Тарым университетімен ынтымақтастық нығаяды
Шәкәрім университетіне Қытай Халық Республикасының Тарым университетінен делегация арнайы іссапармен келді. Кездесуде екі жоғары оқу орны арасындағы байланыстарын дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу және академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Делегация құрамында Тарым университетінің проректоры Wang Chengtao, Өмір туралы ғылымдар және технологиялар колледжі деканының орынбасары, профессор Xia Zhanfeng, Тағам ғылымдары және инженерия колледжі деканының орынбасары, профессор Xu Qian, Мал шаруашылығы ғылымдары және технологиялар колледжінің профессоры, Шәкәрім университетінің Құрметті профессоры Гүміңгүл Мұхатай (Geminggul Muhatai) болды.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қонақтарды таныстырып, өзінің Тарым университетіне осыдан екі жыл бұрынғы сапары кезінде көтерілген бастамалардың бүгін нақты әріптестік бағыттарға ұласып отырғанын атап өтті.
Ректор Тарым университетінің Такла-Макан шөлінің күрделі табиғи-климаттық жағдайында университет аумағын жасыл оазиске айналдыру тәжірибесінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл тәжірибе Абай облысының аграрлық әлеуетін арттыру және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады.
Кездесуде тараптар мал және жылқы шаруашылығын дамыту, жануарлардың генетикалық ресурстарын сақтау, ет пен сүт өнімдерін терең өңдеу, микроорганизмдерді зерттеу, биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құрғақ климатқа бейімделген агротехнологияларды енгізу бағыттарындағы өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
«Біз бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға, магистранттар мен докторанттарды бірлесіп даярлауға, халықаралық жобаларды іске асыруға және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға мүдделіміз. Бүгінгі кездесуіміз нақты ғылыми жобалар мен бірлескен білім беру бағдарламаларына жол ашып, ұзақ мерзімді әріптестігіміздің маңызды қадамына айналады деп сенемін»,- деді Шәкәрім университетінің ректоры.
Кездесу қорытындысы бойынша Шәкәрім университеті мен Тарым университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі университет арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, білім алушылар мен профессорлық-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыруға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық семинарлар мен басқа да академиялық іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған.
Тарым университетінің негізгі ғылыми-білім беру бағыттарына ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары, агрономия, өсімдік шаруашылығы, өмір туралы ғылымдар және биотехнология, тағам ғылымдары мен инженериясы, мал шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, бау-бақша шаруашылығы, ауыл шаруашылығы инженериясы және су ресурстары жатады. Бұл бағыттардың бірқатары Шәкәрім университетінің ғылыми-зерттеу және білім беру басымдықтарымен өзара сабақтас.
Сапар барысында Тарым университетінің делегациясы Шәкәрім университетінің инфрақұрылымымен танысты. Қонақтар университет зертханаларын аралап, білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарында қолданылатын заманауи жабдықтар мен технологияларды көрді.
Кездесу нәтижесінде тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобалар мен бірлескен бастамалар арқылы жалғастыруға келісті. Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары екі университеттің ғылыми әлеуетін ұштастырып, білім беру, зерттеу және инновация салаларындағы халықаралық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.