Мазмұнға өту
Жаңалықтар 30.09.2026 60

Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат

Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат

Білім беру – қашанда қоғамның дамуы мен ел болашағының негізі. Ал сол білімді ұрпаққа жеткізіп, білікті маман даярлау – үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті және кәсіби шеберлікті талап ететін абыройлы міндет.

1 қазан – ұстаз еңбегіне құрмет көрсетіп, білім беру саласында қызмет етіп жүрген жандарды ұлықтайтын ерекше күн. Осыған орай Шәкәрім университетінде Жоғары білім қызметкерлері және Қарттар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шара басталғанға дейін фойеде университет оркестрі күй орындап, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Салтанатты жиынның шымылдығы музыкалық білім алушыларының орындауындағы хор шығармаларымен түрілді.

Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековке берілді.

«Қазір цифрлық технологиялар дәуірі жоғары білімге де жаңа талаптар қойып отыр. Заманауи университет білім берумен қатар, жаңа идеялар мен ғылыми жаңалықтардың, технология мен инновацияның, жас мамандар мен ғалымдардың тоғысатын ортасы болуы тиіс.

Университетіміздің соңғы жылдардағы даму бағыты мен атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижелері көңіл қуантады. Соның бір айқын дәлелі – кеше ғана белгілі болған халықаралық UI GreenMetric рейтингісі. Биыл Шәкәрім университеті әлемдік рейтингте 526-орынды, ал Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында 6-орынды иеленді. Бұл – тұрақты даму, білім беру ортасын жетілдіру, инфрақұрылымды жаңарту және ғылыми әлеуетті арттыру бағыттарындағы университет ұжымының жүйелі еңбегінің нақты нәтижесі. Бірақ осындай жетістіктер бізге өздігінен келген жоқ. Әр жетістіктің артында – адам тұр. Әр нәтиженің артында – ұстаздың еңбегі тұр. Сондықтан университетіміздің бүгінгі жетістіктеріне қол жеткізуде профессорлық-оқытушылық құрамның, ғалымдарымыздың және барлық қызметкерлеріміздің еңбегі зор екенін ерекше атап өткім келеді»,- деді Думан Рымғалиұлы.

Ректор өз сөзінде мерекенің Қарттар күнімен қатар келуінің де өзіндік мәні бар екенін атап өтіп, университеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан аға буын өкілдеріне ерекше алғысын білдірді.

«Бүгін арамызда талай жыл ұстаздық қызмет атқарып, университетіміздің білім беру жүйесінің қалыптасуына, ғылымының дамуына және талай буын білікті мамандардың тәрбиеленуіне зор үлес қосқан ардагер ұстаздарымыз отыр. Сіздер салған сара жол – бүгінгі университеттің жетістіктерімен жалғасып келеді. Бір кездері сіздер дәріс берген аудиторияларда бүгінде жаңа буын ұстаздар еңбек етіп, жаңа ұрпақ білім алуда. Сіздер бастаған ғылыми ізденістер жалғасып, шәкірттеріңіз өз кезегінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі. Сондықтан аға буынға деген құрмет өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген жауапкершілік деп білемін»,- деді университет ректоры.

Мерекелік жиында білім мен ғылым саласына, университеттің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер марапатталды.

Экономика және қаржы кафедрасының меңгерушісі Айгүл Зейнуллина «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталса, Шет және орыс тілдері кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Түрікпенова «Тіл жанашыры» құрмет дипломына ие болды. Ал аталған кафедраның қауымдастырылған профессоры (доцент) міндетін атқарушы Айжан Аққалиева «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.

Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай, Құрылыс және геодезия кафедрасының меңгерушісі Ілияс Жұмаділов, Химия және биология кафедрасының профессоры Жандос Мұқаев «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар университет қызметкеріне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысы, Абай облысы әкімінің және Абай облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының Алғыс хаты табысталды.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Университет сахнасында Диана Серғазина мен Сара Келдібекова ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Қарагөз» студент-жастар театрының биші қыздары «Ерке сылқым» биін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ Семей қаласының «Сарын» тобы өз өнерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін келтірді.

Мерекелік іс-шара соңында университет ұжымы білім мен ғылым жолында еңбек етіп жүрген әріптестеріне құрмет көрсетіп, аға буынның өнегесін ардақтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айшықтады.

Барша білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіздің жетістігі мол, білім мен ғылым жолындағы ізденістеріңіз нәтижелі болсын!

Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат
Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат
Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат
Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат
Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат
Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру