Семей шежіресі: тұлғалар мен тағылым
3 ақпан күні Семей қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде орталық қалалық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің қызметкерлері 2026 жылғы атаулы күндер тізбесіне арналған «Шежіреге толы туған өлке» атты өлкетану оқуларын өткізді.
Шараға Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Анар Төлеубаева, жазушы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының қызметкері Қуат Қиықбай, тарихшы, музей ісінің маманы, Шәкәрім университеті «Шәкәрімтану ғылыми орталығының» қор сақтаушысы Гүлнұр Төртенова және кітапхана қызметкерлері, сонымен қатар Әлихан Бөкейхан университеті мен Көлік колледжінің студенттері қатысты.
Кітапхана маманы биылғы жылы көптеген көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілетінін айтып, осы тұлғалардың өнегелі қызметін келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шараның маңызына тоқталып, атаулы күндер мен тарихи оқиғаларға қысқаша шолу жасады.
Іс-шара барысында Абай мұражайының қызметкері Қ. Қиықбай «Алаш қайраткерлері» тақырыбында баяндама жасап, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан, есімі сирек аталатын тұлға Әнияр Молдабаевтың өмір жолы мен Алаш қозғалысының белсенді мүшелері Мәннан Тұрғанбаев, Әлімхан Ермеков сынды ұлт зиялыларының ел болашағы жолындағы қайраткерлік қызметіне тоқталды.
Биылғы жылғы атаулы мерейтой иелерінің бірі – жазушы, драматург, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» тақырыбында сөз қозғаған «Шәкәрімтану ғылыми орталығының» қор сақтаушысы Г. Төртенова ғалым Қайым Мұхамедханұлының ұлы Абайдың мол шығармашылық мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуді бүкіл ғұмырының мақсаты деп санағанын және осы жолда аянбай еңбек еткенін әсерлі баяндады.
Сондай-ақ, кітапханашы-библиограф Шәкір Әбеновтің туғанына 125 жыл толуына орай «Шыңғыстаудың бір шыңы» тақырыбында баяндама жасап, халық ақынының қазақ әдебиеті мен ұлттық музыка өнеріне қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Тарихи-өлкетану музейінің қызметкері А. Төлеубаева Бекен Жамақаевтың 95 жылдығына арналған «Қазақ вальсінің королі» атты баяндама жасап, сазгердің мол мұрасы мен көпқырлы таланты жөнінде әсерлі деректер ұсынды.
Іс-шара соңында 2026 жылғы мерейтой иелеріне арналған бейнеролик көрсетіліп, «Семей шежіресі сыр шертеді» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.