Жаңалықтар 31.12.2025 619

 Университетіміздің қос ғалымы 2025 жылдың үздік оқытушысы атанды

 Университетіміздің қос ғалымы 2025 жылдың үздік оқытушысы атанды

Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесіндегі ең беделді әрі бәсекесі жоғары байқаулардың бірі – «Жылдың үздік жоғары оқу орны оқытушысы» байқауы өз мәресіне жетті. Биыл бұл мәртебелі атақ еліміздің 37 жоғары оқу орнынан іріктелген 150 үздік оқытушыға табысталды. Сол үздіктердің қатарынан Shakarim University-дің екі бірдей ғалымының көрінуі – біз үшін зор мақтаныш.

Аталған байқауда университет намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен ғалымдар:

Қайрат Серікжанұлы Бекбаев – техника ғылымдарының кандидаты, биоинженерлік жүйелер кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор;

Ербол Аманғазыұлы Оспанов – автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессор.

2025 жыл Қайрат Серікжанұлы Бекбаев үшін ерекше табысты жыл болды. Ол ғылым мен білім саласында бұдан басқа да бірқатар маңызды белестерді бағындырып, университетіміздің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде айқындай түсті. Атап айтқанда, халықаралық ғылыми жобаны жеңіп алды (бұл – университетіміз бойынша жалғыз халықаралық жоба), қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болды және Қазақстан Республикасының мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанды.

Биылғы байқауға еліміздің 89 жоғары оқу орнынан 502 үміткер қатысып, қатаң іріктеуден өтті. Үміткерлерді бағалау барысында электронды білім беру ресурстары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар, патенттер мен ғылыми жетістіктер, оқытушылық қызметтің сапасы, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кадрларын даярлауға қосқан үлес секілді бірқатар маңызды көрсеткіштер назарға алынды.

Бәсі жоғары бұл байқауда Қайрат Бекбаев пен Ербол Оспановтың жеңіске жетуі – университетіміздің ғылыми-педагогикалық әлеуетінің жоғары деңгейде екенінің дәлелі.

Аталған байқау 2005 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Соңғы жылдары байқаудың талаптары айтарлықтай күшейіп, баллдық шегі жоғарылағаны байқалады. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 85 баллды құрап, өткен жылғы (2024 жыл) көрсеткіштен 14 баллға жоғарылады. Бұл 2022 жылғы 45 балл және 2023 жылғы 57 баллмен салыстырғанда, байқаудың жоғары бәсекелестігі мен еліміздегі профессор-оқытушылар құрамының сапалық тұрғыда өскенін айқын көрсетеді.

«Жылдың үздік жоғары оқу орны оқытушысы» атағы иегерлеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңейтуге, кәсіби біліктілігін арттыруға, әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі.

Әріптестерімізді осы зор жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіздерге мықты денсаулық, толағай табыстар, жаңа ғылыми жаңалықтар мен университетіміз бен отандық ғылымның дамуы жолындағы еңбектеріңіздің әрдайым жемісті болуын тілейміз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру