Ұлттық нақыш – ұлт мақтанышы
«Digital Nauryz – 2026» жобасы аясындағы «Наурызнама» онкүндігінің аясында «Ұлттық киім» күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ата-баба мұрасын жаңғыртуды мақсат еткен бұл күн Шәкәрім университеті ұжымы үшін тағылымы мол, рухани мәні терең мерекеге айналды.
«Ұлттық киім» күніне арналған челленджді Университет әкімшілігі, Shakarim High School және Студенттік парламент бірлесе ұйымдастырып, барша қатысушыларды ұлттық нақыштағы киім киюге шақырды. Бұл бастама тек сыртқы сән үлгісі ғана емес, ұлт тарихына, мәдениетіне деген құрметтің жарқын көрінісі.
Мерекелік іс-шара барысында университет ректоры Думан Орынбеков жиналған қауымды Ұлыс мерекесі қарсаңындағы «Ұлттық киім» күнімен құттықтап, ұлттық киімнің ұлт болмысын айқындайтын маңызды белгі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Ұлттық киім – халқымыздың өткені мен бүгіні арасындағы алтын көпір, рухани кодымыздың ажырамас бөлігі»- деп, жастарды төл мәдениетті қадірлеуге шақырды.
Іс-шара барысында студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін заманауи стильмен үйлестіре отырып, ерекше сән үлгісін көрсетті. Камзол мен шапан, сәукеле мен тақия, кестелі көйлек пен зерлі шапандар – барлығы да ұлттық рухты асқақтатып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Мереке барысында ұлттық музыка әуені шырқалып, қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен бір-біріне ізгі тілектерін арнады. Бұл күн – өткен мен бүгінді жалғаған, ұлттың айшықты болмысын танытқан жарқын сәттердің бірі болды.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, ұлттық бірегейлік пен рухани сабақтастықтың айқын көрінісін тағы бір мәрте дәлелдеді.