Табиғатқа тағзым: халықаралық көрме Семейде өтеді
Шәкәрім университеті қабырғасында Asian Forest Cooperation Organization (AFoCO) (АФОКО) өкілдерімен маңызды кездесу өтті. Басқосуға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылары, сондай-ақ «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – АФОКО-мен бірлескен жоба аясында ұйымдастырылатын «Ash to Art» көрмесінің мазмұны мен өткізілу барысын талқылау. Аталған көрме 2023 жылы Абай облысында орын алған алапат орман өртіне арналады. Қайғылы оқиға 14 адамның өмірін қиып, өңір тарихында қаралы із қалдырғаны белгілі.
Көрменің ашылуы 8 маусым күні Семей қаласында жоспарланып отыр. Бұл күн – ірі орман өрті басталған уақытпен тұспа-тұс келеді. Семейдегі көрме екі аптаға созылмақ. Ал 6 шілде күні елордада, Астана күні қарсаңында, көрменің жалғасы ашылып, үш апта бойы көпшілік назарына ұсынылады.
Табиғатты қорғау тақырыбына арналған көрменің жоспары талқыланған басқосу барысында Семей қаласына арнайы келген АФОКО өкілдері және Корея Республикасының суретшілері: АФОКО жобалық тобының жетекшісі доктор Ли Сонхан (LEE Seonghan), бағдарламалық қызметкер ЧО Юн Джин Анна (JO Yun Jin Anna), суретші Чон Чан-и (JEONG Chang-i) және фотограф Ю Чанхо (YOU Changho) сынды алыстан ат терлетіп келген қонақтар мен АФОКО жобасының кеңесшісі Қайрат Егежанов қонақтар көрме өтетін ықтимал орындарды аралап, жергілікті атқарушы органдарда кездесулер өткізгендерін жеткізді.
Басқосу барысында қатысушылар көрменің мазмұны, форматы, аудиторияны қамту тетіктері жөнінде сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, жастарды экологиялық тәрбиеге баулу, өнер мен ғылымды ұштастыра отырып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
«Ash to Art» – тек көркем туындылар жиынтығы ғана емес. Бұл – климаттық дағдарыс, табиғи апаттар және олардың алдын алу мәселесіне өнер арқылы үн қосатын бастама. Жоба қоғам назарын орман өрттерінің алдын алу, табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне аударуды көздейді.
Бұл бастама – халықаралық ынтымақтастықтың нақты көрінісі ғана емес, өткеннің қасіретін ұмытпай, одан сабақ алуға үндейтін тағылымды жоба. «Ash to Art» көрмесі күлге айналған орманның тағдырын өнер тілімен сөйлетіп, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салмақ.