Шәкәрім университетінде FIRST халықаралық робототехника бағдарламалары бойынша оқу жиыны басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында Қазақстанды цифрлық технологиялары дамыған мемлекетке айналдыруды ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде атап өткен болатын. Осы стратегиялық міндет аясында елдің білім беру әлеуетін арттыру мақсатында «Қазақстан халқына» Қорының қолдауымен «Батыр боламын» және «USTEM Foundation» қорлары 8-10 қаңтар аралығында Шәкәрім университеті базасында арнайы оқу жиынын ұйымдастырып отыр.
Аталған іс-шара Абай облысы жастарының инженерлік және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған Jasampaz Urpaq жобасы аясында өтіп, робототехника бағыты бойынша білім беретін педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға арналды.
Оқу жиынына Семей қаласы, сондай-ақ Жаңасемей, Мақаншы, Бесқарағай және Аягөз аудандарынан қырықтан астам педагог қатысуда. Үш күнге созылатын оқу барысында қатысушылар Шәкәрім университеті базасында заманауи білім беру әдістемелерімен танысып, өз кәсіби машықтарын жетілдіреді.
Семинар бағдарламасы теориялық дәрістермен қатар, практикалық ойын симуляцияларына негізделген интерактивті уоркшоптар сериясынан тұрады. Бұл формат педагогтердің робототехника саласындағы білімін тереңдетіп қана қоймай, оны оқу үдерісінде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқу жиынының қорытындысы бойынша қатысушылар робототехника бағыты бойынша біліктілігін растайтын арнайы сертификаттармен марапатталады. Аталған бастама өңірде инженерлік білім беруді дамытуға, жас ұрпақтың технологиялық сауаттылығын арттыруға және цифрлық экономика талаптарына сай кадрлар даярлауға бағытталған маңызды қадам.