Шәкәрім университетіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері
Қазіргі таңда әлемдік білім беру кеңістігі қарқынды цифрлық трансформация кезеңін бастан өткеруде. Әсіресе, жасанды интеллект технологиялары жоғары білім беру жүйесіне терең еніп, оқыту процесін жаңа сапалық деңгейге көтеріп келеді. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық AI-Sana бағдарламасы арқылы білім мен ғылым саласына озық технологияларды жүйелі түрде енгізуді қолға алған болатын.
AI-Sana бағдарламасының басты мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы білім сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті күшейту және заманауи цифрлық орта қалыптастыру. Бұл бастама – тек технологиялық жоба ғана емес, еліміздің интеллектуалдық болашағына бағытталған стратегиялық қадам.
Осы ауқымды бастама аясында Шәкәрім университетінде жақында іске қосылған жасанды интеллект агенті – Shakarim Student AI Advisor. Бұл – студенттердің академиялық жағдайын талдап, олардың оқу процесіндегі ықтимал тәуекелдерін ерте кезеңде анықтауға арналған интеллектуалды цифрлық ассистент.
Жүйенің басты ерекшелігі – ол студенттің үлгерімін ғана бақылап қоймай, оның академиялық траекториясын кешенді түрде сараптайды. Атап айтқанда, AI-ассистент әр пән бойынша академиялық қарыз қаупін, семестр қорытындысындағы GPA төмендеу ықтималдығын, кредит жетіспеушілігі тәуекелін және сабаққа қатыспау салдарының үлгерімге әсерін анықтай алады.
Мәселен, егер студент белгілі бір пән бойынша сабақтарды жиі босатып, тапсырмаларды уақытында орындамаса немесе аралық бақылаулардан төмен нәтиже көрсетсе, жүйе мұны бірден тәуекел факторы ретінде белгілейді. Нәтижесінде студентке түсінікті форматтағы арнайы “светофор” жүйесі ұсынылады: жасыл түс – төмен тәуекелді, сары – орташа тәуекелді, ал қызыл – жоғары тәуекел деңгейін білдіреді.
Ең маңыздысы – жүйе тек қауіп туралы ескертіп қана қоймай, оның нақты себептерін де түсіндіреді. Мысалы: төмен баға, сабақ босату, тапсырмаларды орындау әрекеттерінің аздығы немесе бақылау жұмыстарынан төмен нәтиже көрсету секілді факторлар сараланып беріледі. Сонымен қатар, AI-ассистент студентке нақты әрекет жоспарын ұсынады: оқытушыдан кеңес алу, қосымша тапсырмалар орындау, қайта тапсыру мүмкіндігін пайдалану, жіберілген сабақтарды өтеу немесе оқу қарқынын қалпына келтіру секілді ұсыныстар береді.
Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт – жүйе ешқандай автоматты шешім қабылдамайды және бағалау процесіне араласпайды. AI-ассистенттің міндеті – студентке бағыт-бағдар беру, тәуекелдерді алдын-ала көрсету және уақтылы қолдау ұсыну. Яғни, ол цифрлық кеңесші әрі студенттің оқу барысындағы сенімді көмекшісі қызметін атқарады.
Shakarim Student AI Advisor агенті – университеттің инновациялық білім беру экожүйесін қалыптастыру жолындағы нақты қадамдарының бірі. Мұндай технологиялар студенттердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың жеке оқу траекториясын тиімді басқаруына мүмкіндік береді.
Бүгінде жасанды интеллект тек технологиялық жаңалық емес, білім беру мәдениетін өзгертетін маңызды құралға айналып отыр. Ал Шәкәрім университетінде жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар – жоғары білім беру жүйесінің болашаққа батыл қадам жасап жатқанын көрсетеді.