Жарты ғасырдан кейінгі жүздесу
Шәкәрім университетінде жүрекке жылу сыйлаған ерекше кездесу өтті. Осыдан 50 жыл бұрын Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын тәмамдаған түлектер қайта қауышып, өздері білім алған білім ордасының төрінде бас қосты.
Кездесу барысында түлектер университет қабырғасындағы қызықты сәттерді еске алып, өмір жолына бағыт берген ұстаздарына тағзым етті.
Әсіресе, филология факультетінде білім алған кездегі өнегелі дәрістер мен рухани орта туралы әсерлі естеліктер айтылды. Түлектер қазақ ғылымы мен руханиятының көрнекті өкілдері – ұлтымыздың айтулы тұлғаларының тәлімін алғандарын ерекше ықыласпен еске алды. Олардың қатарында абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханов, белгілі ұстаз Қинаят Шаяхметов, сондай-ақ қазақ руханиятының көрнекті өкілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің немересі Қуандық Фазылұлы бар.
Кездесу барысында мәдениет қайраткері Құсмілия Нұрқасым сол кезеңдегі білім беру дәстүрі мен ұстаздардың тұлға қалыптастырудағы рөліне тоқталып, сол буынның ғылым мен білімге деген құрметі ерекше болғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәріс тек білім беру емес, дүниетаным қалыптастырудың үлкен мектебі болған.
Тағылымға толы басқосу естеліктермен ғана шектелмей, ұрпақтар сабақтастығының, білімге деген құрметтің және университетке деген адал ықыластың жарқын көрінісіне айналды. Түлектер үшін бұл кездесу өткен күндерді жаңғыртып қана қоймай, алтын ұяға деген сағынышты қайта оятқан ерекше сәт болды.