Шәкәрім университетіндегі «Қысқы мектеп» тәжірибесі
Студенттер қысқы демалысқа шыққан кезеңде, Шәкәрім университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері кәсіби дамуға бағытталған маңызды алаңда — «Қысқы мектеп» аясында бас қосты. 15–16 қаңтар күндері өткен бұл ауқымды курс «Білім берудегі жаңарту: профессорлық-оқытушылық құрамның кәсіби трансформациясы» тақырыбымен ұйымдастырылды.
Қазіргі цифрлық технологиялар дәуірінде білім беру жүйесі үздіксіз өзгеріс пен жаңаруды талап етеді. Осы орайда университет оқытушыларына арналған «Қысқы мектеп» курсы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер мен тиімді тәжірибелерді меңгеруге бағытталды. Екі күнге созылған білім алаңында қатысушылар академиялық ортадағы трансформациялық үдерістерді жан-жақты талдап, кәсіби құзыреттілікті арттыруға мүмкіндік алды.
Университет жанындағы Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының ұйымдастыруымен өткізілген "Қысқы мектептің" бағдарламасы өте ауқымды әрі мазмұнды болды. Public talk форматында өткен «Трансформация жағдайындағы кафедраның рөлі» тақырыбында кафедралардың стратегиялық маңызы мен жаңа міндеттері сөз болды. Ал әдістемелік хабта «Platonus цифрлық білім беру ортасында оқу-әдістемелік кешендерді (УМКД) қалыптастыру, келісу және бекіту» үдерісі жан-жақты түсіндірілді.
Білім беру интенсиві аясында «Бағалаудың ашық жүйесін құру – академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру құралы» тақырыбы көтеріліп, әділ бағалау қағидаттары талқыланды. Сонымен қатар «БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары: идеялардан – өлшенетін нәтижелерге дейін» атты паблик-ток қатысушыларды жаһандық ақпараттарға қанықтыра отырып, Тұрақты даму мақсаттарын университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және басқару қызметіне интеграциялау бойынша практикалық дағдыларды дамытуға бағытталды.
Ғылыми бағыттағы семинарда «Ғылыми беделді қалыптастыру: зерттеуші профилі, дәйексөздер мен Тұрақты даму мақсаттары аясындағы жарияланымдар» мәселелері қозғалып, заманауи академиялық кеңістікте көріну мен ықпал ету жолдары ұсынылды. Ал workshop форматындағы сессияларда Shakarim University-де енгізіліп жатқан интеграцияланған GPA жүйесінің мүмкіндіктері, студенттердің зерттеушілік және әлеуметтік құзыреттерін бағалаудағы маңызы талқыланды.
Сонымен бірге «Оқытушы – университет амбассадоры: білім беру бағдарламаларын ілгерілетудің заманауи стратегиялары» тақырыбындағы практикалық жұмыс қатысушыларға институционалдық имидж қалыптастырудағы оқытушының рөлін терең ұғынуға мүмкіндік берді.
Қысқы мектептің ерекше форматы – «Жанды лаборатория» аясында өткен «Reverse mentoring: диалог арқылы тәжірибені трансформациялау» тақырыбы өзара үйрену мәдениетін қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға бағытталды. Бұл формат жас мамандар мен тәжірибелі оқытушылар арасында ашық диалог орнатып, түрлі көзқарастардың тоғысуына жол ашты.
Жалпы алғанда, «Қысқы мектеп» курсы профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетін арттыруға зор септігін тигізді деген ойдамыз.