Мазмұнға өту
Жаңалықтар 17.09.2026 79

Халықаралық әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Халықаралық әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Шәкәрім университетінде Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының делегациясымен кездесу өтті. Басқосуда екі ел арасындағы білім, ғылым бағытындағы байланыстарды одан әрі дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын кеңейту және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру мәселелері талқыланды.

Делегация құрамында ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю, Бас консулдың жұбайы Ли Цуй, консул-атташелер Ван Шуцзе мен Лю Цзыси болды.

Кездесуге университет басшылығы, осы оқу орнында қытай тілін оқып жатқан студенттер, «Шет және орыс тілдері» кафедрасының оқытушылары қатысты.

Университеттің цифрландыру жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев қонақтарға Шәкәрім университетінің білім беру және ғылыми әлеуеті, халықаралық байланыстары туралы ақпарат беріп, Қытайдың жоғары оқу орындарымен қалыптасқан әріптестіктің негізгі бағыттарына тоқталды.

Бүгінде Қытай Шәкәрім университетінің халықаралық ынтымақтастық бағыттарының бірі саналады. Университеттің Қытайдағы Солтүстік-батыс орман және ауыл шаруашылығы университеті, Ланьчжоу университеті, Цзилинь университеті және Анкан университетімен байланысы жолға қойылған.

Солтүстік-батыс орман және ауыл шаруашылығы университетімен «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Цзилинь ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары университетімен «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Машина жасаудағы цифрлық технологиялар» және «Жасанды интеллектілі информатика» бағыттары бойынша қос дипломды бағдарламаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Академиялық және ғылыми алмасу да әріптестіктің маңызды бөлігіне айналып келеді. 2026 жылы Шәкәрім университетіне Қытайдың жеті ғалымы келіп қайтса, университеттің тоғыз оқытушысы Қытай Халық Республикасына барып, тәжірибе алмасты.

Студенттер мобильділігі бойынша да нақты нәтижелер бар. 2025–2026 оқу жылында Шәкәрім университетінің бес студенті Үрімжідегі Шыңжаң ауыл шаруашылығы университетінде білім алды. Сонымен қатар студенттердің Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беретін гранттық және стипендиялық бағдарламаларға қатысуы артып келеді. Өткен жылы бір студент Цзилинь университетінің оқу стипендиясына ие болса, биыл тағы бір студент осы университеттің грантын жеңіп алды.

Бас консулмен кездесуде қытай тілін оқыту мен тілдік құзыреттілікті дамыту жұмыстары да талқыланды. Оқу орнының «Шет және орыс тілдері» кафедрасында студенттер екінші шет тілі ретінде қытай тілін меңгеруде. Университетте қытай тілінен сабақ беретін ерікті оқытушы Фан Ли Джун жұмыс істейді.

Бұл бағыттағы жұмыстың заңды жалғасы ретінде 2025 жылы Шәкәрім университетінің базасында HSK Test Center ашылды. Орталық жұмысын бастағалы бері 350-ден астам адам қытай тілін меңгеру деңгейін анықтайтын HSK емтиханын тапсырған.

«Қытай – халықаралық ынтымақтастықтағы басты бағыттарымыздың бірі. Білім беру бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми алмасуды кеңейту және қытай тілін оқыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз. Бұл байланыстар студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін жаңа білім, тәжірибе және кәсіби мүмкіндіктерге жол ашады»,- деді Бейімбет Дәрібаев.

Өз кезегінде Бас консул Су Фанцю Шәкәрім университетінің Қытай жоғары оқу орындарымен орнатқан байланысына оң бағасын беріп, бірлескен білім беру бағдарламаларын әрі қарай дамытуға қолдау білдірді.

«Қазақстан мен Қытай – тату көрші ғана емес, стратегиялық әріптестер. Бүгінде екі ел арасындағы байланыс барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Бұл үдерісте білім мен ғылым саласының орны ерекше. Университеттердің өзара байланысы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түседі»- деді Су Фанцю.

Бас консул қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік және академиялық байланыстардың кеңеюі арқасында жаңа мүмкіндіктер қалыптасып отырғанын атап өтті.

«Қытай тілін меңгеру – бүгінгі жастар үшін маңызды мүмкіндік. Тілді білу арқылы сіздер Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық бағдарламаларға қатысып, екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға өз үлестеріңізді қоса аласыздар»,- деді ол студенттерге.

Кездесу соңында студенттер қонақтарға өздерін қызықтырған сауалдарын қытай тілінде қойып, Қытайда білім алу, академиялық алмасу бағдарламаларына қатысу, тіл үйрену және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы сұрақтарына жауап алды.

Халықаралық әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Халықаралық әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Халықаралық әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Халықаралық әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру