Shakarim University ректоры Думан Орынбековтің жаңажылдық құттықтауы
Құрметті білім алушылар, Shakarim University, Shakarim College және Shakarim High School ұжымы!
Қадірлі ата-аналар, серіктестер, әкімшілік өкілдері мен өңір жұртшылығы!
Ортақ еңбегімізге, жауапкершілік пен ізденіске толы тағы бір жыл өз мәресіне жетіп отыр. Жаңа жылдың табалдырығын аттау – күнтізбе парағын жай ғана ауыстыру емес, өткенге байыппен көз жүгіртіп, атқарылған істі ой таразысына салатын, алдағы жолды айқындайтын маңызды кезең.
2025 жыл біздің үлкен ұжымымыз үшін мағыналы еңбекке, ортақ шешімдер мен жауапкершілікке толы болды. Біз мектептен бастап университетке дейінгі біртұтас білім беру кеңістігін жүйелі түрде қалыптастыра алдық. Бұл ортада білім беру ғана емес, ойлау мәдениеті, диалог құру, бірін-бірі тыңдай білу және адамдық құндылықтар басты орын алады.
Алдымыздағы 2026 жылға қалай қадам басатынымыз күнделікті еңбегімізге, өзара сенім мен береке-бірлігімізге тікелей байланысты. Дәл осы қасиеттер ұжымымызды берік етіп, ары қарай дамуымызға септігін тигізеді.
Ортақ іске қосқан үлестеріңіз, төзімділіктеріңіз бен бір мақсат жолында жұмыла білуге әрдайым дайын тұратындарыңыз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін.
Білім алушылар мен оқушыларға – білімге деген құштарлығы мен үздіксіз өсуге ұмтылысы үшін, ата-аналарға – сенім мен қолдауы үшін, әріптестерге – кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін, серіктестер мен мемлекеттік органдарға ынтымақтастық пен қолдауы үшін ризашылығым шексіз.
Жаңа жылда баршаңызға: айқын мақсат, сенім және өзара құрмет сынды қарапайым, бірақ аса қымбат дүниелерді тілегім келеді.
Келе жатқан Жылқы жылы әр шаңыраққа шаттық пен ырыс, бірлік пен береке әкелсін! 2026 жыл жемісті еңбектің, ізгі қарым-қатынастар мен ортақ жетістіктердің жылы болсын.
Жаңа жыл құтты болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков