Ұлы даладағы тарихи сабақтастық
Шәкәрім университетінің Ардагерлер кеңесі «Алтын Орда және бүгінгі Қазақстан: тарихи сабақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Халықаралық Қарттар күні қарсаңында Семей қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шара «Ардагерлерге құрмет: Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» онкүндігі аясында өтті. Басқосуға қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, тарихшы-ғалымдар, профессорлық- оқытушылар және білім алушы жастар қатысты.
Іс-шараны техника ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім университеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Құмарбек Әмірханов жүргізді.
Дөңгелек үстелде тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Исин «Алтын Орда» және оның тарихтағы мұрагерлері» тақырыбында баяндама жасап, «Алтын Орда» тарихына қатысты шығыс деректерінің маңызына тоқталды. Ғалымның айтуынша, Алтын Орда құрамындағы аумақтар мен халықтардың тарихы Ұлы дала өркениетімен тығыз байланысты.
XIII–XV ғасырлар аралығында өмір сүрген ірі мемлекеттердің бірі Алтын Орда Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ұлысына негізделіп құрылды. Мемлекеттің негізін Бату хан қалап, оның аумағы Еуразия даласының кең бөлігін қамтыды.
– Орталық дала – Дешті-Қыпшақ Шығыс және Батыс Дешті-Қыпшақ болып бөлінеді. Шығыс Дешті-Қыпшақтың негізгі бөлігі қазіргі Қазақстан аумағына тиесілі. Бұл кезең қазақ халқының этникалық және тарихи қалыптасуында маңызды орын алады. Жошы ұлысының қазақ даласында шаңырақ көтеруі де осы сабақтастықтың маңызды көрінісі. Сондықтан біз өзімізді Алтын Орда мұрагері деуге толық құқымыз бар,- деді Амантай Исин.
Профессор Алтын Орда дәуірін Ұлы дала тарихының ажырамас бөлігі ретінде қарастырып, оның тарихи мұрасын зерделеудің маңызын атап өтті.
Мәдениет саласының ардагері, қоғам қайраткері Құсмілия Нұрқасым Алтын Орда тарихының кеңестік кезеңде зерттелуі мен тарихи санамызда сақталуы туралы ой қозғады.
Оның айтуынша, сол кезеңде Шыңғыс қаған түгілі, Абылай хан сияқты тарихи тұлға туралы оң пікір айтуға мүмкіндік шектеулі болды. Алтын Орда тарихының қазақ санасында қайта жаңғыруында Ілияс Есенберлиннің еңбегін айрықша атап өтті.
– Алтын Орда сәулесін санамызға алғаш түсірген Ілияс Есенберлин болды. 1979 жылы жазушының «Алтын Орда» тарихи роман-трилогиясы қазақ аспанында найзағай болып жарқ ете түсті. Рас, бұл ғылыми зерттеу емес және сөз өткірлігі жоқ, қатаң цензура, тежеу мен қыспақтың кезінде жазылған көркем шығарма еді. Соған қарамастан біз үшін танымдық қана емес, саяси-әлеуметтік те мән-маңызы ерекше болғанын атап өтуіміз керек,- деді Құсмілия Жырғалыұлы.
Сонымен қатар ол Алтын Орда тарихын зерттеуге байланысты кеңестік кезеңдегі идеологиялық шектеулерге тоқталып, оның түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасын зерделеуге әсер еткенін айтты. Соның бірі – БК(б)П Орталық Комитетінің 1944 жылдың 9 тамызында шыққан «Татар партия ұйымындағы бұқаралық-саяси және идеологиялық жұмыстың жай-күйі мен оны жақсарту шаралары туралы» («О состоянии и мерах улучшения массово-политической и идеологической работы в Татарской партийной организации») қаулысы. Онда Алтын Орда тарихын ақтау немесе оң тұрғыдан сипаттау «ұлтшылдық қателік» деп танылып, тыйым салынған.
Бұл құжаттың негізгі мәні мен зардаптары жайлы айтар болсақ, Түркі халықтарына (қазақ, татар, ноғай т.б.) ортақ ерлік жыры - «Едіге батыр» дастанын зерттеуге және жариялауға қатаң тыйым салынды, өйткені Едіге Тоқтамыс ханмен және Алтын Орда тарихымен тікелей байланысты еді.
Бұл қаулы тек Татарстанға ғана емес, бүкіл одақтас республикаларға әсер етті. Осы құжаттан кейін қазақ тарихының атасы Әлкей Марғұлан «Едіге» жырын зерттегені үшін, ал академик Қаныш Сәтбаев «Ер Едіге» эпосын бастырып шығарғаны үшін саяси қудалауға ұшырады. Сондай-ақ, Ермұхан Бекмахановтың Кенесары қозғалысын зерттеген еңбектерінің де репрессияға ілінуіне осы идеологиялық қысым жол ашты.
Сөз соңында қоғам қайраткері бүгінгі таңда Жошы ұлысының тарихын зерттеуге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырғанына тоқталып, «Алтын Орда – талайлы тарихымыз. Бүгінгі күні ол біз үшін мақтаныш, рухани үлгі»- деп түйіндеді.
Басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов те тақырып аясында өз пікірін білдірді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Алтын Орда тарихының қазақ мемлекеттілігі мен ұлттық тарихи санадағы орны жөнінде пікір алмасты. Тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу және оны жас ұрпаққа жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.