Жаңалықтар 19.12.2025 439

Ұлт рухын ғылыммен ұштастырған еңбек

Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек

Шәкәрім университетінде ұлттық рух пен заманауи ғылымды тоғыстырған маңызды мәдени-ғылыми оқиға өтті. Университет қабырғасында «Жылқы түлігі» атты ғылыми-танымдық кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.

Тағылымды жиынға еліміздің белгілі ғалымдары, ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері – Шәріпбек Әмірбеков, Манарбек Мұхамеджанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Мұхтарбек Қарпықұлы, Құсмілия Жырғалыұлы, Ержан Жаубай және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кітап мазмұны қазақ халқының жылқы түлігіне қатысты танымын жан-жақты қамтиды. «Жылқы – асыл түлік», «Көшпелілер өркениеті және көне түркі мәдениеті мен әдебиетіндегі жылқы бейнесі», «Қазақ тарихындағы жылқының маңызы», «Жылқы шаруашылығы саласы», «Ат спорты», «Ат үстіндегі өнер», «Саятшылық және саяхат», «Жылқы шаруашылығы саласының болашағы» секілді бөлімдерде зоотехния мен иппология ғылымдарының негіздерімен қатар, жылқының қазақ тарихы мен руханиятындағы айрықша орны кеңінен талданады.

Еңбекте саланы дамытудың нақты ғылыми ұсыныстары да қамтылған. Атап айтқанда, Семей қаласында Биоинженерия орталығын ашып, жылқы өнімдеріне қатысты әлемдік деңгейдегі соңғы ғылыми жетістіктерді зерттеу, отандық және шетелдік ғалымдарды тарту мәселесі көтерілген. Сонымен бірге «Жылқы мұражайын» ұйымдастыру, тұқымдық генетиканы терең зерттеу, бие сүті, саумал, қымыз, жылқы жалы мен бие шуының биохимиялық құрамын анықтау, олардан алынатын биологиялық белсенді қоспалардың медицина, фармацевтика және косметология салаларында қолдану мүмкіндігін зерделеу жөнінде құнды пікірлер айтылған. Білім беру саласында зоотехния және иппология мамандарын даярлау, асылдандыру жұмыстарын жандандыру да басты назарда.

Кітап авторлары – жерлесіміз, қоғам қайраткері Айбек Кәрімов пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ғалым Қайрат Исхан. Тұсаукесер барысында Айбек Мүталапханұлы еңбектің әр тарауына жеке-жеке тоқталып, кітаптың негізгі идеясы мен ғылыми-танымдық маңызын тарқатты.

Ал Қайрат Исхан өз сөзінде бұл еңбек көп жылғы ғылыми ізденістердің қорытындысы екенін атап өтті.

– «Бұл кітапта жылқының селекциясы, зоотехниясы, физиологиясы мен анатомиясы ғана емес, қазақтың батырлар жыры, күйі мен әні, тасқа қашалған жылқы бейнелері секілді рухани мұралар да бір арнаға тоғыстырылды. Кітаптың жарық көруіне Шәкәрім университетінің ғалымдары мен басшылығы зор қолдау көрсетті»,- деді ғалым.

Сондай-ақ ол Семей өңіріндегі жылқы шаруашылығының жетістіктеріне тоқталды. 2022 жылы «Бесқарағай» зауыттық типі, ал 2024 жылы Мұғалжар жылқы тұқымының «Ертіс» зауыттық типі апробациядан өткенін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда 4 миллионнан астам жылқы болса, соның басым бөлігі Семей өңірінде өсірілуде. Кітаптың тұсаукесерінің дәл осы Шәкәрім университетінде өтуі де заңдылық. Себебі бұл қарашаңырақта елімізде алғаш жылқы шаруашылығы жөнінде ғылыми диссертация жазған ғалым, ұзақ жылдар ректор әрі кафедра меңгерушісі болған Байдолла Хамзаұлы Садықов еңбек етіп, ғылыми негіз қалаған.

Жиын барысында Байдолла Хамзаұлы Садықовтың атымен арнайы цех ашу жөнінде ұсыныс айтылып, бұл бастама алдағы уақытта Шәкәрім университетінде жүзеге асатын болды. Осы орайда кәсіпкерлер – Асқар Данабаев пен Хабидулла Мукинов аталмыш цехты қажетті құрылғылармен жабдықтауға демеушілік жасайтынын айтып, ғылым мен өндірісті ұштастыратын игі істі қолдайтындарын жеткізді.

Ұлт руханияты мен ғылымды ұштастырған «Жылқы түлігі» кітабы – қазақтың жылқыға қатысты танымын жаңа деңгейге көтеретін, болашақ ғылыми ізденістерге жол ашатын маңызды еңбек.

Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек
Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек
Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек
Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек
Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек
Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек
Ұлт рухын  ғылыммен ұштастырған еңбек

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру