген өсімдіктерді зерттеп, жерсіндіру тәжірибесін жүргізуге, студенттердің экологиялық мәдениетін арттыруға және университет аумағын жасыл желекке бөленген демалыс орнына айналдыруға бағытталған ландшафтық дизайн жобасының бір бөлігі. Жоба елді мекендерді көгалдандыру мен орман қорын арттыруға бағытталған мемлекеттік бастамаларға да өз үлесін қосуды көздейді.

«Шәкәрім университетімен жоғары білім және ғылым саласындағы әріптестігімізді жалғастырып келеміз. Думан Рымғалиұлы Маңғыстауға келген кезде ғылыми бағыттағы жұмыстарымызды университетпен бірлесе жүзеге асыру туралы ұсыныс білдірген болатын. Содан бері бұл бағыттағы жұмыстарымыз жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Былтыр бірнеше ағаш түрінің көшеттерін жеткізген едік. Сонымен қатар, Алтай ботаникалық бағымен де мақсатты бағдарлама аясындағы бірлескен жұмыстарымыз айтуға тұрарлық. Бұл жолы сол Алтай ботаникалық бағында өсірілген шырша көшеттерін алып келдік. Бұл – осы өңірдің ауа райы мен табиғи жағдайына бейімделген өсімдік»,- дейді Ақжүніс Алтайқызы.

Бұған дейін отырғызылған көшеттердің жергілікті климатқа бейімделу ерекшеліктері де тәжірибе барысында зерделенуде.

Осындай тәжірибе арқылы Шәкәрім университеті білім мен ғылым кеңістігін ғана емес, табиғатпен үндес, экологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыруды да көздейді. Бұл – университет аумағын көгалдандырудан басталып, өңірдің табиғи әлеуетін зерттеу мен сақтауға ұласатын ұзақ мерзімді жұмыстың бір бағыты.

Университет пен ботаникалық бақ әріптестігі жалғасуда
Университет пен ботаникалық бақ әріптестігі жалғасуда
Университет пен ботаникалық бақ әріптестігі жалғасуда
Университет пен ботаникалық бақ әріптестігі жалғасуда
Университет пен ботаникалық бақ әріптестігі жалғасуда

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру