Жаһандық білімге жол ашқан «Болашақ»
Шәкәрім университеті қабырғасында «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы өкілдерінің қатысуымен мазмұнды ақпараттық сессия өтті. Тағылымды кездесуге университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен зерттеушілер, білім алушылар қатысты.
Іс-шараға «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев және халықаралық ынтымақтастық басқармасының бас менеджері Айнұр Нұрмұхаметова арнайы келіп, қатысушылармен еркін пікір алмасты.
Кездесудің шымылдығын ашқан университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов алғашқы сөз кезегін Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаевқа ұсынды. Ол өз сөзінде бұл кездесудің кездейсоқ ұйымдастырылмағанын, жуырда ғана орталықпен байланыс орнатып, «Болашақ» бағдарламасындағы жаңашылдықтарды өңір жастарына кеңінен таныстыру жөнінде ұсыныс білдірілгенін жеткізді. Ұсыныстың жедел қолдау тауып, орталық өкілдерінің арнайы келуі – бағдарламаның ел жастарына деген айрықша ықыласының көрінісі екенін атап өтті.
Кездесу барысында қонақтар «Болашақ» стипендиясын тағайындау талаптары, үміткерлерді іріктеу қағидалары, мемлекетаралық гранттар мен халықаралық білім беру мүмкіндіктері жайында жан-жақты ақпарат берді. Спикерлердің айтуынша, 1993 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама аясында 14 мыңнан астам қазақстандық әлемнің жетекші оқу орындарында білім алып қайтқан. Үміткерлер арасындағы бәсеке де өте жоғары.
Бағдарламаның басты артықшылығы – үміткерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуінде. Оқу ақысы, жол шығындары, виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Бұл – талапты жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Іс-шара барысында бағдарламаның жаңа бағыттары мен басымдықтары да кеңінен таныстырылды. Ендігі кезекте халықаралық олимпиадаларда өзін дәлелдеген дарынды жастар бакалавриат деңгейі бойынша да «Болашақ» стипендиясына үміткер бола алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект саласы мен атом энергетикасы бағыттарына арнайы квоталардың бөлінуі – уақыт талабына сай жасалған маңызды қадам.
Мамандардың айтуынша, қазақстандық жастар арасында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция және Германия елдеріндегі жетекші университеттерде білім алуға деген қызығушылық жоғары.
Жалпы, халықаралық «Болашақ» стипендиясы – мемлекеттің әрі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан стратегиялық маңызы зор жоба. Оның негізгі мақсаты – елдің адами капиталын дамытуға үлес қосатын, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлау.
Бағдарлама әлемнің үздік университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтып, білім мен тәжірибе алмасуға кең жол ашып отыр. Ең бастысы – түлектердің алған білімін ел игілігіне жаратуына баса мән беріледі. Бүгінде «Болашақ» түлектері экономика, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларындағы ұлттық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді.