Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтауы
Құрметті, Шәкәрім университетінің әйелдер қауымы!
Сіздерді көктем шуағымен ілесе келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемнің алғашқы шуағымен қатар келетін бұл мереке – мейірім мен сұлулықтың, нәзіктік пен парасаттың символына айналған ерекше күн. Өйткені әйел – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, қоғамның рухани өзегі. Ана мейірімі мен әйел жүрегінің жылуы бар жерде өмірдің мәні артып, адамзаттың болашағы нұрлана түседі.
Қазақ халқы ежелден ананы ардақтап, әйел затына айрықша құрмет көрсеткен. Ұлт тарихының әр кезеңінде ел тағдырына ықпал еткен дана аналар мен қайсар қыздар аз болған жоқ. Сол аналарымыздың ақыл мен парасатқа толы, ерлік пен өрліктің желісін үзбеген асқақ рухы бүгінгі қазақ қыздарының бойынан да өше қойған жоқ.
Сіздер білім мен ғылымда, мәдениет пен қоғам өмірінде табысты еңбек етіп, ел дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Әсіресе, Шәкәрім университетінде қызмет етіп жүрген әйелдер қауымының еңбегі айрықша. Сіздер жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік пен парасат дәнін егіп, болашаққа бағыт бересіздер. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, сабырлылықтарыңыз бен мейірімді жүректеріңіз шәкірттеріміздің тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етеді. Білім мен тәрбие арқылы ертеңгі ел болашағын қалыптастырып келе жатқан Сіздерге еңбектеріңіз үшін, күш-жігерлеріңіз үшін, кәсіптеріңізге адалдықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын!
Университетіміздегі әйел-аналар, арулар, бүгінгі мерейлі мереке күні қуаныш пен шаттық, дендеріңізге саулық, толайым бақыт, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Әрдайым жүздеріңізден күлкі кетпей, жүректеріңіз шаттыққа толы болсын! Көктемнің шуақты күндері сіздерге жаңа қуаныштар мен жарқын жетістіктер әкелсін!
Құрметпен,
Думан Орынбеков