Мазмұнға өту
Жаңалықтар 01.10.2026 31

Сіздердің тәжірибелеріңіз елге дәл қазір қажет

Сіздердің тәжірибелеріңіз елге дәл қазір қажет

Shakarim University ректоры, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Думан Орынбековтің Халықаралық Қарттар күніне арналған үндеуі

Құрметті аға буын өкілдері!

Ардақты Шәкәрім университетінің ардагерлері,

Семей қаласы мен Абай облысының тұрғындары!

Қазақстан бүгінде дамуының аса маңызды әрі мазмұны терең кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекеттік институттар жаңғырып, экономикалық, қоғамдық және технологиялық ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас жаңа сипат алып, басқаруға, білімге, еңбекке және азаматтық жауапкершілікке қойылатын талап та артып келеді.

Осындай уақытта, Халықаралық қарттар күнінде мен сіздермен дәл осы туралы сөйлесуді маңызды деп санаймын. Өйткені үлкен өзгерістерден өту үшін талай сыннан сүрінбей өткен, қандай кезеңде де қатардан қалмай, елмен бірге алға жүре білген адамдардың тәжірибесі қажет.

Сіздердің араларыңызда күрделі кезеңдерде еңбек еткен, кәсіпорындар мен мектептерді, университеттер мен ауруханаларды қалыптастыруға атсалысқан, Семейдің өркендеуіне, өңіріміздің аудандары мен ауылдарының дамуына үлес қосқан азаматтар аз емес. Сіздер бала тәрбиеледіңіздер, шәкірт өсірдіңіздер, жас мамандарға жол көрсеттіңіздер.

Аға буынның асыл қасиеті неде?

Ол – көп нәрсені қайта бастай білуде, жаңаны меңгеруде, жауапкершілікті өз мойнына алуда, сын сағатта сабыр сақтап, бастаған істі жалғастыра білуде. Бізге осы тәжірибе бүгін де қажет.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпыұлттық құндылықтардың қатарында тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық қағидаттарын айқындады. Бұл ұғымдардың әрқайсысының астарында үлкен өмірлік мән бар. Еңбекке адалдық, сөзге беріктік, айналаңдағы адамдарға құрмет, ел алдындағы парыз және ортақ іске деген жауапкершілік жатыр.

Елімізде қоғамдық диалогтың жаңа жүйесі де қалыптасты. Қазақстан Халық Кеңесі халықтың мүддесін білдіруге, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған конституциялық алаңға айналды. Мен үшін осы жұмысқа қатысу ең алдымен адамдарды есту дегенді білдіреді. Сондықтан бүгінгі әңгіме университет қабырғасымен шектелмейді.

Семей мен Абай облысының дамуында аға буынның орны бөлек. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен елдегі өзгерістерге деген көзқарастарыңыз біз үшін өте құнды. Өңірімізді жақсарту жолындағы ұсыныстарыңыз бен ой-пікірлеріңізді естігіміз келеді.

Семей мен Абай жері ежелден елдің рухани орталықтарының бірі болды. Бұл топырақта қоғамдық ой мен ағартушылық өркендеді, мәдениет қалыптасты, халықтың тағдырына жауапкершілікпен қараудың биік өлшемі орнықты.

Абай мен Шәкәрім, Алаш қайраткерлері елдің болашағын біліммен, әділетпен, адамдық қадір-қасиетпен және халыққа қызмет етумен байланыстыратын үлкен ой дәстүрін қалыптастырды.

Сол сабақтастықты бүгін сіздер жалғастырып келесіздер.

Ұстаздар мен ғалымдар, дәрігерлер мен инженерлер, мәдениет және қоғам қайраткерлері – Абай елінің бірнеше буыны осы өңірдің білімін, кәсібін, мәдениетін, қоғамдық санасын қалыптастыруға еңбек сіңірді. Сондықтан аға буынның пікірі айрықша маңызды.

Өткеннің тәжірибесін бүгінгі күннің талабымен ұштастырып, келешекке қандай мұра аманаттайтынымызды ойлау – әрқайсымыздың мойнымыздағы үлкен жауапкершілік. Осы жолда Shakarim University ардагерлерінің өнегелі пікірі мен ақыл-кеңесі біз үшін әрқашан баға жетпес құндылық

Бүгінде университет халықаралық рейтингтерге еніп, жаңа зертханалар ашып, ғылымды дамытып, шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатып келеді.

Осының бәрінің берік негізін сіздер қаладыңыздар.

Шәкәрім университетінің бүгінгі жетістіктерінің артында бірнеше буын оқытушыларының, ғалымдары мен қызметкерлерінің білімі, еңбегі және университетке, өз кәсібіне деген адалдығы тұр.

Ал Сіздердің тәжірибелеріңіз тек университетте ғана емес, өмірдің кез келген саласында өте маңызды. Қоғамдық өмірге араласып, жастармен ой бөлісу, оларға оқулықтан үйрену мүмкін емес қасиеттерді – еңбекке құрметті, жауапкершілікті, қиындыққа төтеп беруді, бірлесе жұмыс істеуді және бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйретулеріңіз қажет. Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғасады. Бір буынның өмір бойы жинаған тәжірибесі келесі буынның тірегіне осылай айналады.

Қадірлі ардагерлер, құрметті аға буын өкілдері!

Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Балаларыңыз бен немерелеріңіздің, шәкірттеріңіз бен әріптестеріңіздің ортасында абыройларыңыз арта берсін.

Алда сіздердің білімдеріңізді, өмірлік тәжірибелеріңіз бен азаматтық жанашырлықтарыңызды қажет ететін әлі талай игілікті іс болсын.

Халықаралық қарттар күні құтты болсын!

Құрметпен, Думан Орынбеков

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру