ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-МӘДЕНИ КЕЗДЕСУ
2026 жылғы ақпанның 2 күні Шәкәрім университеті ғалымдарының серіктес Сиань Цзяотун университеті (ҚХР) ғалымдарымен Ғылыми кеңес залында онлайн халықаралық ғылыми-мәдени кездесуі өтті.
Шәкәрім университеті тарапынан: Басқарма мүшесі, Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай, Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай, Халықаралық ынтымақтастық орталығының өкілі Диана Нұрғазина, ал Сиань Цзяотун университеті тарапынан: профессор Чэнь Хунбинь және Сиань Цзяотун университеті (ҚХР) Халықаралық ынтымақтастық орталығының өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған, Е.А. Дулатбай:
-Құрметті профессор Чэнь Хунбинь мырза, қадірлі әріптестер! Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік аясында жоғары білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие. Сиань Цзяотун университетімен қалыптасқан әріптестік байланыстарды біз жоғары бағалаймыз және бүгінгі кездесу сол ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтырады деп сенеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзара серіктестікке ашықтық танытып, ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға ниет білдіргендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін,- дей келіп, ол ғылыми-мәдени кездесудің ашылуын жариялады.
Өз сөзінде профессор Чэнь Хунбинь:
-Құрметті, Ерасыл Алтайұлы, қадірлі әріптестер, Сиань Цзяотун университеті әрдайым халықаралық әріптестікке, әсіресе мәдени және ғылыми бағыттағы бастамаларға ашық. Қазақстанмен, оның ішінде Шәкәрім университетімен байланыс, әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мол мұрасын зерттеу бағытындағы ынтымақтастық біз үшін қызықты әрі маңызды. Бүгін ұсынылатын ой-пікірлер болашақта нақты жобаларға ұласатынына сенімдімін,-деп екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдіріп, кездесудің маңыздылығын атап өтті.
Сөз кезегі өзіне тигенде Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Т.Қ. Шаңбай:
-Алдымен, сіздердің университетіңіздің жанынан «Шәкәрім Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығын» ашуға қолдау жасағандарыңызға рахмет айтамын. Сонымен қатар, Сіздерге Шәкәрімнің ғылым мен білім, адамзатқа ортақ адамдық қасиет туралы шығармаларының жинағын, Шәкәрімнің өмірі мен мұрасына арналған кітапты және «Шәкәрім Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы» туралы буклетті қазақ-қытай-ағылшын тілдерінде бірлесіп шығарсақ деген ұсынысым да бар. Сонда Шәкәрімнің тұлғасын тек қазақ ойшылы ретінде емес, жалпыадамзаттық құндылықтарды көтерген ғұлама ойшыл ретінде танытуға жол ашылар еді,- деді. Профессор Чэнь Хунбинь бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
-Ұсыныс өте қызықты. Бұл бағытта жұмыс істеу үшін барлық мәтіндер мен материалдарды бізге жолдасаңыздар дұрыс болады. Алдағы уақытта мазмұндық және академиялық тұрғыда бірлесіп талқылай аламыз,- деді ол.
-Құрметті әріптестер, біз серіктес ретінде ғылымның іргелі салалары бойынша да зерттеулер жүргізу туралы, сіздердің елге барғанда бас қосып ақылдасқанбыз. Онда, экология мәселесі, экономика, іргелі ғылымдар саласы, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, технологиялық жетістіктер, ауыл шаруашылық мәселесіндегі ғылымның орны туралы айтылған еді. Енді, ХХІ ғасырда ғылымда аса өзекті деген мәселелер туралы ойларыңызды ортаға салсаңыздар,- деп Е. Дулатбай ғылыми мәселелерді талқылауға жол ашып берді.
-Бұл бағыттар өте өзекті. Өздеріңіз білетіндей, Қытайдың батыс өңірлері табиғи-климаттық тұрғыда құрғақ аймақтарға жатады. Осыған орай, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласында жүргізілуі мүмкін зерттеулердің бағыттары, қолданылатын технологиялар және аталған жобалардың экономикалық негіздемесі мен қаржыландыру көздері айрықша маңызға ие болып отыр. Құрметті әріптестер, осы бағытта бірлесіп, қандай зерттеулер жүргізе аламыз? Өз ойларымызды ортаға салсақ, соның нәтижесінде, нақтылы жобалар дайындасақ» дегім келеді,- деді Чэнь Хунбинь.
Кездесу қорытындысында тараптар Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға, ғылыми-мәдени ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға және ұсынылған идеялар негізінде алдағы уақытта нақты келіссөздер жүргізіп, ғылыми жобалар дайындауға уағдаласты. Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің білім, ғылым және рухани салада одан әрі тереңдей түсетіні атап өтілді.