Шәкәрім есімі – ұрпақ жадында
Бүгін – қазақтың ұлы ойшылы, ақын, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеден өткен күні. Осыдан 95 жыл бұрын, 1931 жылдың 2 қазанында дала данышпаны саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, қапияда қаза тапты. Арада қанша жыл өтсе де, Шәкәрімнің есімі мен рухани мұрасы халық жадынан өшкен жоқ. Керісінше, оның адам, ар, ұждан, білім мен ізгілік туралы ойлары уақыт өткен сайын терең мәнге ие болып келеді.
Ұлы тұлғаны еске алу мақсатында Шәкәрім университетінің ұжымы, оқушылар мен білім алушылар Бас ғимарат ауласындағы ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен Шәкәрім рухына тағзым етті.
Университет ректоры Думан Орынбековтің іссапарда болуына байланысты жиында Аппарат басшысы Мақсат Кәрібаев сөз сөйлеп, Шәкәрім мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
«Шәкәрімнің ойлары адамның өзін тануына, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне және рухани кемелденуіне үндейді. Осы тұрғыдан алғанда, ақын мұрасы білім беру мен тәрбие үдерісінде де айрықша маңызға ие»,- деді Мақсат Серікұлы.
Шәкәрімнің рухани мұрасын зерттеу мен насихаттау бағытында университеттің Шәкәрімтану ғылыми орталығы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Орталықтың қызметі ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеумен ғана шектелмей, оның дүниетанымын, философиялық ойларын, әдеби және мәдени мұрасын жан-жақты зерделеуге бағытталған.
Іс-шара барысында Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай университетте ұлы ойшылдың есімін ұлықтау, рухани мұрасын зерттеу және оны кеңінен насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Солардың бірегейі осыдан бір жыл бұрын Қытайдың Сиань Цзяотун университетінде ашылған «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы деуге болады.
«Шәкәрім қалдырған рухани мұра – бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Өйткені ақын көтерген ар-ұждан, адамдық, әділет, білім мен жауапкершілік мәселелері уақыт өткен сайын жаңа қырынан көрінеді»- дейді Тұрдықұл Қасенұлы.
Іс-шара барысында студенттер ақын өлеңдерін оқып, Шәкәрімнің адамдық пен ар-ұжданды арқау еткен тағылымды ойларын жеткізді.
Осы ретте университетте Шәкәрім музейін жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатқанын айтып өткеніміз орынды. Жаңғырып, жаңа келбетке енетін музей ақынның өмірі мен шығармашылығын заманауи тәсілдер арқылы тереңірек танытатын рухани-ағартушылық кеңістікке айналмақ.
Шәкәрім мұрасы – бүгінгі ұрпаққа ой салып, адамдық жолды айқындауға үндейтін рухани бағдар. Ал оны зерттеу, сақтау және кейінгі буынға жеткізу – Шәкәрім есімін иеленген университеттің ғана емес, барша ұлттың ортақ парызы.